Қазақстанның ашық кітапханасы
138
арасындағы өзгеше айырмашылықтарды бір-бірінен ажырата білу керек. Бұл жерде
олардың біріншісі мен екіншісінің бір-бірімен сәйкес келе қоймауы (немесе сәйкес келе
алмауы) мүмкін. Бәлкім, қоғам үшін өткен өмір туралы тек мифтік аңыз әңгімелер
қолайлы әрі керек-ақ шығар. Өйткені аңыз әңгімелердің ақиқат шындығы туралы
проблеманың тууы тіпті де шарт емес. Ал тарихшы қоғамның тап әлгі мифтік аңыз
әңгімелеріне құмар мүшесі болып табылады және сонымен қатар кәсіби маман ретінде
оның қаншалықты «объективті» және «ақиқат» екендігін тексеруге ұмтылмай тұра
алмайды. Ол әлгі мифті, бәлкім, түгелімен жоққа шығара да қоймас. Бірақ оған өзінің
кейбір түзетулерін, егжей-тегжейлі дәл айқындауды және басқаларды енгізеді. Ақиқат
болмыстың ғылыми көрінісі мен сол ақиқат болмысты әдеттегі үйреншікті қабылдаудың
арасында саңылау болады, тіпті ол саңылаудың кейде едәуір елеулі мөлшерде болуы да
мүмкін. Бірақ олардың арасындағы алшақтықты ойша елестету екіталай нәрсе. Өйткені
олардың екеуі де бір мезгілде пайда болады және бір ғана ортақ мәдениетке тән келеді.
Сайып келгенде, олардың ғылыми сана да, әдеттегі үйреншікті сана да басшылыққа
алатын координаттарының жүйесі ортақ болып келеді. Бұл ретте тарихшылар да өз
қоғамынан тыс қала алмайды.
Тарихты «қайта құру» арқылы оны «ойдан шығару» да орын алады. Ортағасырлық
шежірешілер мен ақындар ертедегі дүниеге серілер мен сеньорларды қаптатып жіберді.
Ертедегі адамдарға сыпайы да сүйкімді сипат пен феодалдық өмір салтын тән етіп
суреттеді. Ал қазіргі тарихшылар сонау алыста қалған заманнан таптарды, олардың өзара
күресін, жеке меншіктің қалай пайда болғанын, дамығанын, өндіргіш күштердің қалай
өсіп-жетілгенін, материализм мен идеализмнің бір-бірімен өзара күресін, «діннің
реакциялық рөлін», тіпті атеизм дегенді де іздеп табады. <...>
Тарихтың тарихқа соншалықты қатыгездікпен қарауы қалай да міндетті нәрсе ме өзі?
Болашаққа байланысты өзінің күш-жігеріне мейлінше сенімді әрі оптимизмге толы белгілі
бір әлеуметтік жүйенің даму генезисі мен гүлдену үдерісі кезеңінде өзін-өзі сынау және
бір нәрсеге күшті шүбәлана қарау орын ала қоймайды, сондай-ақ өзінің тарихты, ондағы
алатын өз орнын ой елегінен өткізе алу қабілетінің күшті екеніне жеткілікті берік сенімі
орнығады. Қара күз күшіне мінген кездегідей болмайды. Сол кезде барып рухани аспаптар
нәзік сезімталдыққа ие болып, бұрынғы мифтерді ой елегінен қайта өткізуге деген
бейімділік пен қабілеттілік арта түседі. Ал ол мифтер бір кезде қоғамның өмірлік
күштерін арттырғанымен де кейінірек тозығы жетіп ескіреді, өзінің күш-қуаты мен
сенімінен айырыла бастайды. Міне, тап осы кезде мифтерді туындатушы емес, қайта
оларды тас-талқан етіп қиратушы тарихшылардың заманы туады.
Бұқаралық сананың дихотомиясы (екі салаға бөлінуі), бір жағынан, «дұрыс мағыналы»,
яғни өткен заманның бейнесін осы заманның бейнесіне жақындатып, ұқсас етіп жасау
(бірақ бұл ретте бәрін де бірдей айнытпастан ұқсату тіпті де міндетті емес, бірақ ондағы
өзіне жақын және түсінікті сипаттарды баса көрсетіп, басқа жақтарына көз жұма қарауға
да болады) және, екінші жағынан, тарихшылардың кәсіби сын тұрғысындағы сана-сезімі
сонымен өте елеулі де, онша үлкен де емес болуы мүмкін. Өйткені мұның өзі қоғамның
нақты мәдениетінің жағдайына, оның қаншалықты өсіп-жетілгендігіне байланысты.
Мұндай дихтомия тарихшылардың жағдайын әдеттегіден тыс оғаш, тіпті кей-кейде,
қасіретті қиын жағдайларға душар етуі де мүмкін. Мысалы, өткен заманның бейнесін
оның қоғамдық санадағы түріне бәрінен де жақын етіп көрсетсе, онда оны ғылымнан
қашықтатып алады. Ал ғылымға жақындата түссе, онда олар қоғамның мақсат-
мүдделерінен қол үздіріп алады. Сөйтіп, тарихшы не онда жоқ, не мұнда жоқ жападан-
жалғыз болып шыға келеді.