Қазақстанның ашық кітапханасы
135
сыртқы өзгерістердің орын алғанына қарамай, өзінің бұрынғы негізінде «жабық» күйінде
қала берді... Бірақ бұл жерде әңгіме ол туралы емес.
Міндет тарихшының тарих тасқынындағы нақты жағдайды жете ұғынуында болатын.
Бұрын мұндай жағдай мейлінше қарапайым түрде суреттеумен баяндалатын. Бақылаушы-
тарихшы өзінің кедергі келтірмейтін және бұрмаламай көрсететін «құралдарының»
көмегімен тарихтың даму үдерісін «сырттан» қарап қана шығатын. Ал ол үдеріс әлгі
«құралдардың» мүлде арғы жағында өтіп жататын. Тарихшы тарихтағы болмыстың
заңдарымен жете қаруланғандықтан да, тап соның көмегімен түпнұсқа материалдардан
«деректер жинастырады» және оларды өткен заманның толық объективті көрінісіне рет-
ретімен орналастырады. Өткен заманның көрінісін шын мәнінде қайта құрудың бір ғана
мүмкіндігі бар болып шығады. Барлық дерлік тарихшылар осы жұмысқа жұмыла кіріседі.
Одан адал да ақ көңілімен адасқандар не¬месе тарихты саналы түрде қасақана
бұрмалаушылар ғана тыс қалады. Тарихтың «деректері» дегеніміз бізге түпнұсқа
материалдардан «берілген» объективті шындық деп саналады. Бұл көзқарасқа қарағанда,
тарихи түпнұсқа материалдар тарихшыны өткен заманмен жалғастыра алатын бірден -бір
әрі өте сенімді байланыс каналы болып табылады. Дәстүрлі сын ережелері дұрыс
сақталған жағдайда ол зерттеушіні сапалы, дұрыс (кейде онша жеткіліксіз) ақпаратпен
қамтамасыз етеді. Қысқасы, қайта құруға жататын өткен заманнан бастап сол қайта
құруды жүзеге асыратын тарихшыға дейінгі ақпараттың бүкіл «жолы» тұп-тура, айқын
және ешқандай үлкен шығындарға душар етпейтін сияқты болып көрінеді. Тарих ғылымы
жаратылыс тану ғылымдарына ұқсас деген пікір қалыптасты. Философтар мен
тарихшылар «мәдениет туралы ғылымдардың» «табиғат туралы ғылымдарға
риккертиандық қарама-қайшылығын теріске шығару үшін қыруар мол күш-жігер
жұмсады, сөйтіп, ғылымның барлық саласындағы гносеологиялық процедуралардың бір
екендігі туралы өздерінің кәміл сенімдерін одан әрі нығайта түспек болды.
Тарихи зерттеуді бұлай түсіну — ең жоғары дәрежедегі немқұрайды тұрпайылық және
аңғал аңқаулық. Бұл жерде ең алдымен сын көтере алмайтын нәрсе — тарихшыны зерттеу
«объектісінен» «тысқары» тұратын танушы субъект деп қана ойлау. Ал іс жүзінде ол,
тарихшы, тарих тасқынының тап ортасында болады. Сондай-ақ оның санасын бүкіл
процедураны зерттеуге байланысты барлық басқа да нәрселер сияқты тарихшы қалың
ортасында өмір сүретін әрі одан құтылып шыға алмайтын әлеуметтік-мәдени жүйе
анықтайды. Олай болса, оның пайдаланатын «құралы» тарихшының зерттеуші ретіндегі
көзқарасын, сондай-ақ тарихты зерттеуіне көмектесетін білімін салыстырмалы сипатта
және бұлыңғыр ете түсетін барлық «кедергілерді» толық көлемінде байқай алады. Ол
«кедергілерді» тарихшыға өзіндік ерекше жағдайдағы ахуал тықпалайды, ал ол тек сол
жағдайда ғана жан-жағына бағыт-бағдар ұстануға қабілетті бола алады. Мұның бәрі де
«кедергілер» емес, әрине (жоюға жататын кедергілер сияқты болып көрінетін нәрселер
әлдебір қимыл-қозғалыссыз және ешқандай сыртқы ықпалдың әсеріне душар болмайтын
нүктелердегі танымның «қатаң объективтігі» туралы бос қиялға нәр беретін ақыл-ойға
тән), қайта әлеуметтік ғылымдар саласындағы адамға тән жалпы танымның кәдімгі табиғи
мүдделілікке қоса көбейтілген болмай қоймайтын шарттары деп саналады. Басқаша
айтқанда, бақылаушы тарихшы коғамды оның «ішкі» жағынан зерттейді. Мұны
біріншіден дейік.
Екіншіден, қоғамды терең тұрғыдан түбегейлі зерттеу табиғатты зерттеуден мүлде өзгеше.
Өйткені мұның алғашқысы, яғни қоғам, ойлай білетін, сезіне алатын тіршілік иелерінен
тұрады. Олар әлдебір «тарих заңдарына» керанау енжарлықпен бағына салмайды, қайта
белсенді әрекетпен өз бастарынан кешіреді әрі оларды өзі де жасап бере алады. Соңғы
термин түсіндіруді қажет етеді. Мен бұл жерде «тарихты жасайтын — халық» деген
жұрттың ығырын шығарған әрі мән-мағынасын жоғалтқан сөз тіркесі туралы емес, қайта