Page 134 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
134
айналысатын тарихшылар, психологтар, лингвисттер мен басқа да бірқатар гуманитарлық
мамандық иелері болды.
Олар өзара түсіністік орнатуға, контекстің көлемін кеңейтуге, сөйтіп, гуманитарлық білім
проблемаларын соның шеңберінде ғана көтеруге және толық түсінуге болатынын айтып,
қыруар күш-жігер жұмсады. Мұның өзі — Францияда бірнеше ұрпақтың тұсында болған
жағдай. Сонау 20-шы жылдардан, осы қозғалыстың идеялық дем беріп, жігерлендірушісі
болған Анри Беррдің кезінен, Блок пен Феврдің ұрпағы кезінен бастап, Бродель, Дюби, Лe
Гофф, Леруа Ладюри ұрпақтары арқылы Жан-Клод Шмиттің және басқалардың келесі
ұрпағына дейін әбден кемеліне жетті. Сөйтіп, гуманитарлардың төрт-бес ұрпағы әуелі
Страсбургте, одан соң Сенаның сол жақ жағалауында ұдайы өзара тығыз байланыста
болды. Ecole des Hautes Etudes en Sciences Sociales тұрпатты мекемелер, «Annales» сияқты
журнал пайда болды. Олардың төңірегіне бір-бірімен пікірлес ғалымдар шоғырланды. Ал
ол ғалымдар өздерінің теориялық көзқарастарын жариялау және насихаттау
мүмкіндіктеріне ие болып қана қойған жоқ, сонымен қатар өздерінің көзқарастарын
жүзеге асыруға бағытталған нақты еңбектерін жариялауға мол мүмкіндік алды. Жанашыр
жолдастың иығына ұдайы сүйену сезімі пайда болды. Әркім өзінің жұмысымен
айналысып жатқан сияқты болғанымен оның бәрі де бір ғана іспен айналысып жатқандай
көрінді — XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі позитивизм рухы шырмап алған
тарихи ғылымды әлдебір қағидатты жаңа ғылымға айналдыруға ұмтылыс жүріп жатты.
Ал біздің басымыз бірікпей-ақ қойды, әлдебір екінші дәрежелі мәселелер жөніндегі айтыс-
тартыстан арыла алмай-ақ қойдық, қайдағы бір жалған проблемаларды ойдан шығарумен
болдық. Ал бұл екі арада ең маңыздысы гуманитарлардың творчестволық жарысы, аса
тығыз өзара байланыс орнату болатын.
Көрсетілген бағыттағы француз тарихшыларының тәжірибесі басқа тұрғыдан алып
қарағанда да үлгі аларлық. Әр ұрпақ өзінің ғылыми жетекшісін (немесе бірнеше
жетекшісін) алға шығарды. Ал ол зерттеу жұмыстарының мейлінше жоғары
стандарттарын белгіледі. Мұның өзі оның әріптестерінің өз кезегінде бұрынғыдан да
жоғары міндеттерді орындауына түрткі болды.
Біздің қазіргі кеңестік кезеңнен кейінгі жағдайларымызда ғылыми дәстүрлердің қайдағы
бір нашар түрлері мұра болып қалып отырғанда ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын
арттыру жөніндегі қамқорлықтың қағидатты түрде зор маңызы бар...
...Менің өзімнің тікелей мүдделі зерттеу жұмыстарымның шеңберінен тыс жалпы
теориялық мәселелерді ойластырумен айналысқан уақытым 60-шы жылдардың соңына
қарай аяқталды. Оның ішкі сипатты себептері де (менің уақытымды медиевистика
тақырыбы барған сайын көбірек ала берді) маған байланысты емес, сыртқы себептері де
болды: «жылымықтан» кейін қайтадан «суық түсе» бастады, менің жазған жұмыстарымды
«Вопросы истории» журналы да, басқа басылымдар да қажет еткенді қойды. Ол ол ма, көп
ұзамай-ақ маған және басқа да құрылымпаздарға (структуралистерге) қарсы «шабуыл»
кеңінен үдей түсті.
Тарихшының жоғарыда аталып өткен даму бағыттары, әрине, жалпы ортақ дамудың мәні
бір әр түрлі жақтары, тарихшы адамның жеке өзінің қайта құрылуы еді. Осындай ауыр да
ұзақ өзгеріс атаулының мән-мағынасын мен қоршаған дүниені және тарихты толық
қамтып көруге мұрша бермеуге арналған көзден тасалап тұратын қалқандардан бірінші
кезекте құтылуда, сөйтіп, «жасырын жабық» жүйені «айдай айқын ашық» жүйеге
айналдыруда деп білемін. Соның өзінде, әрине, «микрожүйенің» (жеке адамның) және
«макрожүйенің» (әлеуметтік топтың) арасындағы сәйкессіздік шиеленісе түсті. Мұның
біріншісі жаңа идеяларға кеңінен ашылып, оны құшақ жая қарсы алды, ал екіншісі барлық