Page 130 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
130
байланыстыруға болатын әлдебір нақты деректерімнің болуы қажет. Міне, мен сонда ғана,
мәселені ой елегінен өткізіп, жан-жақты дайындалғаннан кейін ғана жазу үстеліне барып
отырамын.
Жұмыстың қаншалықты сәтті жүріп беретіні де немесе жүрмей, не тұрып қалатыны да
белгісіз қалпында болады. Мақаланы, оның үстіне, көлемді кітапты басында жоспарлаған
бойда отыра қалып, тез жазып шығу мейлінше қиын, мүмкін емес нәрсе сияқты болып
көрінеді. Көп нәрсені жазу барысында ғана ойластырамын. Творчестволық үдеріс (немесе
оның аса маңызды құрамдас бөлігі) дегеніміз осы болар. Жазу барысындағы
қалыптасатын бағытымның қайда алып барып соқтыратынын өзім де білмей қаламын. Бұл
жақсы ма, әлде жаман ба — ол жағына мән бере қоймаймын. Бірақ солай, тек қана солай
жұмыс істеуге әбден дағдыланып кеткенмін. Мұның бәрі де, сөз жоқ, менің интуитивті
бастаманың маңызды рөлі бар деп ойлауыма байланысты. Мен бұл қасиетті кезек
күттірмейтін зәру проблемаға деген сезімталдықтың бастамасы деп батыл түрде айтқан
болар едім. Өйткені өз қолымдағы дерек көздері материалының сабақтас желілерінің ол
проблемаға тап қай жерде және қашан, қалай алып барып соқтыратынын айқын көрсете
алады. Мен осы қасиетімді жұмыс барысында бірнеше рет тексеріп және бірнеше рет
онды нәтижелер алғаннан кейін ғана өз интуициямның нығая түсетінін байқаймын. Бірақ
оны қалай анықтауға болады?
Бұл жерде түсінігі онша анық емес, оның үстіне жеке өз басыңа байланысты қолдану онша
қолайлы бола бермейтін «талант» деген нәрсені былай қоя тұрып, мен ақыл-ойды,
жұмысқа деген ынталы қызығушылықты, еңбек сүйгіштікті, ең бастысы жаңа идеялар мен
деректерге деген ашықтықты бірінші орынға қояр едім. Өйткені ғылыми интуицияны
құрайтын бөлшектер, оның сан алуан қырлары (бірақ олардың негізгі түйіні, бәлкім,
анықтауға келе бермейтін басқа бір нәрседе жатуы да әбден мүмкін) міне, осылар болып
табылады. Тап осындай ашықтық кезінде, әрине, біреудің көзқарасын удай ащы, адам
түсініп болмайтын тілмен барынша сынап-мінеп қалу үшін емес, қайта оған жете назар
аударып, мән-мағына беру өзінен-өзі белгілі болатындай тұрғыдан қарау, оны адал
ниетпен талдап, пайдалы деген жақтарын іріктеп ала білуге дайын болу, өзге адамның
пікіріне құрметпен қарау, өзіңнің көзқарасыңа жақын және интеллектуалды
«шаруашылығыңда» пайдалануға жарайтындай нәрселерді іздестіру; өзіңнің жасаған
қорытындыларыңды ғылыми жетістіктермен әріптес ғалымдардың қарсы айтқан
пікірлерімен немесе түпнұсқа көздеріндегі деректермен қарама-қайшы келіп қалған
жағдайлар тұрғысынан қайта қарауға әрқашан әзір тұру; ақырында, өзің ашқан ақиқатты
бірден-бір абсолют деп емес, қайта ол ұдайы қозғалыста әрі өзгерісте болады деп түсіну
қажет. Міне, қатып-семіп қалған кез келген догматизм тарихшы пікірінің осындай
ашықтығы жағдайында быт-шыты шыға қирайды».
Тозығы жеткен дәстүр мен санаға сіңіп қалған берік кертартпа көзқарастың тұтасқан
қалың қабатын жарып өтіп, дүниеге басқаша тұрғыдан қараудың қажетті шарттары, міне,
осындай деп ойладым. Мен қазір де, содан бері ширек ғасыр өткеннен кейін де, тап осы
пікірімде қалып келемін. Бірақ мына бір жағдайды да қосымша айта кеткім келеді. Өз
жұмысыңа логикалық талдау жасау мен оны ақыл-парасат тұрғысынан ой елегінен өткізу
әлі жеткіліксіз. Тарихшының жұмысындағы түбегейлі өзгерісті қамтамасыз ететін нәрсе -
оның мінез-құлқы. Мен өзімді конъюнктура тұрғысынан айтылмаған, бірақ істің шын
мәніне тікелей қатысы бар қарсы пікірлерді қабылдауға бейімі жоқ, мейлінше қасарысқан
қыңыр адаммын деп айта алмаймын. Мұнан да зорын айтайын: өзімнің өткір әзіл-
оспақтарым — ең алдымен өзіме қатысы бар нәрселер. Қайдағы бір іріп-шіріген жексұрын
ымыра жасасуға, азапты ауыр еңбегіммен қолым жеткен құндылықтарымнан өз еркіммен
бас тартуға ешқашан принципсіздікке дейін баратын солқылдақтыққа бара алмаймын.
Алайда айнала төңірегімдегі адамдардың арасынан әділетсіздік танытқан жандарды көп