Қазақстанның ашық кітапханасы
125
Бірақ неғұрлым ақылды дана тарихшылар ақырында мынадай жағдайды байқады: өмірде
дәл мағынасындағы тарихи таным ғана емес, сонымен катар археология да, этнология да
(немесе соңғы кезде Батыста антропология деп аталып жүр), бірқатар өзге ғылыми пәндер
де бар болып шықты. Сөйтіп, олар мәселеге пәнаралық тұрғыдан қарауға көше бастады.
Мұның өзі бертін келе әлдебір сиқырлы сыры бар нәрсеге айналды да, бұған дейін бір
орында табандап тұрып қалған өте қиын жағдайдан жұлқына шығып кету мүмкіндігі
туды.
XIX ғасырда және әсіресе XX ғасырда — отаршыл империялардың қатары ыдырап, құлай
бастаған кезден бері қарай — этнография ерекше дамыды. Алғашқыда оның зерттейтін
пәні «артта қалған» халықтардың (ол кезде олар осылай аталатын) тұрмыс-тіршілігі мен
мінез-құлқын қарапайым бақылау ғана болды. Бірақ кейіннен ол жоғары мәртебеге қол
жеткізіп, антропологияға, яғни ежелгі ескі қоғамдардың ішкі құрылымдарын ашып
көрсетуге, олардың қалай жұмыс істегенін қамтамасыз еткен психологиялық және
әлеуметтік механизмдерді ашып беруге, сондай-ақ олардың қызмет түрлерінің қазіргі
еуропалық қоғамдардағы қызмет түрлерімен салыстырғандағы ерекшеліктерін айқындауға
тырысқан ғылымға айналды.
Леви-Стросстың және басқа да этнологтардың іліміне сәйкес қарастыратын болсақ, сол
ежелгі ескі қоғамдардың және Еуропа мен Солтүстік Американың қазіргі қоғамдарының
арасындағы басты айырмашылықтардың бірі олардың соңғысының «ыстық» қоғамдар, ал
ежелгі ескі коғамдардың «суық» қоғамдар болуында көрінеді. Бұл дихотомияның (екіге
бөлудің) қаншалықты негізінің бар екені басқа мәселе. Бұл жерде оны қарастырып
жатудың қажеті жоқ. «Ыстық» қоғамдағы адамдар қазір өздерінің белгілі бір тарих кезінде
өмір сүріп отырғандарын және бұдан бұрынғы кездерде барлық уақытта бірдей тап
қазіргідей болмағандарын, ал алдағы кездерде де қазіргісінен басқаша болатынын жақсы
біледі. Өйткені әлгі қоғамдар ұдайы өзгеріп отырады, тарихи дамудың үдеріс қарқынына
қарай адамдар тарихтағы қозғалысты жете сезіне алады, векторлық бағыттағы
қозғалыстың бар екенін айқын аңғарады. Ал «суық» қоғамдар этнологтардың зерттейтін
тақырыбы болып табылады. Ол қоғамдар өте баяу дамиды, ескі өмірден тістеніп
айырылғысы келмейтіні сонша, тіпті олардың әлеуметтік, психологиялық, мәдени
негіздері керітартпа сипатта болады, ондай қоғам мүшелерінің санасында өткен замандағы
бір ғана бастауға мәңгілік қайта оралу туралы, өте жай қимылдайтын сылбырлық туралы,
ал қазіргі тайпалардың немесе тайпалар одағының жағдайы шамамен алғанда сол баяғы
адамдар жаратылған кездегісінен өзгере қоймағаны туралы ойлардың үстемдігінен тіпті
арыла алмайды. Ол қоғамдар тарихты субъективті түрде емес, объективті түрде
бастарынан кешіреді деп біледі.
Бір жағынан, антропологиядағы немесе этнологиядағы, ал, екінші жағынан, еуропалық
материалдарды зерттеуге негізделген тарихи еңбектердегі жұмыс жүргізу әдістерінің,
дерек көздеріне талдау жасау тәсілдерінің әр түрлі болып келетіні әбден табиғи нәрсе.
Антрополог әдетте тірі адамдармен істес болады, олардың арасында етене қарым-
қатынаста бола жүріп, жұмыс істейді, олардың тілін үйренеді, далалық жерлердегі зерттеу
жұмыстарын жүргізеді, сол бір әлеуметтік және адами құрылымдарға батыл еніп, сол
адамдардың дүниетанымының жүйесін, құндылықтарының жүйесін, өмірдегі дағдылы
әдет-ғұрыптарының жүйесін ішкі жағынан алып талдайды, сол кездегі дүниенің көрініс
бейнесін қайтадан қалпына келтіріп, көз алдымызға елестетуге тырысады. Ал
тарихшының иелігінде тек мәтіндер, археологиялық қазба материалдар мен басқа да
заттардың қалдықтары ғана бар. Ол осыларға талдау жасау көмегімен әлгі адамдардың
қалай өмір сүргенін, олардың дүниені қалай түсінгенін, табиғатқа қалай қарағанын, бір-
бірімен қандай қарым-қатынаста болғанын, о дүниелік күштер туралы тағы басқа да
жәйттер жөнінде не ойлап, не істегенін белгілі бір дәрежеде түсініп білуге тырыса алады.