Қазақстанның ашық кітапханасы
121
жағымды да оңды роль атқарды. Бірақ ол Марксті, әсіресе Ленинді «жаңадан қайта
оқуды» жақтаушылардың бірі еді. Сондықтан да ол марксизмді дұрыс түсіну Лениннің
идеяларын және ленинизмнің берген тәжірибесін мұқият ескерген жағдайда ғана мүмкін
болады деп білді. Сөйтіп, Михаил Яковлевич өмірінің соңғы күндеріне дейін ленинизмге
кәміл сенген лениншіл болды, Владимир Ильичтің идеяларына өле-өлгенше барынша адал
еді, одан бас тартуды ойына да ала алмады. Психологиялық тұрғыдан алғанда бұл әбден
түсінікті жағдай болатын. Бұл ретте менің төрелік айтар ретім де жоқ. Ондай адамдар аз
емес еді. Ал біздің жүретін жолымыз олардан мүлде бөлек болып шықты.
***
XX ғасырдың бірінші жартысында позитивизм өзінің ұстанған бағытының басым
көпшілігін әлі де сақтап қалған еді. (Оны ақыл-ой дамуының артта қалған, өзіміз толық
жүріп өткен кезең деп санау қазір де ағаттық болар еді). Позитивизм дерек көздерінде
тарихи ақиқаттың үзінді қалдықтары бар деп пайымдайды. Тарихшы алуан түрлі дерек
көздерін неғұрлым көбірек игерсе, оның көз алдында тарихи ақиқаттың үзінді қалдықтары
соншалықты мол шоғырланады. Сондықтан да олардың басын біріктіруге, себеп-салдарлы
қатарларды, түсініктер тізбегін құрастырып, ұйымдастыруға сеніммен асыға түседі және,
сайып келгенде, тарихи дамудың заңдарын дұрыс түсінуге бірте-бірте жақындай береді.
Позитивист-тарихшы дерек көздерін тынымсыз іздестірумен болады, оларды
жинастырып, талдауға кіріседі, жеке мәселелерден бірте-бірте неғұрлым жалпы ортақ
мәселелерді талқылауға көшеді, қорытындылар жасайды, ақыр аяғында заңдарды
анықтаудың биігіне көтеріледі. Ол заңдардың марксизмнің айтып жүргеніндей болып
шығуы тіпті де міндетті емес. Бірақ ол заңдарды жаратылыс тану және дәлме-дәл
ғылымдар зерттейтін табиғат заңдары сияқты талассыз айқын нәрсе деп пайымдауға әбден
болады.
Солай бола тұрса да батыстық ақыл-ой тарапынан XX ғасырдың алғашқы үштен бір
бөлігінде-ақ тарихи зерттеудің мүлде басқаша әдістемелік қағидаттары ұсынылды.
Неокантшылдық эпистемология идеялары қалыптасты және бекем орынға түсті. Ауыр
салмақтың орталығы онтологиядан гносеологияға қарай ауысты. Ендігі жерде XIX
ғасырдағымен, яғни позитивизм үстемдік еткен ғасырдағымен салыстырғанда
тарихшылардың алдына жаңа мәселені шешу міндеті тұрды — тарихты танып-білудің
мүмкіндіктері қандай, адамдардың басындағы эпистемологиялық түсінік құралы қандай
және оны қалай пайдалануға болады деген сұрақтарға жауап іздеу қажет болды.
Виндельбандтың, Риккерттің және әсіресе М.Вебердің еңбектерінде нақты өмір шындығы
деп аталатын нәрсеге біздің тікелей қол жеткізе алмайтынымыз айқын атап көрсетілген
еді. Олай болатын себебі ол шындықтың атам заманда өтіп кеткендігінде, ал қазір мүлде
жоқ екендігінде ғана емес, сонымен қатар олардың қолымызға түскен дерек көздеріндегі
іздердің тозып, адам танымастай болып өшіп кеткендігінде, дерек көздерінде мөлдіреген
айқындықтың жоқтығында, оны мұқият талдап шешіп, түсіндіре білудің қажеттігінде еді.
Ал оны мұқият талдап шешу, өткен замандарда болып өткен оқиғаларға дерек көздері
арқылы терең бойлап ену, біздің тарихшылардың қолдарындағы түсінік аппаратына,
таным құралдарына егжей-тегжейлі терең талдау жасай алған кезімізде ғана мүмкін
болмақ.
Макс Вебер аса манызды таным құралы ретінде «ең жоғары тұрпат» туралы ілім ұсынды.
Оны қоғамдық-экономикалық формациялар туралы маркстік іліммен салыстырып көрейік.
Марксист-тарихшыға түсінік схемасының нобайы тәжірибеден тыс, априорлы түрде
алдын ала, тіпті ол материалды зерттеуге кірісуден бұрын берілді. Сондықтан да ол әлгі
нобайдың түрін өзгертумен, нақтылай түсумен, әлдеқайда байытумен ғана айналысады.