Қазақстанның ашық кітапханасы
117
Алайда бүгінгі таңда Маркс пен Энгельстің еңбектерінде баяндалатын шын мәніндегі
марксизм сол қалпында сөзсіз қабылдана қоюы екіталай. XIX ғасырдың орта шенінде
шынайы өмір шындығына сай келетін сияқты болып көрінгені әбден мүмкін қоғамдық-
экономикалық формациялар туралы ілім де, жалпы алғандағы бүкіл тарих философиясы
да, базис пен қондырма туралы теория да, өндірістің жана тәсіліне көшу жеңімпаз
пролетарлық революция табысты өткізілуі барысында ғана жүзеге асырыла алады деген
идея да, пролетариаттың үздіксіз қайыршылана беретіні жөніндегі теория да, яғни осы
тұжырымдамалардың барлығы да қазірдің өзінде-ақ байсалды байыппен қарастырыла
алмайды. Бұлардың мүлде іске алғысыз, дәлелді негізі жоқ екенін теориялық ақыл-ой ғана
дәлелдеп берген жоқ, сонымен қатар өмірдің өзі де айқын көрсетті.
Ал Марксті «жаңаша оқуға» бағдар берудің қажеті жоқ деп пайымдаған екінші бағытты
ұстанған зерттеушілердің қатары әлдеқайда аз болды. Олар маркстік-лениндік мұраның
қысымынан құтылған жаңа теориялық қағидаларды қалыптастырып, тұжырымдауға
тырысып көру керек, олардың философияға да, психологияға да, ең алдымен, өзіміз сөз
етіп отырғанымыз тарих болғандықтан да, тарихи ақыл-ойға да қатысты болуы қажет деп
санады. Ол үшін тарихи үдерістің барысын зерттеуді алдын ала көздеген мақсатқа сай әрі
неғұрлым емін-еркін жаңаша жүргізу, есеп жүргізудің басқаша бастапқы нүктелерін
тандап алу керек деп білді. Ал мұның өзі, әрине, Марксті емес, қайта Макс Веберді,
Трёльчті, Риккертті және басқа да көптеген ойшылдарды, басым көпшілігінде жаңа,
кантшылдық сипаттағы, орасан зор теориялық жұмыстар атқарған ойшылдарды оқу болар
еді.
Марксизмді ақтап алуды және нағыз Марксті оның шын мәніндегі ең алғашқы таза әрі бай
қазынасымен қоса қатарға қайтарып алуды емес, қайта тарихи үдерісті жаңаша түсінуді,
ал соның өзінде ең алдымен тарихи таным тәсілдерін түсінуді, әдістемені, гносеологияны,
эпистемологияны жаңаша жасауды көздейтін екінші бағыт-бағдардың болашағы
неғұрлым зор және елеулі де байсалды сияқты көрінді. Осы бағыттағылардың біреуі мына
менің өзім болатынмын. Асығуға тура келді. Алайда асығыстықтың жарға жығып кетуі,
жеткілікті дәлелденбеген ұшқары пікірлер айтуға алып барып соқтыруы мүмкін еді. Бірақ
бәрібір асығуға тура келді. Өйткені бізде «жылымық кезең» шын мәнінде келді және ол
ұзақ мерзімге созылады, сондай-ақ өткен заман әлдебір жаңа жамылғыны бетке ұстап
қайта оралмайды деген берік сенім жоқ еді. Жаңа жағдайға әлі де он жылдай үйрене
тұрамыз, жаңа ойларымызды содан кейін айта жатармыз деп пайымдауымыздың реті
келмейтін. Біз өзімізге соншалықты уақыт беріле қоятыны мүмкін бола қояр ма екен деп
күмәнданып жүрдік, тіпті ондай уақыт берілмейді деп ойладық та, өз ойларымызды
асығыс айтып үлгеруге тырыстық. Өйткені реакцияның қара бұлты аспанды қайта қаптай
қалған жағдайда оған дейін жасап үлгерген нәрсеміз сақталып қалады ғой: қаламмен
жазылған нәрсе қанша балталағанмен өшпейді.
Мен теоретик те емеспін, философ та емеспін. Мені қызықтырған нәрсе таза күйіндегі
тарихи-философиялық проблемалар емес, қайта тарихи үдерістің барысын неғұрлым
терең түсінуге мүмкіндік бере алатын күшті дамыған әдістемелік ақыл-ой. Түпнұсқа
деректердің алдына қандай жаңа мәселелерді қоюға болады, бұған дейін қоғамдық-
экономикалық формациялар мен өндіріс тәсілдері туралы ілім күшпен тықпалаған
нәрседен өзге, өткен заманның неғұрлым объективті көріністерін көз алдымызға дұрыс
келтіре алатын нәрселерді алуымыз үшін зерттеу жұмыстарында түпнұсқа дерек
көздерінің қандай түрлерін қолданысқа қосуымыз қажет екенін біздің жақсы білуіміз
керек.
Философтардың «нәр ететін наны» жеке дара алынған ерекше нәрселер емес, қайта тарихи
үдерістің барысын зерттеуден тыс әдістемелік проблемалар болып табылады. Оларды