Қазақстанның ашық кітапханасы
115
«Жылымық» жылдары кезінде жалпы жағдай едәуір өзгере бастады. Цензура
жойылмағанымен де, идеологиялық аппарат өзін жартылай сал болған адамдай сезінді,
зәресі ұшып, қорқа бастады. Не үшін «ұстап қалу» мен не үшін «жібермеу», нені жіберу
керектігі жөнінде айқын нұсқау болмады. Сондықтан да баспасөз бетіне Орталық
Комитеттің Ғылыми бөлімінің көзқарасы бойынша жіберілмеуі тиіс деп саналатын
нәрселер бұрынғыға қарағанда әлдеқайда мол мөлшерде етіп кетіп жүрді. Бәлкім,
кабинеттерде, әлдебір тар көлемді кеңестерде бастықтар мен оларға бағынышты
қызметкерлер бұл проблеманы талқылаған да, көп жағдайда өз орындарында болмай,
жеңіл-желпі ұшқалақ ойлауға жол берген қызметкерлерге ашу шақыра ұрысқан да болар.
Солай бола тұрса да, едәуір емін-еркін жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
Бірақ біз белгілі бір қатып-семіп және біржола бекітіп берілген идеологиялық және
тарихи-философиялық схемалардың жүйесі бойынша жұмыс істеуге қашаннан
дағдыланып қалған болатынбыз. Жалпы ортақ теорияларды, тарихи үдерістердің
жалпылама түсінігін біз жасамайтынбыз. Олар бізге аспаннан, жоғарыдан, идеологтар мен
бәрін де бас шұлғи мақұлдауға машықтанған философтар тарапынан төмен қарай
түсірілетін. Ал біз марксизм-ленинзмнің бұйыра ұсынатын жалпылама тарихи
заңдылықтарының нақты көріністерін бейнелеуге тиісті нақты тақырыптарды зерттеп,
дайындап берумен ғана айналысып келдік.
Тарихшы-марксист белгілі бір нақты формация туралы ілімді егжей-тегжейлі айқындап,
дәлелдеп беруге, сондай-ақ, ең бастысы, оны нақты материалдармен суреттеп беруге, оны
теория тудырған ақылға қонымсыз жүйемен тұтастыра үйлестіруге тиіс болды. Мұндай
жағдайда өзіндік ерекшелігі бар бақылаулардың да, дерек көздері саласындағы деректерді
өзінше түсіндірудегі ұсақ-түйек жаңалықтардың да орын алуы әбден мүмкін еді. Бірақ
оларды қалай түсіндірудің схемасы тарихшыға берілетін немесе, дәлірек айтқанда, оған
күшпен таңылатын. Сөйтіп, ол өзінің бақылау жұмыстарын және одан жасайтын
қорытындыларын, әлгі схеманы бұлжытпай басшылыққа алуға тиіс болатын. Оның ақыл-
ойы жаңа білім көздерін ашудан гөрі «бәрінен де күшті, жеңімпаз ілімнің» дұрыс
екендігіне жаңа дәлелдер іздеп табуға бағытталды.
Алайда кей-кейде бұл жолда қиындықтар пайда болып отырды. Бұған бір ғана мысал
келтірейін. Сол кезеңде «өндірістің азиялық тәсілі» деп аталатын мәселе бойынша пікір
таласы қайта жанданды және кейін де жалғаса түсті. Бұл ретте марксистік қағидалармен
неғұрлым кемірек қаруланған және өз еріктері өздеріне берілген тарихшылар өздерінің
теориялық тұрғыдан дәрменсіз екендігін айқын көрсетті. Кезінде өз кезегінде Маркс те
құл иеленуші қоғам феодалдық коғам, капиталистік коғам деп шектен тыс еркіндікке жол
берген еді - бұл жерде әр тараудың өзі-ақ меншік сипатының қандай екенін, адамдардың
меншік иелеріне қаншалықты дәрежеде тәуелді болғанын көрсетіп тұр. Ал «өндірістің
азиялық тәсілі» деген термин ондай ешнәрсені білдірмейді, өндірістің тек Азия
құрылығында ғана орын алғанын көрсетеді. Алайда өндірістің тап осындай «азиялық
тәсілінің» тек Азияда ғана емес, сонымен катар Латын Америкасында да, Африкада да —
тағы басқа қай жерлерде екенін бір Құдайдың өзі білсін — бар екені айқындалды. Сонда
мұның өзі қалай екенін Маркс ешқашан және еш жерде түсіндірген емес, шамасы, оны
түсіндіріп жатуды қажет деп таппаған да болуы керек. Сонда — біз «бес мүшелік» деп
атап кеткен алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленуші қоғам, феодалдық қоғам,
капиталистік коғам, социалистік қоғам жүйесінің Прокруст төсегіне сай келмейтін
материалдарды не істеу керек екендігі мүлде белгісіз, түсініксіз болып қалады. Олай
болса, «өндірістің азиялық тәсілі» туралы пікір таласынан ешқандай нәтиже шықпайтыны
да белгілі еді. Материалға схоластикалық тұрғыдан келудің барынша айқын мысалы, міне,
осыдан көрінді.