Қазақстанның ашық кітапханасы
111
соншалықты шексіз алыс және бүгінгі тандағы үстем идеологиямызға одан қауіп-қатер
жоқ сияқты көрінетін. Солай бола тұрса да ол әдебиеттер қатаң бақылауда болатын
«тұтқынға алынып», үлкен кітапханалардың арнаулы құпия орындарындағы бөлімдерде
ғана сақталатын. Әрине, ондай орындарға кіру үшін әркім өзінің қызмет істеп жүрген
орнынан ресми түрде қатынас қағазын табыс етуі тиіс болатын. Бірақ оның өзіне де
белгілі дәрежеде шектеу қойылатын.
Шетелдік әріптес ғалымдармен жеке дара байланыс орнату деген атымен дерлік жоқ еді.
Бізге шетелдік ғалымдар өте сирек келіп тұратын, ал келе қалған күнде олармен емін-
еркін сөйлесу, пікір алысу өте қиынға соғатын: өйткені тиісті орган өкілінің құпия түрде
қыр соңымыздан қалмай аңдитынын білетінбіз. Онсыз шетелдік әріптестерімізбен тілдесу
мүмкін болмайтын.
Біз өзімізді үлкейтіп көрсететін әлдебір шынының астында жүргендей сезінетінбіз. Бірақ
соның өзінде де жағдайға бейімделіп, шетелдік әріптестерімізбен кездескіміз келгенде әр
түрлі тәсілдерді іздеп табуға тырысатынбыз. Егер мен шетелдік тарихшыны өз үйіме
қонаққа шақыратын болсам, — ал мен оларды жиі қонақ ететінмін, — онда біздің сөзімізді
жасырын жолмен тыңдауға тиісті адамдардың жұмысын шектен тыс көбейтіп, ауырлатып
жібермес үшін үйдегі телефонды тіпті басқа бөлмеге алып барып қоятынбыз немесе оның
цифрларды теруге арналған айналмалы дөңгелек дискасына қарындаш тығып, аппаратты
іске қосылмайтын ететінбіз. Барынша сақтық жасауға, неше түрлі қулық істеуге тура
келді. Ал мұның бәрі де өмір сүруді едәуір уландырғаны өзінен-өзі белгілі нәрсе. Солай
бола тұрса да ведомстволық бақылаудан тыс, қазымырлық қадағалау сипаты бар
әрекеттерден аулақ байланыстар бәрібір орын алып тұрды. Бірақ ондай байланыстар,
жекелеген тарихшылар туралы сөз етпейтін болсақ, тым интенсивті, қарқынды бола
қойған жоқ. Ғылыми тұрғыдан пікір алысудың осы сөздің қалыпты түсінігіне сай келетін
кездесулер де өткізілмеді.
Халықаралық ғылыми конференцияларға біздегі гуманитарлық білім саласының
саусақпен санап аларлықтай аз ғана өкілдері барып жүрді. Әрине, олар ерекше белгілеріне
қарай іріктеп алынатын. Ал олардың сол белгілері, оп-оңай түсінуге болатын себептерге
байланысты, маңыздылықтың белгілерімен көп жағдайда сәйкес болмай жатты. Оның
үстіне, кеңестік тарихи ғылымның өкілдері де, Батыстағы шетелдерде жүргенде де өздерін
барлық уақытта бірдей қауіпсіз сезіне алған жоқ. Олар қайда барса да ұдайы құпия
қадағалаудың астында болды. Кез келген мамандық иелері екеніне қарамай, әрбір кеңестік
ғалымдар делегациясының мүшелері өздерінің арасында әркімнің идеологиялық
ұстамдылығы мен саяси қырағылық мінез-құлқы болуына жеке басымен жауап беретін
«басшы» ғана емес, сонымен қатар «мархабатты тақсырдың көзі әрі құлағы» болып
табылатын жандардың да бар екендігіне ешқандай күмәнданбайтын. Бұлар біздің
ғалымдарымыздың әрбір басқан ізін андып жүретін, шетелдік ғалымдармен ресми емес
өзара әңгімеге көшкен бойда өз міндеттерін бұлжытпай орындауға кірісіп кететін...
Бірнеше қызметкер бірге отырып жұмыс істейтін әр бөлмеде, әрбір шағын топтың
арасында ұжым мүшелерінің көңіл-күйі, сөйлескен әңгімелері жөнінде «бірінші бөлімге»
хабарлап тұруға тиісті құпия міндет атқаратын әйтеуір бір «жансыз» бар болатын. Біз
өзіміздің әрбір бөлімшемізде ондай «жансыздың» бар екенін сезетінбіз, бірақ нақты кім
екенін біле бермейтінбіз. Сондықтан да қасақана әр түрлі жағымсыз немесе ойдан
шығарылған жағымсыз жалған әңгімелер айту арқылы олардың кімдер екенін білуге
тырысатынбыз.
Шетелге баратын ғылыми іссапарлар туралы шешімдерді бейне бір барлық уақытта бірдей
мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен жетекші Parteigenossen-дер шешетін шығар деп