Page 10 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
10
Қандай да бір зат, егер ол жансыз құрал болмаса, өз мақсатын өз бойында ұстайды. Егер
біз өзіміздің бойымызда жоқ кемелділіктің нүктесіне, — оған ешқашан жете
алмасымызды жақсы біле тұра, қаншама күшімізді босқа жұмсап, үнемі солтүстікке
бұрылып тұратын магнит секілді, — мәңгі-бақи ұмтыла беру үшін жаратылған болсақ, біз,
көзсіз машиналар, өз тағдырымызды ғана жоқтап жыламай, біздің тұқымымызды
жаратып, бізді ауыр азап пен сорға душар еткен күшті жоқтап жылаған, оның азап шегуіне
тіпті де құдайшылдықпен емес, табалай қараған, сөйтіп, рахаттанған болар едік. Ал егер
мұндай тіршілік күшін ақтау үшін, бос әрі мақсатқа жетпеген ұмтылыс бізді, қалай
дегенмен, әлдебір ізгілікке итермелегенін және үздіксіз қызметімізді қолдағанын айтар
болсақ, соның өзінде, бұл күш бәрібір кемеліне жетпеген, қатал болып шығар еді, өйткені
мақсатсыз қызметте жақсы ештеңе де жоқ; сөйтіп, аталмыш күш өзіне лайық емес
дәрменсіздік немесе зұлымдық танытып, бізге бос елес, қиял іспеттес мақсат ұсынып,
алдар еді. Бірақ, бақытымызға орай, заттардың табиғаты бізді мұндай алдауға үйретпейді;
егер адамзатты біз оны өзіміз танып-білген тұрғыдан, ол ұстанатын заңдарға қарап
бағаласақ, онда адам үшін адамгершілік рухтан жоғары ештеңе жоқ; өйткені періштелерді
немесе құдайларды көзімізге елестеткенде, біз оларды кіршіксіз, биік мұратты, ең жоғары
сатыдағы адамдар түрінде көреміз.
Біздің табиғи болмысымыз өзінің органикалық құрылымын нақ, осы айқын мақсатқа —
адамгершілікке жету үшін алғанына біз бұған дейінгі әңгімеде көз жеткізген болатынбыз;
бұл үшін бізге неғұрлым сезімтал түйсік пен құмарлық, ой мен еркіндік, нәзік әрі төзімді
дене, тіл, өнер мен дін берілген. Адам қандай жағдайда тіршілік етсе де, қандай қоғамда
өмір сүрсе де, ол қашанда тек адамгершілікті ойлайды, мұны қалай түсінгеніне
қарамастан, ол тек адамгершіліктің рухын ғана өндей алды. Осы мақсат үшін табиғат
еркек пен әйелді жаратты, осы мақсат үшін табиғат адамның ғұмырына әр түрлі жас
кезеңін белгіледі, балалық шақты ұзақ етіп, адамды бірте-бірте, тәрбие арқылы
адамгершілікке үйренетін жасады. Осы мақсат үшін жердің ұлан-байтақ кеңістіктерінде әр
түрлі өмір салттары, адамдар қоғамының барлық түрлері белгіленді. Аңшы немесе
балықшы болсын, бақташы немесе диқан болсын, бәрібір, қандай жағдайда да адам азық-
түлік түрлерін ажыратуды, өзі мен отбасы үшін үй салуды үйренді; ол еркектерге және
әйелдерге арналған киім-кешек жасап, онымен денеге сән беруді, үй шаруашылығын
жүргізуді үйренді. Ол әр түрлі заңдарды, басқару формаларын ойлап шығарды, бұлар бір
ғана мақсатты көздеді: әр адам ерікті, ол ешкімнің жаулығын көрмей, өз күш-қуатын
жаттықтырып, неғұрлым жақсы және еркін өмірге қол жеткізуге тиіс. Бұл үшін меншіктің
сақталуы қамтамасыз етілді, сөйтіп, еңбек, өнер, сауда, адамдардың өзара қарым-
қатынасы жеңілдетілді; қылмыс үшін жазалар белгіленіп, жақсы азаматтарды марапаттау
енгізілді, әр сословие үшін, қоғамның, отбасының өмірі үшін, тіпті дін үшін әр түрлі салт-
дәстүрлер тағайындалды. Нақ осы мақсаттар үшін соғыстар жүрді, келісімдер жасалды,
келе-келе соғысу құқығының бір түрі, халықтардың құқығы белгіленді, бұған қоса,
адамдар өз отанынан тыс жерлерде де дұрыс қабылданып, қызметіне қарай бағалануы
үшін, қонақжайлылықты қамтамасыз ететін, сауда-саттықты жеңілдететін әр түрлі одақтар
қалыптасты. Осылайша, тарихтағы барлық істер адамгершілік үшін жасалды, ал барлық
жөнсіздіктер, бұзықтықтар мен жеркенішті істер, — тарихта бұлар да бой көрсеткен, —
адамгершілік рухына қарсы жасалған қылмыстар болды. Ендеше, адам өзі жерде орнатқан
және белгілегендерден өзге және тек өз бойындағы, қанға сіңген, яғни оның о баста құдай
жаратқан табиғи болмысындағы осалдық яки күштілік, арсыздық яки ізгіліктілік
қасиеттерден туындайтын мақсаттан өзге ешқандай мақсатты көзіне елестете алмайды.
Егер барлық жаратылымдағы кез келген затты біз оның ішкі мәнісіне және оның
нәтижесіне қарай танып білетін болсақ, жердегі адамзат ұрпағының мақсатын бізге
адамның табиғаты мен тарихы мейлінше айқын көрсетіп береді.