Page 50 - МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
50
аңыздарының, наным-сенімдер мен көнерген ғұрыптардың этнотарихи шығу тегін көрсете
отырып, нақты функцияны да атқаруы (тікелей болмаса да) керек екен. Адамдардың
санасына бұл мәдени сарқыншақтардың хроникалық сипатын сіңіре отырып, мәдени
реформалар үшін қажетті орта дайындауға да болады. Бірақ, мәдени антрополог өзін ең
алдымен адамның мәдени эволюциясымен және мәдени дамудың психикалық заңдарымен
айналысатын табиғаттанушы ғалыммын деп есептейді.
Мәдениетті негізінен прогресс заңына бағынатын тарихи процесс ретінде тани отырып,
эволюцияшыл - этнологтар оның алғашқы бастауларын мұқият зерттеуді қолға алды. Іс
жүзінде бұл жұмыс мәдени институттардың отбасы және культ сияқты түрлерінің тарихқа
дейінгі бастауларын "қалпына келтіру" жөніндегі толып жатқан тәжірибелер жүргізуге
ұласты. Бұл орайда олар мәдени эволюция — қарапайымнан күрделі қарай даму деген
тұжырымды басшылыққа алып, өздерінің аса бай қиялының жетегімен "шынайы алғашқы
қауымдық" адам мен "ең қарапайым" мәдениеттің үлгілерін жасамақ болды және олардың
нақты тарихқа қаншалықты қатысты екендігін қаперлеріне де алған жоқ. Эволюциялық
теорияны жақтаушылар мәдени дамудың өзара тәуелсіз, параллель кезеңдері туралы да
дәл осылай дей келіп, мәдениет тарихының тікелей нақты дәлелдермен қуатталмаған
кезеңдерін де қалпына келтірмек болды. Боас пен диффузияшылдар осындай жалған
тарихи "қалпына келтіруді" сынға алған болатын.
Қазіргі көзқарас бойынша, алғашқы қауымдық сана мен мәдениеттің бастауларын
қалпына келтіру әрекеті ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы "азаматтық қоғам" мен "өркениеттен"
бұрын "табиғи" жағдай болған деген философиялық алаяқтыққа ұқсас болып шығады. Бұл
екі көзқарас та тарихқа жат және аңыз іспетті. Қазіргі жабайы тайпаларды этнологиялық
тұрғыдан алғашқы қауымдық адамдар деп бағалаудан сақ болу керектігі туралы
Тайлордың өзі айтып кеткеніне қарамастан, оның ізбасарлары әртүрлі — мысалы,
Австралия мен Аңдаған аралдарындағы — байырғы тайпаларды алғашқы қауымдық
қоғамдар деп тауып, осы тайпалардың мәдениеті жөніндегі материалдарды
эволюцияшылдық сипатта саудаға салуға арланған жоқ.
Тарихқа эволюцияшылдық тұрғыдан қиянат жасау XVIII ғасырдың аяғында қандай пікір
туғызса, XX ғасырда да тура солай болды. XX ғасырдың ғалымдары адамды зерттеу ісі
мәдениет динамикасына және мәдени өзгерістердің өзегі болып табылатын
психологиялық заңдарға қатысты деп мәлімдеді. Мысалы, Боасты "тарихшылдыққа
қарсы" деп те, жәй ғана "тарихта шаруасы жоқ" деп те айтуға болмайды, соның өзі
этнотарихты белгілі бір қоғамды зерттеумен және сол қоғам өмір сүретін аймақтан тыс
жерлерден сол өлкеге тән (халық аңыздары тәрізді) мәдени белгілердің диффузиясын
іздестірумен шектеген жон деген тоқтамға келген болатын. Дегенмен, ол мәдени
өзгерістерді басқаратын динамикалық заңдарды, яғни мәдени ұқсастықты түсіндіріп бере
алатын әмбебап психологиялық және биологиялық заңдарды анықтауға баса назар
аударды. "Алғашқы қауымдық адам" санасының басты белгілері, деп ойлады Боас,
өркениетті адам санасының осындай белгілерімен өте ұқсас. Бастианның ізінше ол да
эволюцияшылдар айтып жүрген менталитеттегі айқын айырмашылықтарды мейлінше
азайтуға бейіл болған, мұны ол нақты қажеттіліктер мен мәдени шарттардың өзара
ұқсамауымен түсіндірді.
Малиновский басқа бағыттағы ұшқарылыққа ұрынып, тарихи әдісті ғылымға жат деп
күлкі қылмақ болды. Психологиялық себептерді, әлеуметтік функцияны және тарихи
шығу тегін шендестіре келіп, ол XVIII ғасыр философтарының егер мәдениет "табиғи"
болса, онда оның дәлелдеуді қажет етпеуінің барлық бастауларын қоғамдағы адамның
табиғатын талдау (табу) арқылы анықтау керек деген тезисін еріксіз қайталауға мәжбүр
болды.