Page 39 - МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
39
Әрине, мәдени жаңалықтар мен дағдылардың басты типтерінің негізінде әманда қандай да
бір психо - биологиялық қажеттіліктер немесе әлеуметтік сұраныстар жатады, оларды
қанағаттандыру керек. Дегенмен, мәдени функция атаулының бәрі де алуан түрлі мәдени
құралдардың көмегімен орындалып, ал, психологиялық сұраныстар — сан қилы тәсілдер
арқылы қанағаттандырылатыны даусыз. Мысалы, тамақ дегеніміз биологиялық сұранысты
қанағаттандыруға қызмет етеді, бірақ бұл сұраныс тамақ дайындау мен оны жеудің
тәсілдерін белгілеп бермейді ғой. Мәдени антропология мәдени даму процесінде адамның
аса маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етудің көптеген тәсілдерін біледі. Осы арт
фактінің функциясын талдау (абстрактілі - логикалық тұрғыдан емес) оның пайда
болуының нақты тарихи түрі мен шарттарын түсіндіріп беруі мүмкін. Мәдени
формалардың өз тарихы бар, мұны олардың функциялық негізделуі мен салдарынан бөлек
қарастыруға болмайды. Сондықтан, этнолог іздестіретін алғашқы бастаулар — оған
мәдени құралдардың белгілі бір типтерін не үшін ойлап тауып, қалай пайдаланғанын
айтып беретін психологиялық ұмтылыс пен мақсат емес — шын мәнісінде, кейінгі
дамудың алғышарттары. Бір сөзбен айтқанда, биологиялық және әлеуметтік шарттар —
қажетті болғанымен, мәдени жаңалықтар мен өзгерістердің шығуына себеп болу үшін
жеткіліксіз. Алғашқы бастауларға да осындай анықтама беру үшін биологиялық,
әлеуметтік және таза тарихи жәйттер тығыз ұштасып жатуға тиіс.
Осы тұрғыдан келгенде, "алғашқы бастау" термині екі ұштылау көрінеді, ол мақсатқа
немесе түпкі себепке де, алдыңғы тарихи шарттарға да бірдей қатысты. Мысалы, мәдени
эволюция алғашқы бастауларды іздеу барысында алғашқы қауымдық кезеңнің осы күнге
дейін жеткен кейбір нышандарынан бастап қазіргі заманғы неғұрлым дамыған
өркениеттерге дейінгі мәдени формалар мен мәдени эволюцияның дәйектілігін дәлелдеуге
тырысты. Малиновскийдің пікірі бойынша, барлық мәдени формаларды талдау олардың
тарихи дәйектілігінен ғана шықпаса керек; бұл формалардың ықтимал мақсатын немесе
түпкі себебін білсек жетіп жатыр, мұның өзі де олардың кейінгі прагматикалық мәнін
ескере отырып белгіленуге тиіс, деп пайымдады ол. Малиновский басқаларға қарағанда
мәдени функциялардың "дербестігін" жан сала жақтағанымен, оның функция көзқарасы
мәдени құбылыстарға психологиялық және әлеуметтік сипат тануға тырысатын редукция
көбірек ұштасып жатады.
Функция мен тарихи пайда болуды шендестіруден туған осындай шатастыру
Дюркгеймнің еңбектеріндегі осы түсініктерді мұқият талдаған кезде анық байқалады.
Оның айтуынша, "фактінің нақты пайдалылығын көрсету — оның қалай шыққанын
немесе неге осындай екенін түсіндіріп беру емес. Оның қызмет ететін нақты мақсаты -
әлгі фактіні дүниеге әкелетін емес, оны сипаттайтын дербес қасиеттерді ашу. Біздің
заттарға деген қажеттілігімізден оларға жан біте қалмайды және әлдебір ерекше қасиеттер
де дарымайды".
Дюркгейм өзінің осы қысқа ғана тұжырымы арқылы Малиновскийдің бұдан жарты ғасыр
өткен соң ұсынған тезисіне дау айтып кеткен. Ол "бар болудың себебі" ретіндегі бастау
мен мақсатты немесе "функцияны" өзара тәуелсіз бірліктер деп қарастырады. Осыны
дәлелдей келіп, Дюркгейм "әлеуметтік факті мүлдем пайдасыз болса да бола береді —
өйткені, оны пайдалы мақсатқа ешкім бейімдемеген немесе бір кездері пайдалы болған
нәрсе кейіннен керексіз болып қалады да бұрынғы әдетпен өмір сүре береді" деп атап
көрсетті. Тайлормен келісе отырып, ол "сарқыншақтар" биологиялық организмнен гөрі
қоғамда көбірек болуы ықтимал деп есептейді. Сонымен қатар, деп ескертеді ол,
әлеуметтік практика немесе институт өзінің формасы мен табиғатын сол күйі сақтай
отырып, атқаратын функциясын өзгертуі мүмкін; мысалы, орта ғасырлардағы және қазіргі
діни ғұрыптар мен қағидалар осының дәлелі бола алады. Осы тұжырымға сүйене отырып,
Дюркгейм мына ережені ойлап шығарды: "Сонымен, әлеуметтік құбылысты түсіндіру