Page 38 - МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
38
тұжырымдамасын алдыңғы зерттеушілердің ғылыми ұсыныстарымен салыстыра келіп,
Малиновский эволюция - классиктер алғашқы бастау деген түсініктің өзіне сирек
анықтама бергеніне көз жеткізді. Оның айтуынша, бүл терминді жайшылықта жұртшылық
"маймылдың адам болуға ұмтылған кезінде істелген нәрселер" деп түсінеді екен.
"Алғашқы бастауды анықтаудың ең сүйікті тәсілдерінің бірі әлдебір тайпа немесе белгілі
бір адамдар — ежелгі адамзаттың үлгісі ретінде сақталған қалдығы деген азды-көпті еркін
түрдегі пікір болған. Мұндай тайпадан немесе тайпалар тобынан табылған нәрселердің
бәрі ең бір ежелгі қауымдық нәрселер деп есептеледі". Тарихқа дейінгі және қазіргі
қарапайым тайпаларды шендестірудің мұндай әрекеттерін ғылыми түрде дәлелдеу мүмкін
емес және бұл этнологтардың қиялы бай екенін көрсетеді.
Мысал ретінде Малиновский Фрезердің неке туралы іліміне сілтеме жасайды. Фрезер
өзінің "Тотемизм және экзогамия" деп аталатын еңбегінде некенің жаппай және ата -
аналық шыққаны туралы Морганның болжамын қостайды. Малиновский алғашқы
қауымдық туралы гипотезаның негізсіздігін неке институтына қате көзқараспен
байланыстырады. Адамның (алғашқы қауымдық немесе қазіргі) сұраныстарын ескере
отырып, біз институт ретінде отбасының бұл сұранысты қанағаттандыра алатынын
түсінеміз, ал, отбасының осындай функция атқаруы үшін некенің өзі реттеліп отыруға
тиіс. Осыдан келіп алғашқы қауымдық қоғамның бастапқы күйі бола алмайтынын ұғамыз,
өйткені бұл шарттар заңды бала туғызу функциясын жоққа шығарар еді. Отбасы мен
некенің алғашқы бастауын адамның жыныстық әріптеске және балаға деген сұранысынан
табуға болады; басқа болжамдардың бәрі әшейін тақырыпты саудаға салу ғана болмақ.
Сонымен, Малиновский алғашқы бастау мен алғашқы қауымдық жағдайды ажыратып
берді.
Біз тарихқа дейінгі немесе есте жоқ ескі замандарда адамның қандай күйде болғанын
білмейміз, сондықтан кез-келген қазіргі жабайы тайпаларды мәдениет енді ғана пайда
бола бастаған кездегі адамның бастапқы жағдайы ретінде қарастырғанымыз дұрыс
болмайды. Бірақ, осы тұжырымға (мұны Тайлор да айтқан) қарап, қазіргі жабайы
адамдардың күнделікті тұрмысындағы азды-көпті қарапайым сипаттар мен әлеуметтік
дағдылары мәдениет тарихын және мәдени дамуды зерттеуге еш үлес қоса алмайды және
алғашқы қауымдық мәдениет пен бастапқы тарихи жағдайдың арасында ешқандай
байланыс жоқ деп есептегеніміз қалай болар екен? Мәдени эволюция ең басты тұжырымы
бойынша, алғашқы қауымдық немесе артта қалған жағдай мәдениеттен немесе
өркениеттен әлдеқайда бұрын пайда болады, соңдықтан нақты мәдени-тарихи процеске
кезендік сызба сәйкес келеді. Алғашқы бастауды оның алдындағы тарихи жағдайлардан
бөліп алған Малиновский эволюция гипотезаға тірек болар ештеңе қалдырған жоқ.
Адамның абсолютті алғашқы жағдайы мен тарихқа дейінгі күйі туралы ешқандай дерек
болмауы оның алғашқы бастау мен мәдениеттің одан кейінгі дамуы мәселесін шешу үшін
алғашқы қауымдық өмір туралы кез-келген деректерді пайдалануға қарсы басты дәлеліне
айналды.
Сондықтан да Малиновскийдің алғашқы бастауға берген анықтамасы логикалық талдау
мен функцияларды сұранысқа қатысты сипаттау түрінде болды. Логика мәдениет
тарихынан бөліп алынды да оны алмастырып шыға келді. Мәдениеттің алғашқы
бастауларын анықтауға оның тарихының еш алып - қосары жоқ екен. Бұл алғашқы
бастаулар мәдениеттен, түрлердің тарихи дәйектілігінің байланысынан тыс, яғни
биологиялық, әлеуметтік және тағы басқа сұраныстардан іздестірілетін болды.
Шамасы, Малиновский психологиялық және прагматикалық - әлеуметтік функцияларды
қандай да бір құбылыстың белгілі бір уақытта пайда болуымен шатастырып алса керек.