Page 90 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
90
Ұдайы іркілмей, таусылмай сарқырап ағып отыратын ағындық теңізі сияқты, алып,
бейнелі бір шығарма.
Манастың қай вариантын алсақ та, негізгі мазмұны бойынша бұл шығарманы
"қаһармандық дастаны" деп санау керек. Жыры ерте заманда болып өткен қаһарман
Манастың өмірін, жорығын, үй тұрмысын, серіктерін, елі, жұртын, жауларын әңгіме етеді.
Әңгіменің құрылысы, өрісіне қарағанда жаңа жыр қылып даттаған батыры Манасқа
қарағанда бұнда көрсетілген уақиға мен қаракеттер, Орта Азия тарихындағы —
Шыңғыстың, иә Темірдің, не болмаса бүкіл дүниелік ескі тарихта Ескендір
Зұлқарнайынның қимылдары сияқты бір жәйлерді баян етеді.
Міне осындай үлкен іргелі құрылған шалқар көлдей мол шығарма бұрынғы қай дәуірде
айтылса да, белгілі бағыттағы топтың салт-сананың туындысы болуында шәк жоқ.
Соңғы жазылған варианттарын алсақ, қырғыз тарихындағы ертелі соңғы феодализм салт
санасын айқын көрсетумен қатар Сағымбай айтқан түрінде — Қырғызстанда болған
пантюркистік, ұлтшылдық әсерлерін де көп-көп көрсетеді. Тап тартысының күшейіп,
шиеленіскен уақытында Манасты өзінің саяси салт-саналық тілектері үшін керекке
жаратқысы келген қырғыздың байшыл, ұлтшыл оқығандары да аз болмаған.
Солар тигізген кесір арқылы Манас ертерек уақытта жазылса да, соңғы уақытқа шейін
жарыққа шыға алмай да қойған.
Қазір партия мен үкімет ескі мұраларға тиісті сынын айтып, өзіне тиісті арнаулы бағасын
беріп, жарыққа шығаруды қолға алғанда Манастың салт-саналық таптық мазмұнын әбден
анық түсініп, жұртшылыққа түсіндіріп, ашып айта отырып, жарияламақшы.
Осы ретте Манасты қырғыз тілінде шығарғанда, бұл күнге шейін жиналған
варианттарының бәрін де бастырмақ болады. Алдымен том-том болып Сағымбай
варианты, онан соң Қаралаев варианты шығады. Бірнеше жылдың жоспарымен шығатын
мол, көлемді Манастың — 1936 жылда шығатын бірінші кітабы көп тексеру,
түсіндіргіштер жазылып, Манастың туғанынан басталады, содан әрі жыл сайын өзге
томдары да іркес-тіркес шыға бермек.
Мәжілістің айрықша көбірек тоқтаған мәселесі Манасты орыс тіліне дұрыстап аударып,
тәртіпті етіп бастыру жәйі еді. Орысша шығатын Манас бес том болып шықпақшы.
Мұның бірінші кітабы октябрьдің 20 жылдығына қарсы шығатын болды. Алғашқы кітабы
Манас жырының ішіндегі ең зор бөлім "Шоң шабуылдан" басталады. Бұ ретте тағы бір
атап кететін мәселе — орыс тіліндегі Манас жалғыз бір айтушының вариантынан
құралмайды. Бұған Сағымбай, Қаралаев және басқа Манасшылардың кейбір бөлімдері де
кіргізіледі. Сонымен әңгіме желісі бізше болса да, әр алуан айтушылардың әр түрлі үлгі
мектептері де көрсетілетін болады. Манастың орыс тіліне аударылып басылуын
Қырғызстан жұртшылығымен қатар, Мәскеу де зор баға беріп отыр. Қазірде Мәскеуде бұл
аудармаға көрнекті ақындардан он кісі белгіленген екен. Бұлардың ішінде қазақ эпосын
аударып жүрген Пенковский, Тарловский жолдастар бар.
Пронзыда болып өткен мәжіліс болсын және Мәскеудегі жазушылар ұйымы мен көркем
әдебиет баспасы болсын, барлығы да — Манастың көңілдегідей болып аударылу жәйін
еске алып аударушылардың алдынан шығатын үлкенді-кішілі қиындықтардың барлығын
алдын ала ғылыми жағынан жете-жете тексеріп, талқылап, анықтап алды. Бұл жағынан
қарағанда Манастың аудармасы өзге жұрттың эпостарын аударған уақытта байқалған
кемшіліктердің бір талайынан аман болуға лайық.