Page 9 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
9
Бірақ грек жұртының жоғарыда айтқан көп құдайға табынған дәуірі — дін жолында
өзінше ең өрлеп, ең тереңдеп тұрған дәуірі болатын. Ол күнде құдайлар жайындағы
әңгімелерінің барлығы да жалпақ елдің ортасында ешбір қалтқысыз, ешбір күдіксіз анық
сеніп, анық қадірлеген әңгімелер болатын. Сол әңгімелер бойынша бір елдің ішінде әрбір
құдайына арнаған белгілі күндерінде арнаулы тойлар, ел мейрамдары болатын. Дін әдеті
грек жұртының ел әдеті, ел салты, ғұрып-заңы сияқты болып кеткен.
Гректің құдайларының шынында адам бойындағы әр түрлі салахияттың әрқайсысына
арналған иесі құдай болатын дедік. Сондай құдайлардың ізгілік құдайы, сұлулық,
өнерлілік құдайы, яки жаманшылық, қастық құдайы болса, тағы бір құдайы қызық, сауық,
ішкілік құдайы болатын. Бұл құдайының аты — Дионис. Дионис — аспан мен жердегі
судың, діннің құдайы. Судан болып, өсімдік шығарып, жаңа туыс туғызатын қасиет иесі.
Қызық-сауық құдайына жыл сайын арнаулы күндерде құрбан шалып, той қылып, жалпақ
ел мейрам жасайтын. Бұл мейрам әм сауық құдайына арналған соң түгелімен сауық,
қызық күні болу керек. Құдайға құлшылық, тілек ретінде әуелі құрбан шалады.
Құрбандығы теке болатын. Сол текені шалып тұрып, айналасына бар халық жиналып,
Дионистің өмірі турасындағы әңгімелерді өлең қылып айтатын. Сол өлеңнің ішіне адам
баласына істелген жақсылығы үшін сыйынып, қасиеттеген сөздері де кіретін. Мейрамның
дін әдетіндегі парызы — осы. Осы біткен соң жалпақ елдің ішіндегі той, ойын, би, ән-күй
басталатын. Дионистің мейрамына шалатын құрбандығы теке болатын. Себебі баяғыда бір
теке виноград жемісін жеп алып, мас болғанның белгісін көрсетіпті. Мұны көрген адамдар
текенің неден мас болғанын ойлап келіп тапқан. Бірақ бізге осы сырды тапқызған
Дионистің өзі ғой, олай болса бұдан былай Дионистің мейрамына құрбанға теке шалайық
деп, соны салт қылып әкеткен.
Текені грекше «трагус» дейді. Сондықтан Диониске құрбан шалған жерде айтатын өлеңді
де теке жайындағы өлең деп атаған. Өлең грекше — «оде». Бері келген заманда осы
сөздерден әлгі «трагедия» деген сөз шыққан. Бүгінгі заманда біздің қанды оқиға деп
жүргеніміз сол Европа тілінде трагедия деп аталатын қайғылы оқиғаны білдіретін пьесаны
айтады. Күлкілі пьесаны «комедия» деп атау да сол заманнан қалған сөз. Дионистің
тойында теке жайындағы өлең екі түрлі айтылатын. Өлеңінде Дионистің өмірін
баяндайтын әңгімесін жалғыз өлеңші айтып келгенде, айналада тұрған көп халықтың
«хоры» (көптің әні) аяғына қосылып, көп дауыспен көтеріп әкететін. Міне. осы әдеттің
өзінде жалпы драма түріне тиісті болатын екі кісінің әңгімесі бар. Берірек келген заманда
жүре бастайтын жалғыз өлеңші өзінің өнеріне түр қоса бастаған. Айтылып тұрған оқиға
елге қызығырақ болып, жандырақ көріну үшін өлеңші денесінің қозғалысымен, пішін
құбылысымен басына үлкен маска (қолдан жасаған дін тұлғасын) киіп, сол құдайлардың
өздерінін халіне түсіп, суретін толығырақ келтіріп ойнайтын болған.
Осы халмен дін мен салттан туған қалың елдің мейрамын гректің атақты ақыны Эсхилдың
заманына келгенде, бұрынғы қалпына жаңа түр қоса бастады. Дионис мейрамының құрбан
шалардағы өлеңінде бұрын оқиға хормен, жалғыз өлеңші екі-ақ кісі сияқты болып
араласатын болса, Эсхил бұл мейрамды бұрынғыдан көрнекті қылып көрсету үшін жаңағы
оқиғаның ішіне тағы ойнаушыны қосқан. Ол құр ғана ойыншы емес, бұрынғы Дионистің
әңгімесіне араласатын құдайлардың біреуін кіргізген. Сонымен Эсхил заманындағы
драмаға араласатын ойнаушылар үшінші кісі болған. Содан кейінгі замандарда драмаға
кірушілердің саны көбейе берген. Эсхилдан соң Софокл, одан кейін Эврипид заманында
бұрынғы Дионистің тойында айтылатын «теке жайындағы өлеңнен» әдебиеттің ең сұлу,
ең зор түрінің бірі болған драма, трагедиялар туған.