Қазақстанның ашық кітапханасы
10
Бірақ грек трагедиясы өзінің ең жоғарғы биігіне жеткенге шейін елдің әуелгі салтынан,
әуелгі ұғымынан бөлініп-жырылып келген жат нәрсе сияқты болған жоқ.
Ақындар жазған трагедияның барлығы да ең алдымен құдайлар өмірінен, онан соң құдай
мен адамның ортасындағы саты сияқты болған алыптар, асыл заттар өмірінен жазылатын,
барлығы да елдің бәріне мәлім әңгімеден алынатын. Трагедиялар елдің баяғы дін
мейрамдарына арналған күнінде ойналып, сонымен өнер түріне кірген. Ақын қиялымен
жазылған трагедияның өзі де қалың елдің қара өзегін жарып шыққандай, ел топырағынан
шыққан.
Жылдағы арнаулы күндерінде қалың ел дін мейрамын қызықтап тойлауға баяғысынша
жиылып келіп, бұрынғы жалғыз теке жайындағы өлеңді естіп көрудің орнына үлкен
қайғылы оқиға, терең сырлы хәлдерін көріп ұғынып қайтатын. Бұл жиынға келген елдер
баяғыша мұсылманның айт күні мешітке жиылғанындай, дін парызын, салт-әдет парызын
атқаруға келетін. Сонымен бірге үлгі, өсиет өнерден де жұғындар алатын.
Осы жағынан қарағанда грек театры, бір жағынан, кейінгі ұрпаққа өнер есігін ашып
бергендей болса, екінші жағынан, ол заманның халқына діни қызметін де атқаратын
болған. Сондықтан гректің атақты философы Аристотель өз заманының театрын сөз
қылғанда: «Театр елдің ең терең, ең асыл сезіміне әсер етсін, театр тыңдаушы мен
көрушінің денесін мұздатып, жүрегі еліккендей болсын. Көңілді ыстық сезім, ұлы толқын
қалпына жеткізсін», — деген.
Адам баласына театр өнерінің алғашқы асыл қазынасын ашып берген — грек жұртының
театры. Осындай жайдан туып-өскен бұл өнер елдің қолындағы тесік моншақ сияқты
болымсыз кішкене ұрықтан басталып, заман өткен сайын бойы өсіп жетіле-жетіле келіп,
қалың елден бір уақыт бөлініп кетпестен аясында қараңғы елдің өзін жетектеп отырып, ең
биік өнердің қақпасына бір-ақ келіп кіргізіп жібергендей болған.
Кейінгі заман театрының барлығы да сол үлгіні осы грек театрынан алған Эсхил,
Софоклдердің драмалары шыққан соң Дионистің тойы кез келген жерде жасалмай,
арнаулы театрда көрсетілетін болған. Ол заман театры өте үлкен болатын. Бір қаланың бар
халқы сыятындай орындары бар, төбесі ашық: ойын күндіз болатын. Ойын сондай үлкен
үйдің ішінде болғандықтан, екінші, ойнайтын оқиғаларының барлығы құдайлар жайынан
болғандықтан, артистер әншейін адам қалпында шықса, көзге қораш болады, дауыстары
жөндеп естілмейді, бойлары көрінбеуге мүмкін. Сондықтан әрбір артист жоғарыда
айтылған маскадан басқа ауыздарына дауыс зорайтатын мұржа сияқты құрал тығып,
сонымен сөйлейтін. Бойларын зор қылып көрсету үшін, котурна дейтін айрықша биік етік
киетін. Грек театрында бүгінгі театрдағы белгілердің барлығы да бар-ды. Ең әуелі қазір
«театр» деген сөзден бастап, «хор», «оркестр», «сахна» дегендер — барлығы сол грек
театрының қосқан аттары болатын. Кейінгінің барлығы алған үлгі — грек үлгісі.
Грек жұртынан соң тарихта үлкен орынға ие болған көрнекті ел — Рим халқы. Бірақ бұл
елдің барлық жаратылыс қалпында, мінез салтында гректерге ұқсамайтын бір зор
айырмасы бар еді. Ол айырмасы — қиял мен сезімге бай емес, салқын ақыл мен іске
қолайлырақ болған. Қиялдан келетін пайдадан да қолына түсіп, көзіне көрінетін пайданы
артығырақ көрген пысықтық, ширақтық жағы басымырақ болған ел. Сондықтан оларда
театр өнері гректікіндей болып дәуірлеп, гүлденген жоқ. Гүлденбеген себебі — елдің
қалпы мен салтында театрды туғызатын шарт болмағандықтан. Римде сезім-қиялды
тәрбиелейтін трагедияның орнына, көңіл көтеріп күлдіруге жарайтын күлкі ойындар
«комедиялар» көбірек орын алған. Бірақ сондай дінді жасаушылар ел көзінде темен
саналатын болған.