Page 8 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
8
Бұл хәлдің анығын білу үшін қазірде біз көтеріп отырған театр мәселесі өнерлі елдердің
өмірінде қандай сатыдан өтті, театрдың өсіп-өрбіген тарихы не айтады. Соның тәжірибесі
біздей елге қандай сыбаға ұсынады, соған көз салу керек. Мәселенің екінші жағы қазақ
елінің өз қалпында театрға арналған қандай ұрық, қандайлық мүмкіндік бар, соны
тексеруге арналу керек.
Осы жікке қарап мәселені мен екі бөлімге бөлемін. Біреуі, Европа театрының тарихынан
азырақ мағлұмат беру болады. Екінші, қазақ топырағында театр өнерінің мүмкіндігі
қандай, соған арналады.
Европа театрының тарихы өте кәрі заманнан басталады. Театр өнерін алғашқы туғызған ел
— грек жұрты. Грек театрының басы осыдан екі жарым мың жыл бұрын басталған. Енді
жоғарыда айтылған сөз бойынша театр тарихын қарағанда осы өнердің грек топырағында
тууына қандай шарт, қандай хәлдер себеп болды? Сол шарт, сол себептерден туған грек
театры қаншалық дәрежеде ел театры болды?
Осы мәселелермен танысуымыз керек. Екінші, осымен бірге қарастыратын мәселе —
жалпы театр өнері гректе, я басқа жұртта белгілі заманда қандай халде болды? Өнер
есебіндегі маңыз-мағынасы қандайлық еді? Театр тарихының қай буынына жетіп еді, сол
жағынан қарау керек. Қай жұрттың театрын алсақ та барлығын да осы сияқты екі түрліден
қарайтын боламыз. Осы әдіспен қарасақ, кейінгі қазақ театрына келген заманда да біздің
жалпы пікір, мақсатымыз анығырақ, ұғымдырақ болар деймін.
Гректің театры — көпшіліктің театры, халық театры деп саналады.
Себебі бұл театрды туғызған жалпақ елдің әдет-салты мен ұғым-нанымы, жалпақ елдің
бәріне бірдей ортақ мүлік болып саналатын ескілікті грек театры, бір жағынан, елінің
ұлттық пішінін айқын көрсетіп, екінші жағынан, жалпақ елге бірдей болған діни әдеттен
туған.
Ӏ
лгері-соңғы заманда тарих жүзінде аты шыққан елдердің ішінде грек жұртындай
ақындық қиялы бай, ақындық өнері мол ел болған емес. Гректің дінінің өзі ақындық
қиялының туындысы сияқты. Бұл көп құдайға табынған ел болатын. Сондықтан дүниені
түсінуі де, жасырын сырын ұғуы да түгелімен сол көп құдайдың сыр-сипатын ұғынумен
бірге ұғынып, сонымен бірге білетін. Дүниедегі ерекше көзге түсетін денелі зат пен
денесіз заттар болсын, яки адамның табиғатына біткен неше түрлі жақсылық,
жаманшылық салахияты болсын — осының барлығының өзіне арнаулы жеке-жеке құдайы
бар. Ескі дінді көп құдайды құр санап айтқанмен дін тұтушы адамның көкейіне толық
сурет қонбайды. Ақыл жолында бала күйінде жүрген адам құдайын танымауға мүмкін.
Ұғынса, таныса да шала ұғынып, көмескі күйде түсінуге мүмкін. Сондықтан әрбір
құдайлар жайынан арнаулы әңгімелер айтылатын. Не қызықты, не қайғылы ертегілер —
мидодер жасалатын. Мұның мысалы қай түрдегі дінде болса да бар. Мұсылман дінінде
хазірет Ғали, Хасен, Хұсайын, Сейітбаттал әңгімелері — соларға ұқсаған дін ертегілері.
Бері келген заманда ел білім-мәдениет жолында ілгері басқан соң ақыл-санасы да қадам
басып бойы өсіп, артқы күні балалық күні сияқты ескіріп, татымсыз, мағынасыз нәрсе
сияқты болып қалды.
Сондықтан ескінің дін деп, хақиқат деп таныған нәрсесін кейінгі есі кірген адам көргенде
жансыз әңгіме, ертек деп қате түсінетін болған. Бергі заманды қай елдің ертегісі болса,
барлығы да бір заманда шын нанымнан, шын деп түсінген ұғымнан туып, артынан өзі
үстірт сөз сияқты болып саналатын болды.