Page 88 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
88
Ол әр әдебиеттің, әр жазушының өзінше теңеуі, өзінше лұғаты, өзінше сөз мәдениеті, үлгі-
стилі бар дегенмен есептеспей, оның бәріне жауап ұратын, қазақ тілінің көлемінде менің
топас іске күшім бар деген сөз еді. Былайша аударғанда орыс, Европа жазушысының бәрі
өздерінің стилі, ерекшеліктерінен жұрдай боп, бәрі де бір-ақ қалыпқа соғылып, бір-ақ
меркамен шығар да отырар еді.
Енді Пушкиннен аударма жасап жүрген Қазақстанның совет ақындарына келсек, Ілияс,
Тайыр, Ғали үшеуіне де бір ерекше айқын тұрған жақсы өзгешелік — жаңағы, жоғарыда
айтылған қазақыландыру машығы жоқ. Бұлар өз шығармаларын орыс тіліне аударатын
адамдарға "біздің теңеуімізді, біздің стилімізді өзімізше келтір" дейтін шарттарын
Пушкиннен өздері жасаған аудармада да естен шығармайды.
Олар поэзия тіліндегі (образ) теңеуді — жалғыз қазақ тілінде ғана мәлім болған
теңеулермен "болды, бітті" деп есептемейді. Қайта Пушкин болсын, Демьян Бедный
болсын, не басқа ілгері-соңғы өзге тілдерде жазған ірі ақындар болсын — бәрінің де
теңеулерін өз түрінде келтіріп, сонымен жаңа қазақ тілінің орамдылық, көріктілік жағын
байыта түсуге тырысады.
Бұл шынымен негізгі, үлкен мәселе. Осыны маңызды, іргелі мәселе ғып түсінгендіктен,
шынында бір дәлме-дәл келген жер болмаса, өзге кездің бәрінде де Пушкиннің ия өзінде,
ия орыстың жалпы тілінде жоқ "қазақы тон-тымақтан" бойларын қашық ұстайды.
Жалғыз-ақ, бұл ақындар осы жайды енді құр теңеу жөнінде ғана еске алмай, кеңейте,
тереңдей түсініп Пушкиннің өлең ұйқасы, лұғаты, терең ойшылдығы — қысқасы, барлық
стиль ерекшелігін дәл түсіруді негізгі әдіс етіп қолдану керек.
Бұл жолдастардың әзіргі тәжірибесінде Ілиястың "Чаадаевқа" дегені мен "Қара бұлты"
болмаса, Пушкин ұйқасын қолданбау бар. Рас, ол ұйқасты үнемі, құр ұйқас үшін беру, дәл
өз түрінен формалистікпен аумаймын деп, қатып қалу дұрыс болмас.
Бірақ, сонда да Пушкиннің өлеңдерін әрдайым қазақтың орыс поэзиясында жоқ торт
жолды "ақсақ" ұйқасымен аудара беру де дұрыс болмайды.
Ілияс "Чаадаевта" шалыс ұйқасты қолданыпты. Абай да "Амал жоқ, қайттымда" сол
шалыс ұйқасты қолданған. Бұл Пушкиннің, көбінесе, өзі қолданған ұйқас. Аудармада
соның сақталуы мін емес, қасиет болып көрінеді.
Онан соңғы бір қатты ескертетін жер — Пушкиннің лұғаты — сөздігі. Бұл ақын бір
жағынан Муза, Апполон, Лира сияқты ескі античный әдебиеттің белгілерін көп
пайдаланса, екіншіден, орыс тілінің ескірген сөз түрлерін, дін сөздерін де өте көп
қолданады. Мұндай жерлерін біздің бүгінгі әдебиет көлемінде көп қолданылатын жалпы
ұғым тілімен ғана айтсақ, ол жеткілікті болмайды. Жүз жылдық тарихты ұмытуға
жарамайды. Пушкиннің тілі мен революцияның тілі бір емес. Пушкиннің жаңағыдай сөзі
орыс тілінің көлемінде қаншалық ескілік сияқты сезілсе, сол сөзді қазақшылағанда да,
мүмкін болғанынша, сондайлық көне боп сезілетін, өзіне мазмұны, күйі сай сөздерден
төлеу салуға тырысу керек. Осы ретте Пушкиннің көп айтатын "свобода" деген сөзін Ілияс
"еркіндік" десе, Ғали "тендік" деп шалғай түседі.
Біздің кейбір ақындарымызға Пушкин текстісінің аса қиын соғатын бір жағы — кейде
ескіше, өзгеше боп айтылған ия бір сөздің, ия сөйлемнің мағынасын жете түсінбей
қалатын көрінеді.
Содан теріс мағыналы аударма туып кетеді. Немесе, Пушкин айтқан тереңдікке,
толқындылық сезімділікке жете соқпай, дөп келмей, бәсең түсіп қап отырады.