Қазақстанның ашық кітапханасы
86
Бұл күнде Пушкиннің ескерткішіне баяғы "тағы тұңғыс та, сахара досы қалмақ та", ол
кездегі жарым жабайы қазақ та соқпақ салды. Ақынды танып ағыла бастады. Бұл жағынан
қарағанда ақын үміті ақталды.
Бірақ, ол кім арқылы болып отыр? Оған даусыз, қалтқысыз бір-ақ жауап бар — жалғыз
ғана Октябрь арқылы болды. Әйтпесе, Пушкин өлгеннен кейін де 80—90 жыл өткенше
қазақ, қалмақ былай тұрсын, тіпті орыстың қалың еңбекші бұқарасы да Пушкинді анықтап
білген жоқ еді.
Октябрьден бері Пушкин дүниеге қайта туды. Шынымен жалпақ еңбекші елдің, саналы,
сапалы қауымының, көп тілді, бірақ бір тілекті боп бауырласқан қауымның керек етіп,
қадірлейтін адамы боп қайта туды.
Сондықтан, мына келе жатқан жүз жылдығына қарсы Совет Одағының барлық
республикаларында барлық алыс-жақын түкпірлерінде үлкен-үлкен әзірліктер істеліп
жатыр.
Пушкиннің жүз жылдығын ойдағыдай етіп өткізу үшін партия мен үкімет осы күннен
шаралар қамдап жатыр. Жүз жылдықты басқарып, ұйымдастыратын зор авторитет! бар
комиссия сайланды.
Одақтың өзге республикаларымен қатар, бұл іске біз де жұмыла әзірленуге міндеттіміз.
Пушкиннің жүз жылдығымен қатар біздегі өнерлі жұртшылықтың істейтін ең бірінші ісі,
ең зор міндеті: сол ақынның үлкенді-кішілі шығармаларын қазақ тіліне жақсылап аударып
беріп, қазақ оқушысы Пушкинді өзінің ана тілінде оқып, түсіне алатындай ету керек.
"Социалды Қазақстан" осындай істің ең алғашқы ұйымдастырушысы болып, қазақ
ақынының көпшілігіне Пушкиннің әр түрлі өлеңдерін аударуды тапсырып отыр және сол
аудармалардың татымдыларын газет бетінде жариялап отырумен қатар, кейін жақсы боп
шыққан аудармаларды құрастырып, жеке кітап шығармақшы
3
.
Пушкиннің жүз жылдығына арналған әзірліктің бір үлкен түрі осылайша басталуы өте
дұрыс, шын бағалы іс. Бұған қазақ ақындарының қай-қайсысы болса да ат салысады.
Жалғыз-ақ, бұл іске енді кірісуді үстірт қарамай, мәдениеттілік, көркемдік, салт-
саналылық жағынан кеп, зор жауаптылығы бар маңызды іс деп кірісеміз. Сондықтан бұл
күнге шейін ертелі-соңғы уақыттарда Пушкинді қазақшаға аударуда қандай тәжірибелер
болғанын еске алып, талдап қарай, сынай отыра кірісуіміз шарт.
Осы ретте, ең әуелі менің өзіме мәлім шамада Пушкиннен не нәрселер аударылғанын
айтайын.
Қазақта Пушкинді ең алғаш рет аударғысы келген ақын — Абай. Оның қолға алғаны
"Татьяна — Онегин". Бірақ, Абай қыз бен жігіт арасын қатарымен баян етуді түр ғып
алып, Пушкиннен түр жағынан да, мазмұн ретінен де алыстап кеткен. Мұның жайынан
толығырақ түрде кейінірек тоқтаймыз. Әзірше айтатынымыз: Абайдың ол шығармадан
анық аударғаны "Татьянаның хаты"
4
, "Амал жоқ, қайттым білдірмей" ғана.
Қазақтың ескірек ақындарының ішінде Пушкинді аударайын деген тағы бір кісі Шәкерім
еді. Ол "Дубровскийді" және Белкин әңгімелерінің ішінен "Боранды" алған
5
.
Соңғы жылдар ішінде қазақтың совет жазушыларының біразы да Пушкинді аударуға
кірісе бастады. Бұлар бір жағынан Пушкиннің үлкен көлемді шығармаларын алса, екінші
жағынан шағын өлеңдерінің ішіндегі революцияға жанаспайтын, не көркемдік жағынан