Қазақстанның ашық кітапханасы
7
«Шаншар» ел ішін көбірек сүзу керек. Күлкінің нысанасы боларлық мінді денесі мол
болып, сөлекет болып біткен көнтерлі топтардың көбі ел ішінде. Бұндай жандар туралы
елдің өз ішінде ескілі-жаңалы әңгімелер өте көп. Сондай өрескел адамдарды өмір бойы
«Шаншар» сияқты күлкі журналдың міндетін атқарып мазақ, мысқыл қылып өтетін қулар
да көп. Журналға сондай ел ішінің айтқан күлкілерді суретімен басса, орынсыз сөз болмас
дейміз.
Журналдың маңызы мен пішінін білдіретін бір бөлімі — суреттері. Бұл жағына келгенде
суреттің бәрі бірдей күлдіргі, бәрі бірдей шын шаншулы жерден тиген орынды деп айтуға
келмейді. Тәуір суреттер: «Өзіме пайдалы жерде, пайдасыз жерде» дегені мен «Салықтан
құтылу амалы» дегендері. Бұлар көп жерде кездесетін көп қауымның міні сияқты. Одан
басқа суреттердің көбі ұсақ жайларға арналған, жаппай күлдіргі боларлық та суреттер
емес. Бұлардың ішінде бізше әсіресе орынсызы: «Бәрі де ұлт қамы», «Жоғалсын, уақытты
босқа өткізу» деген сияқты суреттер. Бұлар журналдың нағыз қазақ пішінді болуына
кемшілік келтіріп, кімге арналғаны белгісіз болып қалатын суреттер сияқты.
Ондай мін жалғыз қазақта емес, жалпының міні: қай ел болса да кез келе беретін
кемшіліктер. Қайта сол жалпының ішінде «бетіне опа жағамын» деп уақытты босқа
өткізетін қыз қазақта тіпті аз шығар.
«Шаншар» жайынан жалпы айтатын сөзіміз: тұңғыш күлкі журналы аз міндері болса да
қолға алмақшы болып белгілеген кемшіліктеріне қарағанда негізді, маңызды, күлкілі
боларлық түрі бар.
Қазақ баспасөзіне жаңа қосылған түр, жаңа өрнектің бұдан да артып, көп жасауына
тілеулеспіз.
М.
ЖАЛПЫ ТЕАТР ӨНЕРІ МЕН ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ
Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ
бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-салтанатпен ырғалып-
жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене
ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой
жасап өсіп-өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік
белгісін бастап, тоғыз-тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Олай болса,
әрбір өнердің иесі болған ел сол өнерді туғызып өсірген анасы есебінде. Әрбір өнер өзінің
туып-өсу жолында, анайы топырағы сияқты болған еліне міндетті. Ел тіршілігінің өткен
күні сол өнердің бойы өсуіне қажет болған шарттың барлығын берген болады. Сондықтан
елдің өз денесінен жаралған өнер әуелгі кезінде, өз елінің әдет-салтын, ұғым-нанымын,
мақсұт-тілегін өзгеден бөлек пішінде, сол елдің өзіне ғана хас болған суретте
қабылдайтын болған. Бұл хәлден тысқары жолмен өскен ешбір ел жоқ. Қай өнерді алсақ
та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі
болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды.
Бүгінгі күнде қазақ елі бір туыстың үстіне жетіпті. Қазақтың театры туатын мезгіл болды
деген пікірге келіппіз. «Өзімізден бірдеме жасалса екен», — деген тілекті де тілейтін
болдық. Сондықтан біз жаңағы айтылған жалпы сөзді екі салаға бөліп, соның екі тарауына
да ойланып қарап, көз салуымыз керек.
Жоғарғы айтқан жалпы пікірдің ішінде әрбір жұрттың өнері әуелі әр елдің тіршілік
қалпындағы белгілі шарттарынан туады. Әуелгі туысында ұлт өнері болып туады дедік.