Қазақстанның ашық кітапханасы
74
етпей, тоң мойын күйде, тоңы жібімеген қалыпта қарсы алсақ жазушының талабы өсе ме?
Бірақ, бұл соңғы сипат бақытымызға қарай біздің бүгінгі жұртшылығымызда жоқ. Ол
қуана да, сүйсіне де біледі. Тек соған жәрдем ете білейік.
Сәбиттің "Ақ аюы" дедік.
Поэма жайында бұдан былай болатын ұзақ, толық тексерулердің алдында — бұл
мақаланы әзірше "Ақ аю" ішіндегі бір-екі ерекше жайды ескертіп өтуге ғана арнаймыз.
"Ақ аюдың" ішінде ең алдымен көзге ілінетін айырықша үлкен бір ерекшелік: ақынның
осы поэманың жалпы құрылысы жөнінде қолданған әдісінде. Бұл — біздің поэзиямызда
бірінші рет оңдап қолданылған жаңа әдіс. Сол әдістің дұрыстық, шеберлігінің арқасында
"Челюскин"
2
жорығындай ақынның өз басынан кешірмеген сапар, өзі көрмеген солтүстік
турасындағы жауапты қиын тақырып — ойдағыдай дұрыс қалыптанып шыққан сияқты.
Сәбит поэмасының әңгімелік желісі мен идеялық суреттілік бағытын өрістеткенде,
бәйгеге түскен өзге көп поэмадағы секілді, оқиғаның құрғақ тізбегіне бой ұрып кетпеген.
Пәлен күні пәлен болды, түген күні түгені болды деп протокол түрінде төкпектеп шаппай,
очерк үлгісінен өз әдісінің іргесін аулақ салған. Әрине, тізе беріп, санай берсе бұл
жорықтың оқиғалары көп еді. Ақын алдындағы мәселе сол көп материалды өлең өлшеуіне
салып, ұйқастырған сөзбен баспа-бас санап өтуде емес. Бір жағынан сол материалды
ақынша жеңе білуде. Материалдың астында бөксе басты боп қалу ақын қиялының көп
ізденбегендігін, шарқ ұра алмағандығын көрсетер еді. Әрине, ол әдісті очерк жазушы, я
сол жорықтың тарихшысы қолданса — ол бір сәрі. Бірақ, мұндай жайда ақын міндеті
басқаша. Ол өзі алған үлкен жорық тақырыбын осы "Ақ аюдағы" сияқты поэзия заңымен
топтап, шоғырлап, ақын үлгісінде әрі жинақы, әрі соқталы күйде көрсете білуі керек.
"Ақ аю" үлгісінде сол топтап көрсету әдісі поэманың барлық бойына үлкен ойлылықпен
жақсы жайылып түскен. Топтау үлгісінің өзі поэманың өнбойында жарыса отырған бір
астар күй тәрізденіп, жорықтың қаһармандық қылықтарынан үлкен бір суретті-пәлсәпалі
мағыналар тудырып отырады.
Мұнда оқиғаны болған күйінде көшіре салу, құрғақ копиясын беру жоқ, олай еткен болса,
оқиға ақындықтың көркем суретіне дұрыс түсірілмеген болар еді.
Ақын табиғаттың әлі де болса адамға бас имеген, алай-түлей, тағы күшін ақ аюдың
бейнесімен екілендіре суреттеп, оның жүген-құрық тимеген, ауыздықталмаған
ызақорлығын, ашуын көрсетеді.
Ал, табиғаттың адам бағындырып алған күшін ақын сүр аюдың бейнесімен көрсетеді, оған
адамға қызмет еткізеді, адамның еркіне көндіреді, адамның жеңіп алған ақыл-айласының
даналығына бас игізеді.
Асау терістіктің бейнесін көрсететін ақ аюдың тағы, көзсіз ызақорлығын енді адамның
қаһарманы Шмидт
3
жеңеді, тұтқынға алады, бұл адам қимылдан биік, бұған шейін
болмаған программамен жер үстінде жаңа өмір ашады. Оның қадамы — күресшең,
арымай-талмай, ерінбей-жалықпай ізденуші, жаңаны жаратқыш, қайтпайтын ер адамның
қадамы. Міне, поэманың аса көркем суретпен жалпылап алған тұлғалары осылар. Поэмада
бұлардың кездесуі, олардың арасындағы жұлқысу, соқтығыс екі сарынмен сипатталады.
Дәл жорықтың өз оқиғасының сыртқы әрекетін шындық арқылы қысқаша, жеңіл түрде
суреттеп береді, бұл бір. Екінші жағынан, жаңа адамның бағындырғыш, жасағыш, алғыр
күшінің ішкі сырын көзбен көріп тұрғандай етіп сипаттап береді.