Қазақстанның ашық кітапханасы
6
туғызатын журнал. Бұл өмірдің түзу, қисығын сөз қыламын деген соң сол қалың көптің
өміріндегі ерекше үлгі боларлық мінез (типичное в жизни) сияқтыларды алу керек.
Әлеумет тіршілігінің қай саласын алсаң да, өзінің барлық әдет, барлық құрылып
қалыптанған салт-санасымен ерекше бір күлкі күйде тұрған хәлдер көп. Күлкі қылып
ажуалағанда сондай жайды алу керек.
Күлкі журналдар жайынан айтқан осы сияқты жалпы мөлшер сөзбен «Шаншарға» келсек,
«Шаншар» осы қойылған шарттардың бірталайын өзінің негізі сияқты қылып белгілеген
көрінеді.
«Шаншар» кім?» деген мақалада негізі мен бағыты не болатынын қалжыңдап отырып
толық айтқан. Қазақтың өз тілінде шығып жатқан баспасөздің әр түрін көріп, аз да болса
талғауды үйренген қазақ оқушысы: «Қазақ тілінде шығатын күлкі журналы қандай болар
екен?» — деп асығып күткендей еді. Сол күткен оқушыға журнал көңілдегідей үлгілі
болып көрінді. Қазақ пішінді күлкісі бар, қазақша мысқылы, сайқымазағы бар, көп
күлкісін қазақтың бүгінгі әлеумет тіршілігінің мініне арнаған, есті, орынды күлкі.
Осы ретпен жазылған сөздер: «Шаншардың өлеңі»; жатыпатардың «Не жазамыны?»,
бақалшының «Әнке тасы» сияқтылар. Журналдың басындағы «Шаншар кім?» деп негіз
бен бағыт белгілеген сөзде: «Заманға мойынсұна алмай, жаңаға көне алмай, ескіні қолдан
бере алмай» жүргендерді мүйізіне ілмек. «Елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен
қараны сараламақ, тура жолдан аяғы шалыс басқанды біз деп жараламақ» дейді.
Негізі: «Шындық, түзулік, әділдік қылышын қолына тұтып, кеңес жолына түсіп, шын
кедейлер жаршысы», болмақ.
Бұл сөздер «Шаншардың» күлкілі жүзі арқылы көрініп тұрған шын түзу пішінін көрсетеді.
Жалпы журналдардың негізіндей өзіне айқын көрініп тұрған мықты негізі барлығын
білдіреді.
Жоғарғы санап өткен мақалаларда осы бағытын ақтап, анықтап, мағыналы маңызды
күлкімен әр түрлі кемшілікті ажуалайды.
Бүгінгі қалың бұқараның, шала хат танитын оқушының тілі боламын деген газеттердің кей
кезде жазушының өзі адасатын сөз шытырманының ішіне кіріп келіп, сөзіне оралып
қалатын жерлерін мысқыл қылғаны — орынды сөз. Арабшаны оқытқан ескі молданың
«мән бір мән» деп қазақшалағаны сияқты тіл біздің көзі ашық әдебиетте орынсыз екенін,
күлсек те айтқанымыз орынсыз болмайды. Осы сияқты анкетаның да сұрағы мен
жауаптарының көбі орынды, мезгілді сөздер. Бірақ арасына: «Ағза не нәрсе? Адамның бір
мүшесі». «Көшпелі не нәрсе? Қазақ». «Магнит не нәрсе? Сұлу әйел болса керек», — деген
сияқты сұраулары мен жауаптары маңыз, мағына жағынан өзге сұраулардан төмен сияқты
көрінеді.
Күлкі журналдың халін, елді есіне алып, өзінің мол әңгіме мен мол мін табатын жері сол
қалың елдің іші екенін әбден түсінгендігін жатыпатардың сұраулары жақсы көрсетеді.
Жатыпатар бар сұрауларында ел ішіндегі кемшіліктерді атайды. Кеңес өкіметінің
заманында ел ішінде жаңа құралып келе жатқан жаңа әлеумет адамдарының
кемшіліктерін сынаумен бірге ескі қалып, ескі салттың сарқыны сияқты «алты қатыннан
үйір салып» жатқан байлар мен «500 танап» жері бар қосшы мүшесін де шымшып өтеді.
Жатыпатардың сөздері сол атаған сұрауларының қайсысын жазса да, босқа желге кететін
емес. Нысанаға толық болып ілінетін үлкен шоғыр, қалың топты тауып қадалатын сөздер
сияқты.