Қазақстанның ашық кітапханасы
68
деп, біріне-бірі жабысып, бірінен бойды қашық ұстамаймыз. Ол би-балет өнері болсын,
үлкен музыка болсын, қолданатын музыка аспабының жайы болсын, я театрдың сахналық
түрлері, ерекшеліктері турасында болсын — бәріне де халық қорын, тарихи
мұраларымызды пайдаланып ажарлаумен қатар, әсіресе, алдыңғы қатар өнерлі елдердің
интернационалдық мәдениет қорынан мейлінше іркілмей пайдаланамыз. Көсеміміз
Лениннің ескі мәдениет мұраларын оқы, біл деген ұранын біз сияқты мәдениет жолында
кенжелеп, артта қалған еңбекші ел, әсіресе, айрықша ескеріп, жүзеге молынан асыруға
міндетті. Сондықтан қазақ домбыра оркестрі тәжірибе ретінде өз ісін істеп келе жатса,
сонымен қатар, алдыңғы қатар үлкен өнерімізді аспаптарға сүйеп көркейтеміз. Бүгінгі
мәдениетті көркемөнер орындарымыздың барлығы да осы тәжірибемен түзу өріс алып
келеді.
Енді осы саналған ірі-ірі өнер белгілерінің алдында тұрған осу проблемаларын да айта
кету қажет. Сол ретте алдымен мемлекеттік драма театрын алсақ, бұл әзірше біздегі
жалпы еңбекші, төңкерісші жұртшылықты төңкеріс бағытындағы ұлы салт-санаға
баулитын үлкен тәрбие орны болуға міндетті. Ол, бір жағы, ірі мәдени салт-саналық
шарттарға жарап тұратын үлкен репертуарды, үлкен пьесаларды керек етеді. Екінші,
сондай шығармалардың терең суретті ірі тип кейіптерін көңілдегідей ғып, үлгілі ғып
жетер өрісіне жеткізе шығаратын үлкен актер күшін тілейді. Драма театры өзінің он
жылдық дәуірінде Елубайдай, Қалыбек, Серкедей ірі талантты халық артисі, еңбегі сіңген
артистерді шығарып, өсіріп отыр. Осылардың қатарына қосылған жастан өскен Қапан,
Камал. Шәкен, Жақтайлар, Сейфолла, Сұлтандар да театрдың бүгінгі сатысына олқы күш
емес. Соңғылардың бәрінде де оқысақ, білсек білім тереңдетіп, тез дамысақ деген
жолынан талап өте күшті. Бірақ осымен қатар драма театрының актер күшін алғанда
қатты ақсататын бір мәселе — әйел күштерінің орасан кемділігі. Бұрыннан белгілі
дәрежеде мәдениеттенген әйел ішіндегі бас актриса Мәлике болмаса, немесе бастан өсіп
келе жатқан Қатира, Сабира болмаса, әйел күші өте сұйқыл. Жоқтың қасы. Бүкіл
республикадағы бірден-бір мемлекеттік театрға жалғыз Мәлике тұлға бола ала ма?
Онан соңғы үлкен бір кемшілік, театрдың ең алдыңғы қатар актерлерінен бастап, барлық
жаңа күштеріне шейін қарасақ, он жыл жасаған тірліктің ішінде әлі күнге бірде-бір
мамандық білім алған адам жоқ. Барлық жас өзінен-өзі шұқынып, әйтеуір тімтініп, ізденіп
көрейікші дегені болмаса, сонымен азды-көпті үстірт мағлұмат құрау болмаса, бұл күнге
шейін театр ылғи актердің самородок боп тууын дәметіп, бәрінің де туысына зорлап
келеді. Бірақ жұрттың бәрі Щепкин, жұрттың бәрі Елубай, Серке, Қалыбек бола бере ала
ма? Олардың өзін алсақ та мәдениетті ірі театрдың барлық шартын орындап бере
алмайды. Үйткені, ендігі біздің мәдениетті зритель қоятын шарттың көбі кейде бұлардың
да қолынан келуі қиын. Шама шарқынан тысқарырақ боп түсетін кездері бар. Олай болса
бұл күштердің көбін дұрыстап оқытып өсіруге, барлық ірі театрлардың үлгілерін көрсетіп
өсіруге міндеттіміз.
Осы қатарлы үлкен-үлкен проблемалары бар көрнекті, қызықты дүкеніміздің бірі — ән-
күй театры. Әзірше ол көруші жұртшылыққа ұдайы қызғылықты, ыстық, тәтті-дәмді боп,
жарқ-жұрқ етіп жалтылдап, мәз-майрам қып келе жатыр. Ол алғаш ашылған уағында
момын ғана атпен студия боп қана қалыптана бастап еді. Алғашқы адымы "Айман —
Шолпан" тәуір боп өткен соң ол театр атын алып, батыл қимылдай бастады. Бірақ бұл
күнге шейін әлі де ол бір эксперимент — тәжірибе театрының үлгісі екені даусыз. Рас, ол
мін емес. Кей уақытта кейбір театрдың тіпті барлық қалпы, мазмұны, түрі де сол
эксперименттік негізінен жүріп отыратыны да болады. Мүмкін, тіпті, біздің музыка
театрымызға бірнеше жылға шейін, әлде тіпті қазақтың шын мағынадағы операсы туған
соң да өз бетінде осындай эксперимент боп жүре беру де қажет болар.