Page 64 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
64
Абайды зерттеуге осы төрт ақын атын қыстыратын бір үлкен себеп, бұлардың
шығармалары арқылы Абай өзі істемесе де бой ұрған бірталай тың еңбек туады. Абай
оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін
айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушылық
мектебі сияқты болады.
Және бір ерекшелік, бұның төртеуі де әңгімелі жырлар жазады. Әдеби мектеп деген
ақынның өзі алған түр, өзі жырлаған тақырыпты ғана тебіндей беруде емес. Сол басшы
ақын берген екпін бағыт, негізгі күйлерінің бетімен тың жол іздей өсуде. Ұстаз ақынның
өзі айтуға үлгермеген немесе заманында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдеп
үңгіп, бірталай өріске апарып тастауда.
Абай әңгімелі өлеңге қызықса да, өзін-өзі әдейі тежеп, тыйып отырған. Мына төрт ақын
сол соныны басады. Соныда Ақылбай, Мағауия романтикалы поэмаларды жазғыштайды,
ана екеуі өзге үлгінің соңына түседі. Ақылбай "Дағыстан", "Зұлыс" деген поэмалармен
қазақ әдебиетінде Байрон, Пушкин үлгісін (олардың Шығыс поэмалары. Түстік поэмалары
деп аталған романтик поэмаларының үлгісін) тұтынады. Мағауия да "Қасым" деген
поэмада осы үлгімен бастап, аяғы қазақ тұрмысынан алынған тарихи жыр (Абылай жыры)
немесе салт жыры — "Еңлік — Кебек" жайын жазады. Көкбай Абайдың өзі әңгіме қып
тақырыбын таратып берген желі бойынша Абылай мен Қасым балаларының жәйін жыр
етеді. Бұлардан көрі өзгешерек жол іздейді, қазақ тарихынан салт жырының тақырыбын
таңдаған Шәкерім Қалқаман, Мамыр, Еңлік, Кебектерді жазады.
Осылардың бәріне Абай әңгіме желілерін талқылап беруден басқа, кейін өлең болып
шыққан кезде жеке жолдарын түзейді. Әңгімедегі кейіптерін түзеттіреді. Мағауия
Кеңгірбайдың "Қабекең" деген атын "кабан" деген сөзден шығарған екен. Оның өткенге
қатты тиіскенін жақтырмай, Абай бұл өлеңнің жарыққа шықпауын дұрыстайды. Көкбай
Наурызбайдың Қызылауыз атын онша жақсы жүйрік қып шығара алмаған соң, Абай
"Шоқпардай кекілі барды" жазып береді.
Бұлардың барлығы ана ақындарға Абайдың нақтылы ұстаз боп, баулып, бастап
отырғандығын көрсетеді. Олар шығармаларының ішінде аңқып тұратын адамшылдық,
санашылдық үгіті, аздаған рационалшылдық, сонымен қатар кейбіріндегі діншілдік,
қаншылдық идеялары және осының бәрінің үстіне қосылған Европаның әңгіме құру
желісі, түр, бояу үлгілері барлығы да мыналар арқылы Абайдың өз шығарма, өз тұлғасын
мынадай айнала кеп, қосымша бұйымдар қосып тұрады. Абайдың бұрынғы өзінен
байқалған мүсінінен ары асыра, тереңдей түсінуге көмекші болады. Абайға шеттен құйған
салалардан басқа бұның өзінен шыққан тарау-тармақтың да осындай маңыз-мазмұны бар.
ҚАЛМАҚАННАН
1
НЕ ТІЛЕР ЕДІК?
Он жылдық ақын еңбегі өрісіне жеткен еңбек болмаса да, өсудің бірталай өрінен озған
еңбек болады. Туа толы боп келген ақын жоқ. Түлей толады дейміз.
Ақындық деген мектеп бітірумен бірге қонатын мамандық емес. Мұның мысалына
сыртқы жайын алғанда, алма ағаштың қалпы жақын. Алғашқы жылында қаулаған көк
шөптің қатарына зорға ілесіп шыққан қылтанақ төрт жыл, бес жылына жеткенде бестен-
оннан гүл атады. Қулық құлындай бастайды... Жеті-сегізіне жеткенде ару анадай көз
емшекті боп, есу шарқына жетіп, ыңырана бастаған анайы жеміс ағашы аталады. Жел
емшегіне жабыса, күн нұрына емірене, әуе лебіне бусана өседі. Тіршілігінің жалғыз ғана
мұраты-мақсаты, мағынасы да өсу, өсу... Ақынның түлей өсуінің де тұрпы осылай. Әрине,
алғашқы жылғы еңбектерінен үлкен нәрсе шықпайды, күтілмейді деген емес, жылдан-