Page 63 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
63
Бәрін санауға орын тар. Қалай да осы үлгідегі өлеңдер Абайда өте көп. Сырт қараған көзге
Абай көп үлгі, көп сарынды Европадан алып, ақындық таразысының сол жағын көбірек
басқан сияқтанып көрінетіні де осыдан. Көңіл-күйінің лирикасын Абай бертін келгенде
тұтасымен Гете, Лермонтовша жырлайтын болып, сол атақты романтиктермен туысып
кеткендей болады. Европа жағасының нәрселерін қорытып, өз тәні ғып алуда Абай
осындай ірі мәдениет, ірі мастерлікке жеткен. Оларды аударса:
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Ымдасып сөйлескендей көкте жұлдыз, —
деген тәрізді, бір алуан әсерлі, романтикалық сөздермен аударудан басқа, өз жырларында
осындай сумен суарып соға бастайды. " Үстіне зәр төгілген құрыш, болат тіл" Абайдың өз
тілі сияқтанып кетеді. Бірақ бұл айтқанның бәрі Абайдағы шығыс жағасының із, сарынын
жоймайды. Жуып шаймайды. Тілде, үлгіде ғана қолданып, өзінің шығыстық қазақылық
ішін сыртқа шығармауда тұтынған кестесі сияқты. Бұл Абайдың біз бұл мақалада сөз
қылған қазақтық және жоғарыда саналған шығыстық тұлғасын, ішкі наным, бағыт, негіз
дүниесін бұзбайды. Өзгертіп әкетпейді. Соны жарыққа, сыртқа әсерлі қып шығару үшін
ұстаған әдіс, өрнек есепті болады. Рас, кейде Европа үлгісі бұған айрықша тақырып
ұсынатыны да бар.
Осы бітімді өлеңдерінің ішінде (мысалы, қысты сипаттау үлгісі сияқты) маған, әсіресе,
ерекше көрінетін "Ақынға" деген өлеңі. Біздің көп оқушы ол өлеңнің аты осы
айтылғандай боп тұрмаған соң ақындық жайындағы жыр екенін байқамайтыны да болады.
Біздің сөз қылып отырғанымыз — "Адамның кейбір кездері" деген өлең. Бұл Пушкин,
Лермонтовтардың "Ақын", "Ақынға" деген өлендерін оқумен қатар өзінен шығарып,
аналармен жарыса айтқан жыры. Тақырып Европа айтып жүрген үлгіден алынады да,
жырлауда Абай ақынның, үздік пішіні айқын тұрған ақынның өз ағымы, өз бағасы
беріледі.
Мақала мақсұты — әдеби "Телқараның" Шығыс, Батыс сияқты екі жағадан алған нәр
қорегін ұзын-ұрқа атап өту. Түгел зерттеп қана тексеру емес, сондай тексерушіге бір
қысқаша нобай айту. Сондықтан бұл мақала толықпын деп шірене алмайды.
Мақсұт екі жағаның ақынға берген бұйым, белгілерін атау болғандықтан Абайдың үздік
тұлғасын, анайы арнасын, қазақы қалпын атап зерттегеніміз жоқ. Ол өз бетінде бір төбе
сөз.
Енді бұл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпты сөз қылғанда біз өзіне әсер
еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік. Бірақ, ақындық айналасы
Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан
мәселе — Абайдың өзгеге берген нәрі турасында.
Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында, не төңкерістен бергі қазақ ақындарына
еткен әсерін айтпаймыз. Ол айрықша ұзақ талдауды керек етеді. Бергілер және дәл
айналасы деген тақырыпқа сыя да қоймайды. Сондықтан біз Абайдың дәл өз тұсында, өз
дәуірінде еңбек еткен бірнеше ақын туралы ғана қысқаша айтып өтеміз.
Мұндай ақын — төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия — Абайдың өз балалары. Мұның
екеуі де 1904 жылы — Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі — Көкбай, Шәкерім. Осы
төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық,
ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы,
бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар
да жазған.