Қазақстанның ашық кітапханасы
62
Үрген ит пен айтаққа, —
деген сияқты қазақ аулының түнгі қалпын бере отырып:
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі,—
деген көрініске келіп, екі ашықтың табысу минутімен бітеді. Өлең, көрініс, жалпы сурет,
тақырып — Абайдың өзінікі. Бірақ, махаббатты осылайша оттай ыстық бір-ақ көрініспен
жалт еткізіп, бір ғана өткізіп, аяғын көп ноқатпен: "қалғанын өзің ұға бер" деумен, шұғыл
тұжыра салумен бітіру — анық Европа романтикесінің үлгісі. Ондағы жұмбақты сыр
поэзиясының келте қайырғып емеуріншіл лирикасының (интим лириканың) үлгісі. Бұл
жерде:
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ, —
деп тұқыратын Гете — Лермонтов сөзі білініп тұр. Осы айтылған күйге орай, өлең ұйқасы
қандай? Жеке-жеке әсерлі суреттер үздік-үздік леп бергендей жалт-жұлт етумен бірге
ұйқаста қазақы өлең не шығыс үлгісіндегі өлеңнің қалпын тастап, шалыс ұйқасқа
ауысады. Бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші жол ұйқаса келіп әдейі бір мұқым
толқып отырған, ырғағы мол, күйлі ағымды тапқандай болады.
Дәл осы сарын, осы үлгімен жазылған өлең ете шебер: "Қызарып, сұрланыпта" өлең
жолдары мен сөздері аса бір сараңдық дәрежесіне жетіп, қысқара келіп:
Елбіреп қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да, —
деген негізгі күйдің әмірі бойынша шолақ-шолақ боп алады да рахат түннің қысқа-қысқа
күрсінуі сияқты сезіледі. Европа жағасынан Абай қорытып алған нәрдің бірі осындай
болып, махаббат жырының өте шебер, өте нәзік, көркем үлгісін туғызады. Көңіл-күйінің
жырларында да осындай түр-сарын жағынан ерекше жаңарып, Европа мастерлерінің
жоғарғы сатыдағы жыр мәдениетін нық баурап, меңгеріп алғандық көрінеді. Онда да
кейде көңіл-күйін табиғат көрінісімен қабыстырып, ұластыра келіп:
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса, —
деумен қатар:
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа, —
деген жалын атады. Ойшыл мұңлы сыршылдың табиғат күйімен, беймезгіл шақпен
(стихиямен) қабақ қағысып қабысуы.
Осылайша ретпен, ән-күй поэзия стихиясына бар денесімен құлай мүлгіп:
Көңілім менің қараңғы бұл-бұл ақын,
Алтынды домбыраңмен келші жақын, —
деп, бір тебіреніп кетеді.