Page 61 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
61
Өз сынынша, "Махаббаты ашуға уланған" Лермонтовқа кеп үйіріледі. Мұны таңдана,
талмаурай сүйеді.
Ел ішіндегі қаққы-соққы, алыс-жұлыстан кекесінмен ашу алып шығып, ызамен сазарып,
уайыммен уланып келгенде Лермонтовтың құлақ күйі бұның өз күйі, өз сарынындай
болып, дөп келе кетеді. Сонан соң Лермонтовтан әрі аударады, әрі үлгі алып күйіне күй
қосады. Лермонтов сөзін өз сөзіндей нашаланып, мейірленіп, емірене жыр қылады да,
өзінікімен оныкінің шекарасын жойып, "мал басын" араластыра қосып, "еншілес боп"
кеткендей болады.
Кей өлеңдерді мынау Лермонтовтікі дегендей қып үлкен ұқыптылық, дәлшілдікпен
тырыса аударады. "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Тұтқындағы батыр",
"Жалау", "Қараңғы түнде жалғыз", "Қараңғы түнде тау қалғып" (Гете — Лермонтовтан)
"Сал демеймін сөзімен ықыласыңды" сияқты өлеңдер — Лермонтовтың кім екенін
танытам деп бұлжытпауға тырысып, басын ала жазған өлеңдері. Бұдан кейінгі "Терек
сыйы" сияқты кейбір өлеңде, "Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы" деген өлеңде Абай
Лермонтов текстінен кейде кем, кейде артық соғып отырады. Бірақ, дәлдікті
ұқыптамайды. Ойында Пушкинге істеген тай-таласты бұған да істемек болады.
Лермонтовтың қара сөзбен роман қып жазған "Вадимін" бұл поэма ғып өлеңмен аудара
бастайды. "Демонды" өз түсінігіндегі әзәзіл қып жырлайды. Осы сияқты Лермонтов
оригиналына істеген еркіншілік, зорлық мінездер бір емес, талай жерде көрінеді.
Міне, осылайша көп араласып, көп жанасу арқылы Абайдың ақындық қиял ойлары,
шығармалық түр, тақырыбы, негізгі сарындары енді көп жерде сол Лермонтов жырымен
туысып, бірге жасасқандай болады.
Абайдың Европа ақындарынан жасаған аудармалары, жоғарыда көрсеткендей, екі алуан
болғанмен де, оның бәрін түбі аударма деп бір бөліп, бір төбе қып шығарып қойып, енді
екінші бір негізгі ерекшелікке көшеміз. Онымыз ақынның Европа жағасынан алған нәр,
жаңалықты қалай қорытып, қалай пайдаланғаны жайындағы сөз.
Абай Шығыс жағасына араласу арқылы, жоғарыда тексерілген махаббат жайындағы,
көңіл-күйі жайындағы, дін-құлық жайындағы жырларды шығарса, Батыс жағасының өз
кемесіне соққан ағымдарын қорытқанда да сол жаңағыдай бірнеше тақырып үстінде еңбек
етеді. Бұлары Лермонтовтан жасаған аударма емес, бірақ сол Лермонтов сияқты
ақындардың үлгі желісін нақ қорытып, керекке жарату белгісі. Осы жайға көз жіберіп
байқасақ, Абайда Европалық төркіні бар екі алуан өлеңді көреміз. Бірі — ашықтық
жайының өлеңі (махаббат лирикасы), екіншісі — көңіл-күйінің өлеңі (настроение
лирикасы).
Араб, парсы сопыларының үлгісімен "Хор болды жаным" жазылса, Европа
сыршылдарының үлгісімен "Желсіз түнде жарық ай", "Қызарып, сұрланып" жазылды.
Алғашқы түрдегі махаббат жырында табиғат араласпайды. Уәзін ғаруз үлгісі, ырғақ —
бәйтше.
Мына соңғыларда бұрын қазақ поэзиясында құлағы көрінбеген басқаша ала бөтен түрдегі
бір сарын үстем боп шығады. Мұнда махаббат табиғат ұйқасына бөленеді:
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп, —
деген әсерлі, көрікті суретпен басталып келіп,
Тау жаңғырып ән қосып,