Қазақстанның ашық кітапханасы
60
Өз қораңның қақпасын сен,
Қатты жаптың не айтайын, —
деп қана қоймайды. Бір талай қошқар мүйіз салады. Татьяна хатынан аз сөз, Онегиннің екі
кездесудегі ауызша айтқан сөздерінен біраз жерлерін алғаны болмаса, көбінше Онегин,
Татьяна хаттары Абайдың Пушкин желісімен өзі шығарған сөздері болады. Бұл екі
жастың әңгімесін Пушкиндегі мазмұн, тақырып, идеядан басқаша, өзгеше қып қорытады.
Ең әуелі хаттар дегеннің өзі де Пушкинге жасаған зорлық. Пушкинде көп хаттар жоқ.
Абай алдымен түрін өзгертіп эпистоляр роман (екі кісінің кезек жазысқан хаттарынан
құрылатын роман) қылып шығарады. Онегин Пушкиннің әжуа қып мінеп, шенеп
суреттеген адамы. Өз тұсындағы ақ сүйек қауымның бір тобына мұны айна қып, құнсыз,
нәрсіз айна қыт көрсетеді... Тарихи орны сол жағынан бағалы, маңызды боп, мәңгі кейіп
боп қалған. Абай бұл жерлерімен, орыс тарихымен есептеспейді. Ол Европа жағасына
келгенде өз ауылына осыдан сарқыт ала қайтам деп, керегіне жаратам деп келген. Сондай
есебі мен бағытының барлығына опасыз Онегин дәл келмейді. Оның ғибрат аларлық,
үлгілі жігіт болуы шарт. Сол себепті әңгіме бітер жерде Пушкин күлкі ғып тастап кеткен
Онегинді Абай қолтығынан сүйеп тұрғызып алып, қолына мылтық ұстатып, аузына:
...Сенен басқа еш жерден,
Таба алмадым орнымды.
Атам-анам қара жер
Сен аша бер қойныңды, —
деген сөз салып, өзін-өзіне атқызады. Жігіт болсаң осылай сүй деп, өз ортасының жасына
тағылым айтпақ болады. Мұнысы Европадан ұстаздық іздей қоңсы қона келу емес,
Дарвинге келген келісі сияқты ірге бермей, бөксесін қашық сала ұстасқаны сияқты.
Крыловты да мақал, мәтел, нақыл, мысал сөздерін аударғандай: "бұларың көп кісі айтқан
сөз, ендеше сол көп ішінде мен де ортақ" деген кісіше тағы да өз бетіндегі нығыздығын,
тұтастығын жоймай кеп алады. Өзі айтып жүрген қазақы өсиет өлеңдеріне мынаны
қосымша ғана қып ұсынады.
Абай Батыстың өнер, мәдениет көрмесіне қазақ сахарасынан, шығыстан шығып, сапар
шегіп келіп, әдейі не барын, нендей сырлы екендігін танып қайтайын деген кісі сияқты.
Бірақ, шын өнер, шын мәдениетті көру мұң, көрген соң дәмін татып, нәрін алған соң жым-
жылас, түк жұқтырмай кету мүмкін емес. Басында кердең басып, тай-талас түспек боп
келген беті біраздан соң өзгере береді. Рас, Европамен таныса келе:
"Шығысым батыс, батысым шығыс боп кетті" деген сөз Абайдың ішкі дүниесінің барлығы
бірдей қопарыла өзгеріп кетті дегенді білдірмейді. Европаның ғылым, өнер, мәдениеті
мұны барған сайын қызықтыра тартып, соңына шыңдап телмірткенін білдіреді. Бірақ,
Абай іші бұрынғыша дін қазығына арқасын нық тіреп алып келген іш екені жоғарыда
айтылған. Сол қалпы негізінде өзгермейді. Бірақ барған сайын икемделіп, сыпталып, сырт
буындығынан арыла береді. Рационалшы, жаңашыл Абай пішіні айқындалып, ашыла
береді. Өз ішін бермеймін деп жүрсе де ақын көп жанасу арқылы бірқатар жаңғырып,
түлей бастайды. Ой білімінде ақындық өнеріне тереңдеп өсе бастаған сайын Европадан
үлгі таңдап, нәр алады. Онысы Европа көрмесінің ішінде бұған ерекше көрінген кейбір
жаңалыққа қатты қызығуынан басталады. Жаңалық ішінен жаңалық талғап, бұрын өзі
көрмеген үлкен тұлға, "өзгеше туыс" іздеп, өз кеудесіндегі сынменен қыңырып келе
жатқанда, Абай Пушкин қасынан солғын қарап өтеді. Бірақ, солай жеңіл жанап, ат
үстінен, жоғарыдағыша, үстірт шолып өткенмен сол Пушкин маңынан ізденгенін табады.