Page 5 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
5
жаңа үлгінің түрін көрсететін күлкі журналдар алдыңғылардың қалпына қосылған бір
жаңа кесте, жаңадан салған қошқар мүйіз сияқты. Оқушының ойы мен сезімін күлкісіз
салқын түспен отырып тәрбиелейтін баспасөздің ішінде күлкі журнал орынды болып
шықса, тәуір сөздің тұздығы сияқты болады. Бұл да тәрбиеші, бұл да ой сезімді бастайтын
жетекші, басшы, бірақ бұның өзгелерден әдісі бөлек. Бұның өзгеден айырмасы сыртқы
пішінінде ғана. Күлкі журнал да ойды жетілтіп, сезімді ұстартпақ. Сондықтан ол күле
отырып, біле отыр дейді. Ойнап отырып, ойлап отыр. Біреудің мініне күлсең, өзің сол
міннен бойыңды арши отыр дейді.
Күлкі журналдың оқушысы неше алуан ел. Оның меншіктейтін елі өзге баспасөздің
барлығынан санына қарағанда да мол болады.
Бұл журнал сол неше алуан елдің барлығының да әлеумет алдындағы міні мен кемшілігін
білу керек. Әрбір кемшіліктің әлеумет тіршілігінен ең залалды, ең жұқпалы жерін тауып,
соны көпке паш болған пішінінде көрсетіп, орнымен ажуалай білу керек. Орынды күлкі
өткір мысқылмен міні барды түзетуге тырысып, сол мінге жақындап жүрген адамдарды
бойын жиғызып жирентетін болу керек. Негізгі мақсұттарына келгенде күлкі журнал да
барлық баспасөздің «үйретемін, үлгі айтамын, бастаймын» деген негізімен жүреді, бірақ
олардан ісі қиынырақ. Олар ұзын сонардың, өрісті сөздің бетімен жүрген болса, мынау аз
сөзбен, емеурінмен, нобай тұспалмен, күлкімен білдіру керек. Әрқашан күлкі ұзақ сонар
әңгімемен келсе, қырғын күлкі бола бере алмайды. Күлкі тез шығып, тез басылатын, қылт
етпе, иек артпаны іздейді. Күтпеген жерде тосыннан, оқыстан келгенді сүйеді. Бұл да
шығуы мен таусылуының арасына қарағанда ақындық сөзінің ішіндегі лирика
(сыршылдық) сияқты. Сыршылдық неғұрлым бір күрсіну, бір өксу, жылау, не болмаса
қабақтың бір ғана шытынауы сияқты болып жанды күйінде туып, жанды күйінде
басылатын болса, дәмді болады. Көпке белгілі жүрек күйін тақылдатып, бақайшағына
шейін айтпай, емеурінмен ым қағып қана тоқтаса, сол күйінде ерекше тәтті көрінеді. Күлкі
де сондай: әлемге мәлім жайды ұзақ сонарламай, не болмаса құр ғана сөздің сырт пішіні
күлкі болғанына қанағаттанбай нағыз күлкіні алу керек. Нағыз күлкі сөзде емес, күлкі
қылған халде болады. Күлкі сөздің шатасынан тумайды. Сырт пішіні дарақы, оспадарлау
келген сөзден шын күлкі шықпайды. Онымен бірен-саранды болмаса, көпті күлдіре
алмайды. Бұл туралы «Шаншарда» «қатын аламын» деген сөз сондай кемшілікті, мінді
сөздің мысалы сияқты. «Адресім: город Албасты, Сұмырай көшесі, Оспан қажының сиыр
қорасына қарсы дом, боқбасар», деген сияқты сөздерде не ойға, не сезімге әсер беріп,
қарқылдатып күлдіріп жіберетін қанша күлкі бар? Бұл құр ғана сөздің өрескелдігімен
күлкі тудырамын деген сөз. Оның ішінде былғаныштау былапыт сөзбен күлкі шығарғысы
келгендік. Біздің қазақ күлкісіне бұл соңғы хал ертерек еске алып, шама келгенше
сақтанатын кемшілік болар. Үйткені қазақтың ел қалжыңының көбі сол сияқты әдепсіз
оспадарлау сөздермен келеді. «Шаншардың» қулары Тонтай, Текебайлардың қулығы да
көбінесе сондаймен келген. Бірақ олардағы күлкі сөзінде емес, көбінесе күлкілі ерекше
халдарында болады. Күлкі іспен аралас келсе, бір жағы шынға тіреліп, қысылшаң кезде
ауыр мен жеңілдің жапсарында келсе, көбінесе оқыс қиындыққа ұшырап қалатын жерден
туса, сонда дәмді болмақ. Сол кезде тәтті, дәмді күлкі болатынын бұрынғы ел күлдіргілері
әбден білген. Қазақ өзі күлдіргі күлкісі мол, мысқыл мазақшыл ел. Оған күлкі, әңгіме жат
емес. Күлкі журнал орынды күлкілермен шықса, ел ортасынан оқушыны көп табатынына
дау жоқ. Журналдың күлкі әңгімесін ел де сынап біледі. Сондықтан жазып отырып,
ойланып отырып күлдірмек болсаң, бір жағынан елді де күлдіре алатын, бұл елді күлдіру
үшін, өзінен өзі сөзсіз-ақ күлкі боларлық жайларды алу керек. Әлеумет тіршілігінде ондай
хал өте көп. Сондай жайдың кейбірін «Шаншардың» тауып күлгені де бар. «Шаншардың»
өзі айтқан «шапыраш» айнасына құр ғана бұралқы сөздің күлкісін түсірмей, өмірді түсіру
керек. Күлкі журналы — аз сөзден көп мағына шығаратын, аз суреттен көп әңгіме