Қазақстанның ашық кітапханасы
45
Жоғарыда айтылған социалдық реализм шарттары көзіңше орындалады. Тақырып,
драмалық түйін, сюжет жақтары Бейімбетті социалдық реализм үлгісіндегі драматург қып
шығарады. Жалғыз мәселе тұлға жөнінде. Драмаларының "экспозициясы", драмалық
тартыстары, қақтығыстары, түйін шешуі және сөз тартыстарын жүргізуі барлық жерде
драматургия заңымен жүреді. Өрескелдік, артықтық жоқ. Адамдары іспен көрсетіледі.
Сөзі де іс. Бірақ, адамның іші тереңдеу қажет. Тартысының себебі, түйін байланысы
үстірттеу, жеңілдеу болмай терең тамырларды байлау керек. Сонда пьеса проблемалы
пьеса болар еді. Ойға айдайтын, тереңге шомдыратын пьеса болар еді. Топтағыш
қасиеттері асар еді де, дұрыс адамдары бір-біріне ұқсап қалмай, әрқайсысы өз бетінде бір-
бір үлкен сәуледей, шамдай жанар еді. Айналасын солайша жарқыратар еді. Мұнда бәрі
орташа күйдегі, құба төбел жай-күйдің көрмесі боп, кішілеу соға береді.
Пьесаның негізін, үлкен ағымын дұрыс кейіптеуге құрған "Қызыл сұңқарлар" көруші,
оқушының көз алдына ұдайы Еркебұлан тобы орын алып отырады. "Досымда", "Астықта",
"Ғажайып қорытындыда" көз алдыңда үнемі болатын адамдар, дұрыс адамдар. Жаңа
үлгіге ауысуда қатты еске алатын мәселенің бірі осы болу керек. "Түрксібтің" соңғы
құрылысы қазақ драматургиясына соны боп тұрған үлкен жайды қолға алады. Пьеса әлі
түгел, толық істеліп болған жоқ. Жазушы әлі де толықтай түспек. Бірақ осы бүгінгі
қалпының өзін алғанда да "Түрксібт ің" тынды айырып отырғаны даусыз.
Социалдық реализм бағытымен жазылған пьесаларға "Майдан" мен "Түрксібті" қосамыз.
Соңғы құрылысында "Түрксіб" нағыз өндіріс тақырыбының пьесасы болады. Өндіріс
бойына кеп, соның өсуімен бірге өзі өсетін Қамысбай – үлкен "обобщающий" кейіп. Қазақ
кедейінің ғасырларда басып өтіп, түлей өсіп ұлы тұрқыға шығып келе жатқаны –
пьесаның жыры. Жол үстіне кедергі боп, айқасып түсіп, қара бурасын шөгіп жатқан
ескілік қайшылықтары рушылдық, ұлтшылдық, ұлы орысшылдық, зиянкестік барлығы да
пьеса ішінде тарихи зор мағынада беріледі. Көрушінің көз алдында көбінесе Қамысбай,
Сәрсен, Қаумен, Базбектер – дұрыс тұлғалар жүреді. Әсіресе Қуанышбай толық, жақсы
тұлға. Бірақ, әлі жетер өрісіне жетіңкіремей, баяу тартып жатқан сыңар, жарты, жартылап
көрсетілген адамдар да бар. Соның бірі – пьесаның үлкен кейпі Сәрсен. Бұл жанды,
қонымды адам болудың орнына "ылғи деректің" адамы боп қала беретін сияқты.
Қоғамдық-таптық қалпынан басқа жеке адамдық пішіні көрсетілмеген. Сондықтан үстірт
тұлға боп тұр. Функцияға жақын пьесаның екінші үлкен кемшілігі драмалық түйін,
қақтығыстар – дастан үлгісінде шұбалаң күйде қалыптасады. Оқиғалар да жай, сылбыр
өршиді. Тартыстың дәл өзімен тығыздалған сюжет боп жедел басын, жепіріп, қусырып
әкетіп отырады. Драма заңы соны керек етеді. Дастанша жай әңгімелесу, баяу суретпен
өрбу – пьеса сюжетіне жол емес. Мұны Белинский айтқан сияқты Киротинде. Горький де
пьеса шарты деп біледі.
Аяғының тоқтауы жақсы, үлкен үміт, сенім үстінде жүзі жарқын қуанышы үстінде бітеді.
Алдындағы перспективасы зор таптың жеңу жыры, ұлы табыс жыры боп аяқтайды.
Оптимизм – социалдық реализм шарт қылған талап. Театр қоя білу керек.
Өз жайымда
Өз жайыма келгенде айтарым – драма менің ертеден қолға алған түрім. Өткен уақыттағы
драмалық шығармаларым туралы, оның саяси теріс бағыттары, таптық жат мазмұны
туралы пікір айтылды. Былтырғы пленумда мен өзім де біраз мәселені айтқанмын. Оның
үстіне театр ретінде айта кететін тағы бір жай бар. Ысмағұл театр мен әртістер жайын
айтып, соларда ұлтшылдық, қазақшылдық бет белгілегенде, сол театрда пьеса жазушы
болған менің ісім сол беттен бөлек болды деуге келмейді. Қайта театр жайынан жазған сол
кездегі бір мақаламда мен: "қазақтың бұрынғы ақыны әртіс, бұрынғы айтысы, жар-жары –