Қазақстанның ашық кітапханасы
44
Одан бері "Шабуыл" (Ғабит екеуі бірігіп жазған), ең соңғы шығармасы "Талтаңбай",
"Шұға". Төңкерісшіл драманың басы Сәкен. "Қызыл сұңқарлары", "Бақыт жолындағысы".
"Майданмен" қатар жазылған Ілиястың "Кегі". Жұматтың "Шахтысы", "Забойы",
"Тартыс", "Октябрь үшін", "Айман-Шолпан" Мұхтардікі. Ғұзайырдың "Заман заңы",
Жұмағалидің "Атаман Анохины", Ғалымның "Астық үшін күресі", Асқардың "Семафор
ашығы", Дүйсенбектің "Сұмдық", "Қастығы", Қанабектің "Колхозы".
Атығай пьесалары, Ілиястың биыл біткен ең жаңа шығармалары – "Түрксіб", "Соқыр
шек", "Колхоз тойы" Бұлар арқылы кірген үлкен сарындар драма техникасында аз емес.
Және әсіресе аударманың күшеюі. Оның ішінде пролетариат драматургиясының көрнекті
ірі тұрғылары аударылуы – ерекше жаңалығымыз. Драманы өскелеңдетуге себепші,
айдашы болған – жұртшылық тілегі, екінші жағынан сонымен жалғас мемлекет драм
театры. Әсіресе аударма пьесаларды көп қамту, театр ісі. Екі жылдағы репертуар соны
дәлелдейді. Сол театр еңбегі арқылы пролетариат драматургиясының үлкен өрнектерін
біздің жұртшылық біліп отыр. Бірақ әлі үлкен роман, поэманың аудармасын көрген жоқ.
Бірақ ілгері басудың шарты артынды жақсы білуде. Егжей-тегжейіңді жақсы тексеріп,
кемшілік мініңді ашық, айқын ұғынуда.
Біздегі төңкерісшіл драматургия, саяси төңкерісшіл қызметімізбен қатар, бір ерекше үлкен
олқылықты толтыра алмай келеді. Ол жоғарыда айтылған социалдық реализм шарт
қылатын үлкен тұлға. "Майданнан" бастасақ, жақсылығы колхоз құрылысының үстіндегі
тап жауын жақсы, айқын көрсетуде. Ленин: "Толстой шығармасын оқығанда жұмысшы
табы өз жауын жақсы таниды",дейді. "Майдан" бұл міндетті атқарғанмен, жақсы
кейіпкерге келгенде бәсеңдейді. Жұрттың көз алдында көретіні көбінесе Мамық, Көдебай,
Досан, Әліш, Пүліштердің пьеса ішінде өсіп өзгеруі жақсы-ақ.
Бірақ, өте баяу өседі. Төңкерістік үлкен арқау пьесаның ұлы арқауы оларда зерде бола
алмай қалады. Бұлардың, жекешелік, кейіптік қалпынан да тап болған. Бір бітімдестік
қалпы басымырақ. Горький таптық белгілермен қатар "профессиялық", жеке адамдық
белгілері де айқын басым дейді. Әсіресе, осы жағы сөзінен көрінсін. Қаһармандық іс,
еңбек қаһарман сөзін керек қылады. Оқиғадан таптық мазмұн шығару біздің пьесаларда
үстірт келеді. Адамды ол пәлен таптікі деумен қатар шаблонға сала суреттейді деп келіп
Горький Шершлді мысалға алады. Оның таптық мінезі еңбекші елді жек көру. Сонымен
қатар онда "придаток" дегенде, қоспалар бар. Бұлар құнсыз, күлкі түрінде. Адамның
бәрінің тілі өзгеше басқа-басқа болып, барынша мағыналы болуы қажет. Бейімбет Мамық,
Көдебай, Бекболатты барынша мол көрсеткенде сол өз тілдерімен жаңа таптық
белгілерімен қатар Горький айтқан қоспаларымен де көрсетеді. Ал дұрыс адамдарға
келгенде осы ерекшеліктер, тұлғалық ерекшеліктер тереңдемей қалады. Олар функцияның
күйінде тұрып біріне бірі ұқсаңқырап кетеді. Есте көп сақталмайды. Топталған
коллективтік пішінмен ғана танылады. Ол қонымсыз. Жаңа драматургияда үстемдік алып
келе жатқан жеке кейіптік, қоғамдық кейіптің күшті болуы шарт. Киршон, Погодин,
Афиногенов үлгісі – социалдық реализм үлгісі. Пьесалары жақсы кейіп діңгегіне құрылған
"Майдан" кемшілігін сөз жағынан Бейімбет "Талтаңбайда" түзеңкіреген. Адамның бәрінде
жекеше тілдер бар. Сол сөздері адамдарының ішін, қалпын да ашады. Бірақ мұнда да теріс
кейіпкердің ашылуы айқынырақ та, дұрыс кейіпкер сол ерекшелікке ие бола алмай қалған.
Тағы да тұтасқан коллектив пішін боп қалады. Керегі жеке үлкен кейіп. Жаңа адамның
кейпі. Соның қуаныш пен жадырайтын жарқын жүзі. Бастайтын, желпінтіп, ертіп әкететін
тартысы болуы керек. "Талтаңбай" мен "Майдан" аяғы дұрыс кейіпкердің жеңуімен
біткенмен де алдыңғы жүрістері оқушы, көрушіні қоздыра әзірлемейді. Бұларға
тілеулестік, осылардың өз еңбегі арқылы туып отырған жоқ, жау жағының қастығы айқын
көрінгендіктен туып отыр. Драмалық құрылыс жағында Бейімбет пьесалары біздегі үлгі
беріп отырған пьесалар. "Майдан" айналасында талай "Майдандар" туады. Бұл ірі белгі.