Қазақстанның ашық кітапханасы
43
ДРАМАТУРГИЯНЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙЫ МЕН АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ
Менің баяндамама кіретін мәселелердің бір қатарын Орымбек айтып кетті. Сондықтан
кейбір жайларды қысқартып, баяндаманы бұрын белгіленген көлемінен кішірейте, тұжыра
сөйлеймін.
Ең әуелі, бүгінгі төңкерісшіл драматургияға қойылатын шарттан бастайын. Жаңа үлгідегі
социалдық реализм драматургиясының жаңаша, саяси таптық мағынасы оның 1)
тақырыбынан 2) драмалық түйінінен 3) тұлғасынан (образынан) 4) сюжетінен (әңгіме
өнерінен) көрінетін болады.
Тақырып – байшыл жазушының түсінігіндегі тақырып емес. Мұнда жазушының арнаулы
тақырыпқа қараған өз көзқарасы, таптық айқын көзқарас болып, байшыл жазушыныкінен
гөрі ашып айтылған болсын. Таптық тұрғысы айқын боп тұрсын.
Драмалық түйін – байшыл реализм драмасында "тұлғаның өзімен өзі алысуынан"
тұратын. Социалдық реализм драмасында түйін: субъектив ұжданшылдық емес, –
объективті қоғамшылдықтан туған түйін. Түйінде оқиғаның саяси-қоғамдық сыры
ашылатын болсын. Мысал: "Астық", "Майдан" – бір жағы, "Еңлік—Кебек", "Арқалық" –
екінші жағы. Түйіннің қақтығысы арқылы шешілуі қуанышты үміттілікпен жүзі
жарқындық түрінде шешіледі. "Астық," "Түрксіб", "Ғажайып қорытынды" пьесаларының
аяқтары сияқты. Мұнда социализм үстем боп, өктем шығып алдында күн сияқты кең
дүниесі көрініп жатқандай боп шешілетін болады.
Тұлға (образ) – байшылдық реализмде жекешелік, драмашылдық жөнінен суреттеледі
("Қаракөздегі" Сырым). Ол қоғамдық өмірге қарсы қойылған тұлға болады. Үстем
болатын арқау – дарашылдықта. Социалдық реализм драмасында тұлға қоғамдық күй мен
жекеліктің бірлігі (единствосы) болады да, үстем арқау қоғамдық арқауы болады. Рас,
адамның жекеше пішіні анықталмаса суреттілік болмайды. Сондықтан жаңағы айтылған
өмір шындығын жеке адамның кейіптік мағынасы, толық тұлғасы арқылы көрсету керек.
Сол адам тап тартысына қатынасушы адам болу керек. Жекешелік жағын басым етем деп,
жалпы адамдық сипаттарды қазбалай беріп, өмірден, тартыстан шығып әкетілген адам
болмасын.
Осы айтылғандай сюжет те бұрынғысынан өзгереді. Жеке адамның басын баян ететін
сюжеттен кетіп, қоғамдық сюжет боп өзгереді. Сюжет болмыстың кейіптілік мазмұнын
таптық көркемдік үлгісімен көрсеткен сурет болсын. Сюжеті ескі классиктердің сол ескі
өз сюжеттерін сомдап, талдап, нық зерттегеніндей қып – жете зерттеп сығымдап алу
қажет.
Жанр мәселесінде бізде де драма, комедия деген сияқты түрлерінің бірінен-бірі басым
болсын, бәрі де тең жасай бермекке керек.
Осы айтылғанның барлығы социалдық реализм бағытымен жазылып келе жатқан және
келешекте жазылатын пролетариат драматургиясының негіз іргелері. Біз қазақтағы
пролетариат драматургиясын алдымыздағы орыс жазушыларының үлгісімен салыстыра
сынаймыз. Интернационалдық мәдениет үлгісін солар толық меңгерді деп біліп, соның
аңғарын күзетеміз. Оқимыз, үйренеміз. Өзімізден ұлттық түр қоса өсеміз. Сол арқылы
алдыңғы қатардың шеруіне қосыламыз. Осы бағытты драматургияда үлкен қып бастаған –
Бейімбет. Драмалық ірі серпінінің басы – "Майдан".