Page 39 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
39
Содан ел қыстаудан көшкенше күндіз-түні өзі үйде болған уақытта Абай өлеңдерін
жаттатып, соны ылғи айтқызып, тыңдап жақсылап жаттап алмаған жерлерімді қайтадан
отырғызып, қайта жаттатушы еді. Абайдың өлеңін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да
ұйқасының өзі де қызықтырғандай әсер ететін. Бірақ әкем ылғи жаттауға бергенде
қайдағы ұзақ, қиын сөздерін беретін. Соның ішінде «Ат сынынан» бастап, «Алланың өзі
де рас, сөзі де рас» деген өлеңдерін жаттатқаны есімде бар. Бір уақыт «Масғұтты»,
«Ескендірді» де жаттатты. Сол жазғытұрымдай ауыр салмақ көрген уақытым жоқ еді.
Бұрын шаруа істеп, мал бағып, тәртіпті еңбекке салынған жерім жоқ болатын. Өйткені бір
шешеден жалғыз еркек бала болып, үлкен шешемнің қолында өскен еркелеу бала болдым.
Өзіміздің дәулеті(міз) орта, яки ортадан көрі де жоғарырақ болатын. Өз әкем де бір
шешеден жалғыз болған, оның үстіне еркек баланы қырыққа таман жақындаған кезінде,
зарығыңқырап барып көрген. Соның бәрі маған бейнетсіз, тоғышар, қарақан, бурақан үй
тентек бала болып өсуіме құрық бергендей болып еді.
Сонымен ең алғашқы «тізені» Абайдан көрдім. Өлеңін күндіз де, түнде де жаттадым.
Әкем жаттатып тыңдағаннан басқа, ештеңе қоспайды, көп мақтамайды да, бірақ, білмесем
ұрсып та қоятын болды. Анда-санда ғана аса үлкен өлеңді күн-түн жаттап, зорлықпен ғана
бірдеме қылып айтып шығатын болғанда, сүйсініп мақтаған болатын. Кейде шын риза
болғаны ғой деймін. Өзі құс атуға шыққанда қасына ертіп алып, атқан құстарын беріп
үйге қайтарып: «Өзім келгенше пәлен өлеңді жаттап қой», — деп тағы да жүк артатын.
Сонымен бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім. Бері келіп, орыс
оқуына келген соң Абай алыстап қалды. 1909 жылы әкем де өлді.
Бірақ әкемнен кейінгі әке сияқты болып, тәрбиелеп баулитын атам, Қасымбек еді.
Сонымен қыс-жазы бірге жүріп оқу оқыдым. 15-ші жыл(ы) городское училищені бітіріп,
күз семинарияға түстім.
Арасында ауырып, оқуды бірлі-жарымды тоқтатып доғарып қойып жүріп, семинарияны
1919 жылы шала-шарпы бітірдім.
Бұл кездерде февраль төңкерісі болған. 1919-ші жылдың аяғында кеңес өзгерісі болды,
әлеумет қызметіне араласып кеттік.
Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал мақалаларынан
басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде(гі): «Адамдық негізі
әйел» деген нәрсе еді. Бұл.анығында менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі
болатын. Негізгі пікір сонікі еді, мен соның пікірімен жаздым. Мақаланы бергенімізде
ешқайсымыздың қолымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса
Сәлімбеков пе біреуі мен әкеп берген соң, «семинарист Әуезов» деп аяғына қол қойып
жіберіпті. Содан кейінгі баспа сөзіне толығырақ араласқаным 1918 жылы «Абай»
журналының шығуымен байланысты. Ондағы сөздерде сырлы әдебиет емес, жалпы
мақалалар, балалықтың, жастықтың әр сайға басын соққан сайдалысы, далбасалығы
сияқты.
Сырлы әдебиетке кірісуді пьеса жазудан бастадым10 1918 жылдың 1919 жылға қараған
қысында сүзек болып ауырып, оқуды тастап қырға шығып тұрып едім. Сонда ең алғашқы
пьесам «Ел ағасы» деген перделі драма жаздым. Шу дегеннен пьесадан, драмадан
бастаудың өзі де белден шапқан сияқты орынсыз басталған құр кеуде болатын. Бұл да көп
сандырақтың бірі — берекесіз кездер еді. Сол сорлы пьесам қайда екенін осы күнге шейін
білмеймін. Өзімде қарасы да қалған жоқ.
Қыс бойы елде болып, жаз тағы елде болдым. Ондағы жазғаным «Бәйбіше — тоқал».
Жиырмасыншы жыл мардымсыз өтті. Келесі қыста 1920-шы жылдың аяғында