Қазақстанның ашық кітапханасы
38
түсіп, бұрынғы ата кәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы өтті.
Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты
ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді.
Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз
әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді.
Ауылымыз да өздерін қожа деп көп айтпай, Құнанбайдың балаларымен, немерелерімен
туысып араласып кеткен туысқан есепті санайтын. Осының барлығының салдарынан
менің үлкен әкемнің жас шағынан бері қарай бұл қожалардың қиял қылған нәрсесі өзге
қара қазақтың әдет салтынан ешбір айрылмағандай болады. Ауылдың үлкендері болса
бәйге ат ұстап, ас пен тойда ат қосуды салт қылып, жігіті балуан болып, күрескіштікті
өнер көріп, бір алуаны мал баққыш, жауынгер, ұры түсіргіштікті салт қылып, кейбірі
сауықты, аңшылықты әдет қылып, көп күндері сонымен өткендей. Өзім туып ес біле
бастағанда ауылымыздың қара қазақтығы, маңайындағы елдің қалпынан биттей де
айырылмайтын сияқты еді. Сондықтан бала күнімнен қожалық деген нәрсенің салты,
пішіні қайсы екенін өз ауылымнан көріп білген емеспін.
Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына
келгенімде ғана көрдім. Бір жылы күзді күні ауылымызға біздің қожалардың Сыбан
ішіндегі бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ
ауылымызға бір суық жат тәртіп ала келгендей болды. Бізді олардың үстіне ылғи
тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаң аяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп,
алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты
бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп
кетіп жататын қонақтардың ішінде солардай ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл
екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды,
намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи құран зулатады.
Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырғалаңдап жүрсек те
таңертеңгі намазда қолдарына ұзын-ұзын тәсбиқ алып «зікір» салған уақыттарында ылғи
есіктен қарап қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Солардан соң толық
қожаны көрген емеспіз.
Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің
алдынан хат танып, түркі оқитын болған соң 9—10 жасымда әкеммен бір туысқан ағам
Қасымбек қасына алып, басында бір жыл Семейдегі Камали деген қазіреттің
медіресесінде мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға берді. Орыс оқуына әуелі өзі
дайындады. Содан кейін бір қыс ел ішіндегі ауылнай школдан Әбіш Қасенов деген Семей
семинариясын бітіріп шыққан қазақ учителінен оқып, келесі жылы күз Семейдің «5
класный городской училищесіне» түстім. Содан әрі мектептегі оқу тәртіппен кетті.
Қалаға барып оқи бастағанға шейін ауылда өткен балалық уақытында әкелерімнің үнемі
оқытатыны Абай өлеңдері болатын. Ол кезде Абай жазба. Бірақ елдің басты адамдары
балаларына оқыту үшін Абай кітабын, белгілі кітап көшіргіш молдаларға ақша беріп әдейі
жазғызып алатын.
Мен бері келіп ес білген заманға шейін сондай көшірушілікпен күн кешкен кісі Мүрсейіт
деген молда еді. Ол соны кәсіп қылып алған. Абайдың қара сөзі мен өлеңін түгел көшіріп
бергеніне бес теңге ақы алушы еді. Бір жыл жазғытұрым өз әкем «Абай кітабы келеді» деп
өзімді көп уақыт, бір үлкен қызық сый беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп,
ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді.