Қазақстанның ашық кітапханасы
40
«Қорғансыздың күні» деген әңгімені жаздым. Сол қыста ең алғашқы рет «Еңлік —
Кебекті» жаздым. Бұл Семейде ойналып, құлап шықты. Ойнауға ауыр, сахнаға қолайсыз
болды. Соны келесі жылы 1921 — 1922-ші жылдың январында Оралға аштықпен
күресеміз деп барғанда, Теке қаласында тұрып түзеттім, Орынборға келіп баспаға бердім.
1922—1923-ші жылдың қысында Ташкентте «Шолпан» журналын шығардық. Сонда біраз
әңгімелер бастырдым. 1924-ші жыл(ы) қыс елде тұрып бір роман жазып едім, ол әлі
баспада шыққан жоқ. Ташкенде тұрған уақытта бір пьеса жаздым. Ол да әлі шыққан жоқ.
1925-ші жылы Семейде «Таң» журналын шығардық Сонда бірнеше әңгімелерім басылды.
Сол қыста «Қаракөзді» жаздым.
1926—1927-ші жылы «Сұғанақ сұр» деген повесть жазып едім, баспаға шықпады. 1927-ші
жылдың күзінен бері «Қараш-Қараш оқиғасы» деген бір повесть жазып «Жаңа мектепке»
жібердім. Аяғында жақында «Қилы заман» деген бір ұзақ әңгіме жазып, Госиздатқа
жібердім. Ірі жазғандарым осы.
Қазақ жазушыларынан әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған
нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз,
қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан
туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып кіндік кескен жерді сүюмен
бара-бар болатыны бар.
Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ
ақындарының қара-қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына
оратылып барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан
культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір
заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай,
бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып күндегі өмірдің тереңін терген
ақын болмайды, заманынан басын озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет —
әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі
күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын
сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, ете сенімсіз деп білемін.
Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша
қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психологизм
араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы. Мына екеуіне қарағанда
өзің де ұяласың, өзің үшін де ұяласың. Жан құдайының алып жұртын көргендей болып
кішірейіп,тапталып қаласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін.
Европаның жазушысында Анатоль Франсты жақсы көрем. Бұның алуаны өзгелерден
бөлек. Терең білімге, сыншы ақылға бой ұрған данышпан жазушы. «Чтобы быть
прекрасным, надо быть разумным», — деген Еврипид айтқандай, бұл ірі жазушылықтың
екінші бір тұрғысы сияқтанады.
Мухтар.
Ленинград, ғинуардың 29-ы.
ҚАЗАҚ ЖАҢА ЕМЛЕС
Ӏ
ТУРАЛЫ ДЕКРЕТ
Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің қаулысы