Қазақстанның ашық кітапханасы
37
Өлкетанудың өндіріс жұмысында қолғанаты, жәрдемшісі алдымен жергілікті шаруа,
өндіріс орындары қызметкерлер мен үнемшілер болуы тиіс.
Нақ осы кезде өлкетанудың өндіріс жұмысында бізде айқын белсеніп істеушілер күн
санап етек жайып, өрісін кеңейтіп келе жатқан жұмыскерлер мен ауылдардан шыққан
тілшілер. Міне, жұмыскерлер мен ауылдан шыққан тілшіліктің ең жақсы жағы осы
өлкетану жағын айыра білуде. Айналасындағы шаруалардың ұсақ-түйегіне шейін
қалдырмай бейнелеп қарап, бақылап қоғам тұрмысына назарын салып, кемшіліктерін
айқын көрсетіп, оларды жойып жаңғыртуға, жақсылауға күрес ашуда.
Бірақ шаруа жайын, қоғам тұрмысын зерттеу жалғыз білім үшін ғана керек болмауы тиіс,
оның үстіне жергілікті еңбекші елдің мұң-мұқтажын өтеу керек. Мынау осындай қоғам
тұрмысына бейімделген, еңбекші елдің өте керекті шаруа, мәдени, саяси құрылысына
байланысқан жұмыстарына назарын салып, көңілін бөліп лайықты жәрдемін тигізген
өлкетану жұмысы болса, оған қалың еңбекшілердің талапты, бұл зерттеу жұмысына бүкіл
еңбекшілер, ауылдың белсенді азаматтары жедел қатынастырылып орындалмақ.
Аймақтану съезі айрықша көңіл бөлетін жұмысы. Қазақ шаруашылық мәдениеті
үстіміздегі дәуірде ең ірі міндеттерді жалпы елдің алдына салу, жеңіл тілмен айтып ірі
ілім сөзін елге жеткізу, түсіндіру — оқытушылардың міндеті. Аймақтану съезінің бүкіл
жұмысы баспасөздегі мақалаларды көзден таса қылмай елге түсіндіре отыру. Аймақтану
съезінің деректерінен пайдаланып, өз бетімен аймақтану жұмысының қолынан келетіні
түрлі қолынан атқаруға үйренуі болады.
ӨЗ ЖАЙЫМНАН MAҒЛҰМAT
Мен 1897 жылы сентябрьдің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған
Тобықты іші. Шыңғыс болысында. Менің аталарым қожа, алғашқы шыққан жерлері
Қаратау деуші еді. Үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресінен бала кезімде бір
көргенімде біздің қожалардың арғы атасын Бақсайыс дейді. Бұл Арқадағы қожа
атаулының барлығының ұран қылатын ең қадірлі, атақты қожа(сы) болса керек. Тобықты
ортасында, әлде қожалардың көп айтып құлағына сіңіргендіктен бе, болмаса елдің өзі де
діндарлау заманында бірдеме-бірдеме естіген бе, әйтеуір Бақсайысты әншейін қара үй
қазақтың да көбі біледі. Кейде баласын таба алмаған қатын сияқты қысылғандар
Бақсайыстың аруағын айтқыш сияқты көрінеді. Сол Бақсайыс жаңағы айтқан шежіреде
менің әкем Омарханға 18-ші ата болып келуші еді. Тым кәрірек көрінеді. Егер сол
Бақсайыс қазақ ішінде тіршілік еткен адам болса, онда менің аталарым ерте күнде қазаққа
келген болу керек. Жоқ Бақсайысты бергі қожалар айтып ұғындырған болса, ондағысын
өздері біледі. Қайтсе де бұл қожалардың қазақпен араласып, қазақтан қыз алып, қыз беріп,
қазақша тұра бастағанының өзіне де бірталай заман болған сияқты.
Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп Найман ішінен
келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі
шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа Тобықты ішіне келген соң.
бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл
елмен құдандалы жақын болып Тобықты ішінен қоныс алып мекен етіп тұрып қалған.
Бердіқожа өзге қожаларша қожалық үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме мен
оны білмеймін. Солай қылды деген сөзді естігенім жоқ. Одан бері үлкен әкем Әуез, өз
әкем Омархан аты қожа дегені болмаса қожалықтың жолында істеген өзге қара қазақтан
бөтен ешбір ісі болған жоқ, бұлай болуына да қисыны жоқ. Өйткені Тобықты іші ертеден
соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты.
Ӏ
шінен Құнанбай, Абай
сияқты кісілер шыққан соң бос фанатизм, қараңғы наным азайып ақылға бой ұрғыш, көзі
ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да, көптің ауқымына