Page 34 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
34
Бұл қалып жалғыз ғана қазақтағы емес, жалпы жер үстіндегі еңбекші таптағы қалып,
мұның мәнісі өнер-білімнің жалпыланып орнына жұмсалмағаны. Түрлі тарихи
себептермен өнер-білім жалпы өндірушілер қолында емес, өндіртушілер қолында болған.
Бұдан өнер-білімнің жалпы еңбекшілер тұрмысының оңдалуына әсері болмаған, не кем
болған, қатта зиянды болған. Бұл қалып өнер-білімнің толық дамуына да зор кесел боп
келген. Енді тұрмыс жөндеу жолын жалпыландыруды негізге алып отырған кеңес үкіметі
өнер-білімді де жалпыландырып еңбекшінің тұрмыс жүзіндегі құралы қылмақ. Екінші
түрде айтқанда, өнер-білімді өзінің негізгі жолына салмақ.
Осы мақсатпен журналымызға өнер-білім бөлімін кіргізбекпіз. Әрине, өнер-білімді
қолданып кеткендей танудың жолы мектеп жолы, әсіресе, жоғарғы дәрежелі мектеп. Бұ
жағынан да шара қолданылмай жатқан жоқ. Алматыда арасына жыл салмай бірінің
артынан бірі екі жоғары дәрежелі мектеп ашылып та отыр. Ол өзіне басқа журналдың
мақсаты өнер-білімді мектепше жіпке тізгендей қылып тарту емес, тек негізгі жүйесімен,
келе жатқан бағытымен кезінде таныстырып отырмақ. Жаратылыстың өзі қандай кең
болса, құшағы сондай кең. Бір журнал арқылы оны тұтас шолу мүмкін де емес.
Сондықтан аса бір негіздісі болмаса, журналымызда өнер-білімнің қазақ тұрмысына өте
ділгер жағынан ғана мағлұмат беріп отырмақпыз. Біздің ойлауымызша, қазақ тұрмысына
ділгер ауыл шаруасы, денсаулықпен байланулы өнер-білімдер болу керек.
ЖАРАТЫЛЫСТАҒЫ ДАҒДЫЛЫҚ
Жер үстіндегі жаратылыс негізіндегі дағдылық — жердің күнді айналу дағдылығы. Жер
күнді үйіріліп отырып айналады. Жердің күнді айналып шығатын мезгілін жыл дейміз. Бір
жылдың ішінде (күнді айналып шыққанша) жердің өзі 365 реттен бір аз артық ұршықша
үйіріліп шығады. Әрбір үйірілгені күнге есептеледі. Сонымен жыл 365 күнге есептеледі.
365 реттен жыл сайын аз артық есептелмей отырылады да 4 жылда бір күнге толар-толмас
боп 366-ші күн февраль айына қосылып отырылады. 4 жылдың ішінде күн есебіне толмай
қалғаны. Бірақ ол өте аз, мысалы, 400 жылда үш күн шамасы ғана болады. Осы күнгі
қолданып отырған жаңа календарымыздың ескіден айырмасы осыны жаңа календарьдың
ескеріп есепке кіргізіп отырғаннан.
Бұдан басқа жылдың төрт мезгіл боп өзгеруі де жердің күнде айналған кезіндегі қалпынан.
Жер күнді айналғанда тік тұрып айналмай, көлбеу күйінде айналады және осы бір
көлбеген қалпын өзгертпейді. Бұдан барып жер күнге бір жылдың ішінде бір рет бір
төбесін беріп, бір рет бір бүйірін қаратып, бір рет екінші төбесін беріп, бір рет екінші
бүйірін қаратып өтпек. Жердің күнге қараған жақ төбесі жағында жаз болмақ. Күннің
көлеңке жағында қалған төбе жағында қыс болмақ. Қысқы қалпынан жазғы қалпына қарай
айналған кезінде күнге дәл бүйірі келіп жазғы тұрғы 22-мартта күн мен түн теңеледі.
Жазғыдан қысқы орнына қарай айналғанда күнге 22-сентябрьде дәл бүйірі қарағаннан күн
мен түн тағы бірдей болады.
Бұған қарағанда күн, жыл райы дағдылығы жердің айналуындай дәл боп отыруы керек
еді. Жаратылыстың тәжірибесіне қарасақ жыл райында нақ бұ секілді дәлдік жоқ. Күн
райына келсек дәлділік одан да кем. Мысалы, бір жылы қыс ерте басталады, бір жылы кеш
басталады. Бір жыл жаңбырлы, бір жыл жаңбырсыз болады. Бұған себептер толып жатыр.
Көбі әлі тексеріліп жеткен де жоқ.
Жыл райының байланысымен өте күшті болғандықтан, жер жүзінің мамандары бұл
себептерді тексеруде бұлар арқылы жыл, күн райларын болжау жолын іздеуде.