Қазақстанның ашық кітапханасы
31
Әнінде таза дала сарынынан гөрі бояу кестесі басқарақ, жаңарақ көрінсе, ол Әміренің
біреуден алған үлгісі, жұғындысы емес. Өзінің талантынан ғана туған жаңалық. Бірақ бұл
жаңалық европаша емес, қазақша. Әміренің айтуында дала әні жаңашалау сезімділікке
боялған. Осынысын қазақ әнінің бір саты ілгері басқаны, көркеюге ұмтылғаны дейміз.
Әміре қай әнді болса да өзінше кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкі, маржан тағып алады.
Осы бағытын дұрыс, жақсы бағыт дейміз.
Бір-ақ кемшілігі: Әміре Семей әнін ғана айтады, Ән саны аз ғана. Таңдауы көп емес.
Біразына екіншісі ұқсай береді. Өзіне бір нық қалып соғып алып, содан әрі аспай,
жылжымай, тұрып қалатын сияқты. Анығында, бүгінгі халінде ол жалпы қазақ әншісі
емес, Семей.әншісі болып отыр. Қазақтың кең даласындай әр жерінің әні де кең қорлы,
алуан, бөлек. Бірінен-бірінің кестесі қайшы, жат та болып шығатыны бар. Олай болса,
қазақ сахнасының жалпыға бірдей әншісі сол Қазақстанның әр бұрышындағы әр
үлгілерінің әрқайсысын да жақсы білу керек. Бір әнді Семей қалай салады, Ақмола,
Қостанай, Түркістан қалай салады. Арқа әні мен Сыр бойының әні, Ұлы жүз бен Кіші жүз
әндері, қазақтың романс сияқты ырғағы мол, сезімі зор Мұхит әні сияқты әндердің
барлығы да Әміренің төл әні сияқты болу керек.
Әнді бір қалыппен үнемі созып айтпай, анда-санда желісін үзгендей, екшеп тастап, толқын
артынан толқын соққандай сатырлатып айтатын құбылысы көп үлгі Атбасарда бар
сияқты. Әміреге сол да жат болмау керек.
Әміреге тоғыз облыс Қазақстанның әрбір бұрышына барып, жақсы әншіден ән үйреніп,
түр жиып алып қайтып жүрсе де обал емес. Болмаса, Затаевич, Ковалев жиған, нотаға
түскен әндерді толық пайдалану керек. Онан соң бірен-саран күйлерді әнге айналдырып,
жаңа үлгі сияқты қылып ұсынып байқауға да болады. Не қылса да бір орында бір-ақ түрлі
үлгімен, жалғыз Семей әндерімен, қатып тұрып қалмай, кеңею, молаю, өсу керек. Өскенде
жалпы Қазақстан әншісі боламын деген мақсатты қолдану шарт.
Тегінде, труппаның қай адамына болса да. үнемі бір-ақ қана қалып жасап алып, содан
озбай тұрып қалуға болмайды. Көпшілікке жаққан, сүйсіндірген, бір үлгі түрің болса, бір
қозғалыс, бір бет құбылысы болсын, қай-қайсысын болса да орынды-орынсыз жердің
бәрінде бірдей қолдана беруге жарамайды. Онымен сол қызық көрінген өнерлік үлгінің
өзін де тудыруға болады. Өзіңді тез торып, берік шағындап, ұзамай тарылып қалуға
болады. "Түр үстіне түр табу, үлгі үстіне үлгі табу қажет. Қазір қазақ труппасы ойнап
жүрген пьеса да шағын. Елге көрсететін өнерлерінің саны, өрнегі де аз ғана. Сол азғананы
жаңа ажар қоспай қайта-қайта ұсына берсек, аз заманда жаңалық, жарастық исінен
айрылып, белгілі кәрі даңғыл жол сияқты болып, сары жұрт болып қалуға болады. Осыдан
қатты сақтану керек.
Шеттен оқып білім табуға, өрнек қосуға болмаса да туа артист, туа өнерлі болып жаралған
ойыншы өзін-өзі қатты тексеріп, қатты сынап отырса, жаңғырып, жасарып ілгері басуына
мүмкін. Біз бүгінгі күнгі табыстарын мақтасақ, ертеңгі күні мұндай болмайды. Тағы да
ілгері жылжиды, тағы түр тауып көркейеді, ұлғая береді деп сеніп мақтаймыз. Егер ертең
де, бүрсігүні де осы күйінде тұрса, ол кейінгінің белгісі болар еді. Алдына қарай адымдап
баспаған өнер әрқашан кейіндей бермек. Сен бір орында тұрғанмен, уақыт озып, заман
ілгерілей береді. Сол уақытта алдыңнан қала бастасаң, кейіндегенің.
Осы реттен қарағанда, Елубайдың дуана болған уақыттағы құбылыстары «Айшаны»
ойнағанда тағы да сондағы сияқты көз қылиландыру араласқан соң көрушіге «кешегісі»
дегізгендей болды. Дуаналықтың мағынасыздығына, мағынасыз ажармен көз
қылиландыру әдемі жарасса, ертеңінде ауруды бағатын молда соны істегенде, одан кейін