Қазақстанның ашық кітапханасы
30
қызығы болып дәурен сүреді. Исасы жоқ болған заманда уақыт та үзіледі. Тағы бір
Исаның келуін күтеді.
Бірақ Иса болған заманда театрдан қол үзуге, айырылуға керек емес. Мұның ісі арқылы
қазақ сахнасына бір үлгілі жаңалық кірді. Сол салт традиция есебінде сақталу керек. Біз
қазақ сахнасының Исасы бар заманын қызықты қымбат сыйы есепті түсінуіміз керек.
Қолдан жасай алмайтын, оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді, біз — бүгінгі
заманның адамдары мәдениетті елше кәдірлей, бағалай білуіміз керек.
Исадан соң өз жолында осы сияқты жайынан, қарапайымнан шыққан сұлу өнердің иесі —
Әміре.
Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шамшырағы жанғандай. Жүрек тербетіп,
қуантатын, аспандаған қуаныш белгісі, балалық жарастығы бар. Әміре әншіліктің ақыны.
Әрбір ырғағанына жанын салған шыншылдығы көрінеді. Жүрегінің түкпірінде
жылтылдап жанған өнер оты сезіледі. Сондықтан қазақтың қай түкпіріндегі қай алуан
адамы болса да, кәрі-жасы, әйел-еркегіне қарамай түгелімен Әміренің әнін қуана, сүйсіне
тыңдайды. Әміре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірде сөгіп, мінеп, бірде
болымсыз сөзбен жұбатқан болып әрлы-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы,
оқыған қазақ — олар туралы соңғы сөзді айтудан бұрын, қалың қазақ тыңдаушысы не
айтатынын еске алуымыз керек. Егер олардың артында қошеметшісі, мақтаушысы болып
иін тірескен қалың елді көрсең, сол бізге тоқтау беру керек. Оны көре тұра өнерлі, сыншы
кісімсіп, қыңыр кеудеге салып өрге сүйреу ұят. Ол — надандық белгісі. Қалың қазақ
мақтаған өнерші — сыннан өткен өнерші, заманының қауымы өнерін таныған, қабылдаған
өнерші. Рас, бір түр ғана елдің мақтауымен тойып, тұрып қалуға болмайды. Түріне түр
қосқызу, ілгері бастыру, нағыз мәдениетті өнерге ұқсату жағынан көмек істеуіміз керек.
Бірақ осының бәрін мыналардың қадір-қасиетін танып бағалай отырып істеу керек.
Егер бүгінгі қазақ театры шынымен қазақтікі болсын десек, осы істеп отырған істердің
ішінде қалың елге әрі ұғымды болып, әрі көбірек сүйсіндіретін түрлерін көтеріп ұстап, зор
бағалау керек. Сахна өнеріне елді әкеліп кіргізетін, жаңа өнердің көпшілікке атын
таныстырып, затын жат қылмайтын ел мен театрды бір-біріне жанастыратын сондай
қызметкерлер болады. Және қазақ театрының ел іргесіне, қазақтың анайы топырағына
қаланғандығына даусыз сияқты бұйымдар үлкен белгі болады. Мұны театрдың маңызын
дұрыс ұғынатын кісінің қай-қайсысы болса да есінен шығармау керек. Қазақ топырағында
жасалатын мәдениетті театрдың бұл үлкен шарты деп саналу керек.
Жә. Біз бұл күнге шейін қазақ театрындағы өнерлілердің жақсылық белгілерін, ерекше
көрікті көрінген қасиеттерін ғана айттық.
Сынсыз мақтау құр қошемет сөз сияқты болып кетуге де мүмкін. Бірақ мен өз білген
мөлшерімде бұл уақытқа шейін айтқан сөздерімді сынап айттым деп білемін. Әрбір дені
сау сынның бір беті жақсылықты атау болса, екінші беті, астары кемшіліктерін айтуға да
арналу керек.
Жаңағы мақталған труппа адамдарында сол жаңағы саналған жақсылықтармен қатар
әзірше жетіспей келе жатқан кемшілік те бар. Енді соны айтайық.
Бұл жайда әуелгі сөзді соңғы тоқтаған кісім, Әміреден бастайық. Әміре Европа
сахнасының оқымысты, білімді, мәдениетті әншісі емес. Ән салатын үлгісі, айтып жүрген
сарыны барлығы да әзіргі Әміренің жалпы дайындық шамасына қарағанда, мін деп
айтатын нәрсе емес. Біз білген, көпке танылған Әміре осы пішінде, осы күйімен қалар да.