Page 29 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
29
Жалпы сахна өнеріне Исаның нөмірлері жаңадан қосылған жат бұйым сияқты. Мұның
өрісі театр жолында емес, ақындық, әдебиет тарихының бағытында сияқты. Бірақ бұл
алғашқы қараған көзге ғана солай көріну керек.
Әйтпесе, қазақтың баяғы суырыпсалып айтатын айтыс ақындарының үлгісі бұл заманға
ауысып келгенде, әдебиет тарихынан да сахнамен туысуына керек, сол қажет.
Баяғы тойда, топта жырлайтын қазақ ақыны сол заманының сахна өнерін жасаушылар деп
танылу керек. Әдебиетке олардан сарқылып қалған сөз болса болды, болмаса жоқ.
Олардың қызметі алдында қарсы қарап құлағын түріп, тыңдап отырған көруші мен
тыңдаушысына арналған болатын.
Қазақ сахнасы ол күнде жанданған сөзбен күн көрген жоқ. Ақындық қоры мол
болғандықтан тың, жаңа сөзбен жасаған.
Ел бойына мол боп біткен өнер, сахнаның сондайлық өзгеге жат бір түрін тудырған.
Тегінде, жалпы суырыпсалма ақындық, әдебиет қорына, жалпы, мағыналы ақындық
қазынасына өте үлкен мағыналы бұйым қосуы қиын. Онысы өлең шығарған реттерінен,
заңынан да көрінеді.
Бірақ суырыпсалма өлең көп алдында ақынның өз аузынан сол арада ғана шығып,
арнаулы сарынға түсіп, домбырамен бірге қанат қағып алып ұшып келе жатса, ең әуелі өте
әсерлі жарастық, үлкен әсерлілік сол шабысының өзінде деп саналу керек.
Әдебиет, музыка, сахна — бәрінің бірдей бас қосқан жері — осы. Адамдағы салтанатты,
сымбатты өнердің өзгеге жат, бізге таныс бір алуан түрі, үлгісі — осы.
Бұл әдеттегі қарындаш ұстап қағазға жазып, мағыналы болып түрленіп, үкілі маржанды
болып шығамын дейтін ақындықтың анда-санда ойынға шығып бой жасағаны, балаша
асыр салған ойнағы сияқты.
Ұғар болсаң, бағалай білсең, осы халінде, осы минутында бағала да, тамашала.
Және әдебиет болса, оның бәрін тасқа түсіріп таңбалап, ертеңгі тарих қолына тапсырған
күнде ғана әдебиет деп бағалаймыз ба? Онан соң тасқа түскеннің де қаншасында
қаншалық ұзақ өмір бар, оған кімнің көзі жетіпті. Бір-ақ күн үшін жазылып бір күнмен
барлық өмірі таусылып бітетін сөз жоқ па екен. Жалпы жазба өнерінің ішінде осы күнде
дүниені сөзге толтырып шығып жататын көп газеттердің бар сөзі бір-бір-ақ күн өмір
сүреді. Жаңа газет келді, оқылды. Сонан соң ұмытылды, өшті. Бүгінмен ғана өмір сүріп,
ертеңгі күн дегенді білмейтін сөздер баспа жүзінде бір емес әлденеше. Ақынның
суырыпсалма өлеңінің тағдыры ең жаман болғанда сондай-ақ болар.
Бірақ сол айтылған сағатында оның қызығы, жарастығы, тыңдаушыны сүйсіндірген әсері
қай сөзден кем? Сол бір сағаттағы үлкен жанықпен жанып өткен жарастығының өзі де
суырып салма өлеңге талай-талай баспадағы сөзден сонағұрлым қымбат, сонағұрлым
әсерлілік беретіні бар емес пе?
Сахнадағы пьеса — осындай жалынды, жанды сөздің иесі; бұл ғасырдың сахнасына жат
болып кеткен кеннен шыққан өнердің иесі.
Рас, бұл өнер театр тарихымен ұзақ жасай бермейді. Мұны қолдан жасап ала алмайсың.
Әр дәуірдің сахнасында Исалар туып отырса, осы түр қазақ сахнасының бір ерекше