Page 28 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
28
Диуаналыққа сол күлкі — өлім күлкісі. Елубай Түркістанның бар диуанасына сабақ
болады. Бірақ диуаналықтың жаназасын шығарушы да сол Елубайдың өзі.
Елубай — қызу қанды, ащы мысқыл иесі, ішінде сахна өнерінің қайнар көзі бар, жанды,
отты ойыншы. Шынымен бабына келтіретін роль болса, Елубайдың іштен тасып шығатын
қызуы өте мол. Мұнда өмір екпіні, өнер оты тіпті күшті сияқты. Сондықтан залды баурап
билеп, бағындырып алатын албастысы барға ұқсайды.
Бірақ мұның қаупі салақтығында бола ма деймін. Рольдерін көбірек ойлап, іштей көбірек
қорытып алмаса, үстірт кететін жерлері болатын сияқты. Бұл жайын кейін айтамыз.
Бұлардың соңғы мен көрген ойындарда өздерін көңілдегідей жақсы ұстаған
Жандарбекұлы мен Латып. Бірақ екеуінің рөлі де өздерінің нағыз бойын түгел көрсететін
рольдер болмағандықтан, бұлар турасындағы сөзді кейінге қалдырдық. Әр артисті
өркештендіретін өз рольдері бар екен. Бұлар ойнайтын пьесалар мен барда ойналған жоқ.
Сондықтан әзірге сөз ерте айтылатын, астын-үстін кететін сөз болуға болады.
Әзіргі санағандарымыздың барлығы — жігіттердің арасындағы ойыншылар.
Қазақ труппасында саны аз болса да әйел ойыншылар да бар. Бұлардың ішінен Жанбике,
Зура, Оразке, Исаның келіншегінің ойындары жақсы әсер етеді.
Жанбикенің үлкен, жақсы белгісі — өзін-өзі көп тексеріп, көп еңбек қылатын сияқты.
Мұнда ауырды жеңіл қылып, берілместі аламын деген талап көп. Осы жағынан қарағанда,
жігіттердің болсын яки басқа әйелдердің болсын бәрінің арасында ерекше қажырлы,
барынша ықыласын берген, еңбегі күшті, талабы зор ойыншы Жанбике екенінде дау жоқ.
Зура «Қаракөз» ролінде қайта туғандай болады деп, көп көрген көп сыншылар куәлік
береді. Бірақ мен оны ол ролінде көргенім жоқ.
Қазақ труппасының пьеса, спектакльмен бірге жасап дәуірлеп келе жатқан сенімді жақсы
күштері осы болса, осымен қатар, баяғы кәрі қазақ өнерінің анайы топырағынан келе
жатқан асыл бұйымдай қадірлі ірі күштері тағы да бар. Бұл — Иса мен Әміре.
Иса желпініп, үзілмей соққан cap даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың
иесі. Бүгінгі Европа Исаның ақындығындай суырыпсалма, желермен, тұтқиыл ақындығын
ақындық теңізі деп түсінер еді.
Осы күнгі Европаның сахна өнеріне мұндай сый жат болып, жоғалып кеткен. Бұл — сахна
өнеріндегі таза қазақ тумасы. Құмды, желді даланың жан жаралған жайын төсті
сыпырғысы сияқты молдан пішілген дала табиғатына үйлескен бір өнер. Бүгінгі қазақ
сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жиғандай, мәдениет тарихының әлденеше
дәуірлерін бітімдестіргендей.
Мұның арты баяғы кәрі заманнан саналы толғау иесі жыраудан, ру бәсекесінде ат
жарыстырғандай сөз жарыстыратын айтыс ақындарынан келе жатқан суырыпсалма.
Бүгінгі тұрған орны сахна. Айтылып қалған сөздері әдебиет туындысы. Иса сахнадан үгіт
айтады, сын айтады. Өзі түсінген мөлшерде сұлулықты, жарастықты жырлайды. Өлең
жырмен әңгіме баяндайды. Табиғатты сипаттайды. Өлеңмен күлдіргі қалжың айтады.
Жақсының сарынындай құбылып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда,
шалқыған ақындық сөзін ту қып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының
шабысы елестегендей болады...