Қазақстанның ашық кітапханасы
289
өзін асыраған күтуші апасы жақын болатын, сол апасы Агафьядан ол халық шындығын
тануды үйреніп еді. Татьяна Ларина сияқты, бұл да құрбандыққа әзір, тірлігіндегі ең ұлы
нәрсе: адамдық қарызды ада қылу деп түсінетін. Ол өзінің бар болмысымен зор
мейірбандыққа бейімделген. Әрбір адамға да таза орыс мінезімен қарай біледі. Бұл
мінезінде сыртқы жалтырақ жоқ, бірақ жүрегіне терең орнаған рақым мол болатын. Қыз
өзі діндар әйел тәрбиесінде өскендіктен, көне Россияның мистикалық болмысына да бейім
еді. Лаврецкийді ол ақылымен түсінбей, жүрегімен түсінген-ді. Оны сүйгенде де орыстың
сол замандағы осындай топтарының махаббатымен сүйген болатын. Бұларша, махаббат ең
алдымен "есіркеу" боп танылатын.
Лаврецкий де өз буынының басы артық адамдар екенін жақсы түсінеді. Жаңа адамдардың
бұлардың өз орнына келуін әділет деп біледі. Геройларындағы осындай ерекшеліктер
тургеневтік қасиет болатын. Осылайша, туған жеріне қайта оралуды аңсау, әлдебір
"халықтық шындықты" аңсау - "Дворян ұясы" романының арқауы есепті, түбегейлі
тақырыбы.
Өз дәуірінің барлық басқа адамдары сияқты, Тургенев те әйелге арналған махаббатқа
ерекше зор мән берген. Махаббатты ірі бағалау Белинский, Станкевич, Герцен - бәріне де
ортақ ерекшелік болатын. Бұлар үшін махаббат өзі де бір өзгеше туыс және әрбір туыспен
табыста болатындай, махаббаттың да өзіне арналған таланты болады деп ұғынысады.
Тургеневтің қыздарында осындай махаббатқа таланттылық бар деп танылатын.
Сондықтан да, Тургенев Лаврецкийдің айыбы не дегенге тура жауап бермесе де,
махаббатқа татитын затты, Лиза сияқты, оңай тани білмегендігін мін санайды.
Тургеневтің бұл романын орыс әдебиет тарихында қара сөзбен жазылған поэма деп
бағалаған. Роман лирикаға толы, басқа романның ешқайсысында да Тургенев дәл осы
"Дворян ұясындағыдай" боп өзінің авторлық ішін ашқан емес. Мұнда өзгеше көркем
лирика табиғат көркіне арналған, табиғатта Лаврецкийдің жүрегіндегі күйдей, үн салып
күңіреніп тұрғандай болады. Роман геройы мен табиғат бірге, қос өрімдей боп қатар тірлік
еткен тәрізді.
Осы қасиеттеріне қарап, бұл романды орыс халқының оқымысты қауымы "елтігендей
құмарлықпен" оқыған. Салтыков-Щедрин осы романды тамашалап бағалаған кезінде:
"романның әрбір дыбысынан жарқын поэзия аңқып тұрады" деген. Добролюбов
Тургеневтің қасиеттерін бағалай келіп, "қоғам тірлігінің заңды пернесін баса біледі" деген.
"Дворян ұясы" романы үлкен герой жайындағы роман емес, бұл роман енді ғана жаңа
тәсіл туғызып өсіргелі келе жатқан Россияның аналық топырағы жаңғыруы жайындағы
роман деп танылады.
Осы айтылған азын-аулақ түсінік сөздерден соң, бұл романды аударудағы өзім қолданған
әдіс туралы айтайын. Мен шамам келгенше, ең алдымен, романды дәл аударуға
тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере
алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару
деп түсінемін. Сондықтан, қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлемі үзіліп,
бөлшектеніп, бірнеше сөйлем боп берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде
болған тыныс белгілерінің (пунктуацияның) көбі қазақша тексте де мол қолданылады.
Сөйтіп, Тургеневтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұзынды-қысқалы көлемімен дәл
беріледі. Бұлай етудің себебі бар. Орыстың ұлы классикалық әдебиет үлгісін аудару
арқылы аударушы - жазушы мен өзім сол асыл нұсқаның шеберлігін үйренуге
тырысамын. Және, әсіресе, Тургеневті өз қалпында дәл беру арқылы сол шебердің анық,
нақтылы өзгешеліктерінің бәрімен өзіміздің оқушы жұртшылығымызды дәл таныстыруға
тырысамын. Сөйлемін дәл беру - жазушының стилін дәл беруге төтелей себепші болады.