Қазақстанның ашық кітапханасы
288
Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері мен совет әдебиет мұраларының да біраздарын
аударған менің де тәжірибем болушы еді. Тургеневтің осы романын аударуда сол
бұрынғы тәжірибелеріме, өзімше жаңалық ретінде, қостым ба деген ізденулерім бар.
"Дворян ұясы" романын бастырумен қатар, сол жаңағы, соңғы жай туралы оқушы
көпшіліктің сынына салмақ болған ойларым болғандықтан, осы кіріспені әдейілеп жазып
отырмын.
Тек сол аталған мәселелерге көшуден бұрын, И.С. Тургеневтің осы "Дворян ұясы" романы
туралы көпшілік оқушымызға таныстыру ретінде біраз сөз айтып өтейік.
Көркем сөздің шын шебері, жалғыз орыс әдебиеті ғана емес, дүниежүзілік көркем әдебиет
классиктерінің қатарында аталатын Иван Сергеевич Тургеневтің (1818-1883) "Дворян
ұясы" атты романы 1859 жылы жазылған. Автордың аз жылдар ішінде жазған бір топ ірі
романдарының ең көрнекті, көркемінің бірі осы "Дворян ұясы" болып танылған-ды. Бұл
романның айналасында туған Тургеневтің үлкен шығармалары "Рубин" 1856 жылы
жазылған. Өзге барлық басқа романдарыменен және көп көркем әңгімелерімен зор атаққа
ие болған Тургенев өзінің "Дворян ұясы" романымен де зор шеберліктің үлкен өріне
шыққанын танытып еді. Сондықтан да өзі туған отанында үлкен атаққа ие болумен қатар,
ол өзінің көзі тірісінде-ақ, Батыс Европаның да көп елдеріне аса мәлім, даңқты жазушы
болып үлгірген-ді. Солайша танылып, бағаланудың нәтижесінде, ол 1878 жылы Оксфорд
университетінен докторлық атағын алған, 1878 жылы Париждегі халықаралық әдебиеттік
конгрестің бастығына орынбасар боп сайланған. Батыстың ұлы жазушыларының
бірталайы Тургеневті өздерінің ұстазы деп таныған. Тургеневтің қабірінің басында Эрнест
Ренан: "Тургенев бар адам баласына тиісті жан" деген болатын.
Орыс әдебиеті көлемінің тарихтық орнын алғанда, "Дворян ұясы" романы - Пушкин
дәстүріне жақын, нақтылап айтқанда, "Евгений Онегин" дәстүрімен жалғас шыққан
шығарма. Романда да, поэмада да орыс табиғатының көрініс, уақиға баянына да және
геройлардың ішкі сезімдеріне де үнемі оралып, аралас суреттеледі.
"Дворян ұясы" да - тарихтық роман емес. Бірақ бұл - әлсіреп, солғын тартып бара жатқан
орыс дворяндарының тағдырымен байланысты болған тарихтық процесті көрсететін
роман. Көркемдік жағынан қарағанда, романның геройы Лаврецкийдің Васильевское
сияқты қаңырап, құлазып қалған ұяға қайтып оралған сапарын сипаттаған және туып -
өскен мекенін бейнелеген жерлері көркем прозаның аса шебер үлгісінің бірі болып
саналады. Бұл жолдарда Тургенев өзінің де туған жерін сағынған сезімін танытады. Ол
сезімде көп ырғақты толқындар, жарқын мұндар жазушының өз басынан кешкен сан
жырлардай көрінеді. Енді дворяндар жолы Россияның жаңғыруына бөгет болмаса,
көмекке жарамайтын кез жеткен еді, сондықтан да романның геройы Лаврецкий кітаптың
соңғы жағында өз жайын баяндап кеп: "Амансың ба, құлазыған кәрілік! Сөне бер,
пайдасыз тірлік" дейді. "Дворян ұясына" күз қайғысы оралған, кешкі қызық шапақ - өтер
шақ нұры түскен. Романда сол өткен шақ пен өлім жайы негізгі бір құлақ күйдей үн
салады. Бұл романда Тургенев өзі шыққан дворян ортасына, өзінің замандастарына,
олардың дәурені өткенін сарын етіп танытады және Россияда оянып келе жатқан жас
қуаттарға орын босату қажет екенін өкінішсіз, қынжыласыз қабыл алады. Бұл дворяндар
өмірі халық тілегінен, қоғам тірлігінен жырақтап, түгелімен қарақан қарабастың: не
шаттығына, не шер - зарына ғана бойсұнып кеткен еді. Сондықтан романдағы дворяндар -
заманы өтіп бара жатқан адамдар болып бейнеленеді, мұның айқын белгісін үлкен
ақындық шеберлікпен суреттеген Лиза Калитина бейнесінен байқауға болады.
Пушкиннің Татьянасымен қатар, Лиза да орыс әдебиетіндегі көркем бейненің бірі боп
қалыптанған. Лиза да, Татьяна сияқты, "орысжанды" қыз еді, бұған да ата-анасынан гөрі