Қазақстанның ашық кітапханасы
290
Стилін білсе, сол жазушының өзгешелік, ерекшелік қасиеттерін де толық танитын болады.
Олай болса, Тургеневті өзінің тургеневтік сөйлемдерімен, Гогольді гогольдік
периодтарымен, Л.Толстойды оның өзінің басқыштап келетін сөйлемдерімен, сол сияқты
Шолоховты және де өзінің сөйлем ерекшеліктеріменен дәл беруге тырысу керек.
Осылай жасалған тәжірибе оқушыға қонымды, көркем болып шыға алса, біз әуелі орыс
классигін өз қалпын бұлжытпай, толық берген боламыз. Өзіміздің тіл мәдениетімізді орыс
әдебиетінің жоғарғы сапа - тіл, сөйлем жасау мәдениетінің үлгісімен байыта түскен
боламыз. Бұл мақсаттардың бәрі де қазақ совет әдебиетінің бүгінгідей көркем прозасы
үдеп өсіп келе жатқан қарсаңында, үлкен негізгі мақсаттар болса керек. Әсіресе, осы
мәселе, біз сияқты жазба әдебиет мәдениеті, соның ішінде көркем прозасы кешен деп
туып, кенжелеп өскен туысқан елдер үшін - аса зор мәні бар мәселе сияқты көрінеді.
Тургеневтің романын өз тіл, стилімен дәл беруді мақсат еткендіктен, біз романның
геройларының аузына, немесе автордың аузына қазақтың мақал-мәтелі сияқты және тағы
басқа талай түрлі тіл кестесі, сөз айшығы, өрнегі сияқты ерекше, қазақша әшекей
бояуларды салмауға тырыстық. Себебі ондай қазақ әдебиеті тілінің өз көлемінде заңды
болатын, қазақ адамының немесе жазушысының сезуіне, ойлауына, айтуына қонымды боп
келетін, осы тілдің өз көлемінде ғана заңды, бірақ өзге тілдерде орасан өзгешелік түрінде
сезілетін сөз құрамдары мұндай орынға қолдануға қолайсыз болады деп білдік. Қысқасы,
қазақ тіліне аударылғанмен, Тургенев шығармаларына қазақтың тон - тымағын кигізу
керек емес дейміз. Міне, құрметті оқушыларға ұсынып отырған осы аударманың азын-
аулақ, осылайша өзгешеліктері бар екенін және ол өзгешеліктер белгілі дәрежеде
ізденудің нәтижесі екенін ескертеміз. Әрине, сол жайларды оқушының есіне салумен
қатар, жәрдемші, сын көмектеріне үлкен үміт ететінімізді және де ескертеміз.
МАЗМҰНЫ
«Қазақ республикасы қазақсыз қалады...» 2
Қазақ қалам қайраткерлеріне (Ашық хат) 2
«Шаншар» журналы 4
Жалпы театр өнері мен қазақ театры 7
Қазақстан мемлекет театры 23
САКУ-дің оқушылары мен оқытушылары 32
Бөлім мақсаты 33
Жаратылыстағы дағдылық 34