Қазақстанның ашық кітапханасы
27
Әрқайсысының ойынында, пьесаның адамын өзінше емін-еркін түсінген қырағы зеректік
бар. Әрбір ісі санаулы ерте күннен есептелген, бапталып дайындалған, барлық
қозғалыстары мағыналы, маңызды, әсерлі. Осы сияқты белгілер әрбір артистің өнеріндегі
негізгі бағытын іштей қалыптанған, айқын, ашық пішінді мінезін анықтап көрсеткендей
болады.
Өнер құлағы көрінгендей, қай-қайсысының болса да туыстан алған өнер сыйы кім-кімге
болса да бетін ашып, өзінің тесік моншақ екенін танытып тұр.
Осы ретте алған роліндегі Қара шешеннің мінезін, онан соң Дүрбі ханының мінезін
көрушіге өте айқын, сұлу бояумен өте ұғымды қылып, түрлендіріп көрсеткен бірінші
қатардағы еңбек Серкенікі сияқты.
Бұл әншейіндегі қозғалысы жоқ, отырысы көп, салмағы ауыр, салбыр, еріншек, кең
қолтық, балпаң қазақты сахнада жан беріп тірілтіп жылпың қылып жібере алады. Солай
болмай, театр сахна өнері болмайды. Біраз бояу бермесе, сахнада өнерлік пішін болмайды.
Мінез әсем болмайды. Тегінде, ат үсті болмаса, жаяу күйінде, әсіресе, жерде малдасын
құрып отырған уақытта қазақ — кісендеулі тұрған ат. Күн өзінің бір көрікті жылы шағын
мына батырдың ақылды, жылы көзінен білдіріп, танытып тұрған сияқтанады. Төңбектеп
алысқа шабатын жері қашық қазақ жүйрігінің кәрі қара қайратын Абылқай өзі де ұққан,
ұқтыра да біледі.
Осының орайына, заманының жыны сияқты таусылмайтын арамдық, сұмдық иесі
Әжіханды Қалыбек те әдемі суреттейді. Көп жұрттан ұрланғандай, Арқалықтың бетіне
тіктеп қарай алмай, сырт айнала беріп, сызданып суық қарайтын ала көз, бұл ханның бар
жайын баян еткендей болады. Тура қарасқанда, төменшіктеп жерге қарай үзіліп, сүзіле
береді де, мойын бұрылып Арқалықтың көзі тайғанда «алдадым, алдадым» деп кетеді.
Көп күлмейтін, көп шешіліп ағытылмайтын суық бетінде «ақ-қара» дегеніңді талғамай,
қара кесекке майды астарлап асағандай жаманшылық пен жақсылықты бір жерге үйіріп,
бітімдестіріп, өз керегіне түгел жарататын арсыздық, сезімсіздік сыры білінеді. Осымен
қатар сыртқа өзін бояп, сылап, қылмитып, жылтыратып көрсететін жасама жарастық,
машықтанған айдыны да бар. «Сен сонаны сүйт», — деп, сыр бермейтін зілменен
салмақтайтын тасқағары анық, ашық әмірлер заманындағы хан билігін елестетеді.
Таралған сымдай созылған, өзінше тәрбиелі маңызды хан. Қалыбек іштегі суық, арам
ниетпен жалғасқан сырттың сыпайы жасама көріністерін әдемі бітімдестіреді. Мұнда
мағынасы көп қалтарыс, бұлғағы мол ауыр мінезді трагедия геройларын әдемі ұғынатын
қырағылық, тереңдік бар. Қай рольді болса да бойлап кетіп, тереңдеп барып ерекше толық
ұғынатын сезімділік бар.
Ӏ
лгері өзін-өзі көп тәрбиелесе, істеп жүрген істерін өзінің
жүрегіне, миына толық қондырып алып, іштей көбірек толғайтын болса, мұның
алдындағы келешек тіпті зор сияқты. Мағыналы, іргелі, күшті суретшілік белгісі бар.
Өзінің таңдаулы роліне тап келгенде, осылар қатарлы тірлік көрсететін — Елубай. Бұл
көрсеткен диуана, жалпы диуаналық деген нәрсеге жасалған қатал сын, ең қатал жаза
сияқты. Әрине, өмірдің үлкен жауыздығы диуаналық емес. Ол шын дегенін бұзып -
жармайды. Көбінесе, адам қауымында диуаналық сорлылықпен шектеседі. Бұл күнге
шейін оның шала-мұла дәурені болса, бұдан былай ол жоғалады, өшеді. Сондықтан
онымен үлкен құрал ұстап алу керек емес. Күлкі, мазақпен де пендені жерге жаныштап
кетуге болады. Елубай осы құралды ұстанған. Ол диуаналықтың барлық диуанаша
мағынасыздығын, жауырынын бүрістіріп жіберіп, қалшылдап қызарып, күре тамырын
адырайтып қатып тұрып: «Ақ!» — деп жіберіп, қызыл көздерін қайшыландырып,
қылиландырып жібергенде, зал тегіс шашу шашқандай қуанады. Күлмейтін кісі қалмаса
керек.