Қазақстанның ашық кітапханасы
279
жасағанда мөлдір мағыналы, айқын түсінікті түрде дәл бере алмау себебінен ұғымға ауыр,
шұбалаңқы сөйлемдер кездесе береді.
Мұқановтың тілінде құрмалас сөйлем көбінше түсінікті, қонымды болумен қатар, көркем
проза тілінде салақтық көп. Сөздің көбі сөйлем ішінде көркем құрылыспен, терең
мағыналы, шешендік, шеберлікпен қабысып келмейді. Әсіресе екі адамды сөйлестіру
(диалог) жөнінде құрыш мазмұндылық аз болады, артық сөзділік көп. Мағына, мазмұн
жағынан босаң, сұйқыл сөйлемдер шығарма тілінің көркемділігін сұйылтып жібереді.
Мүсіреповтің тілінде мөлдір түсініктілік, көркемдік, қонымды шеберлік мол болумен
қатар, көп сөйлемдері көркем аударма есепті болып, жасандылық қалпына тарта береді.
Мұстафиннің тілінде оқушының айызын қандырып, үнемі сүйіндіріп отыратын
шеберліктер, тапқырлықтар екі адамның қысқа жауаптасқан диалогтерінде әдемі
қалыптанып отырады. Оның көп геройларының әзілдесу, сырласу, айтысып қағытысулары
анық бүгінгі кемеліне келе бастаған әдебиеттік тілімізге кеп тың афоризм сияқты
айшықтар қосып отырғаны бар. Бірақ, осымен қатар, адамдары ұзақ сөйлей бастаса,
монологке келгенде, тапқырлық азайып, ой кенеуі жүдеңдеп, шешендік пен көріктік
сыпаттары сұйылып, белбеуі босап кетеді.
Қазақтың халықтық сөздерін аса мол білетін Тоқмағамбетов нелер асыл қызғылықты
сөздерді қызықсыз түрде, әсіресе ой жағынан саяз, мардымсыз түрде арзан қолданады.
Алтынды киізге жапқандай ерсі сезіледі.
Жароковтың тілінде тасқын, қарқын, әсем айшық, өршіл көріктілік көп болғанмен, тілдік
теңеу, образдар жасауда алогизм жиі ұшырайды. Қолданған образының астарындағы ой,
логикалық желі, айқын мағына көңілге нанымды, кенеулі боп келе бермейді.
Бұдан басқа, бүгінгі біздің жазушылардан байқалатын бір үлкен олақтық көп
жазушылардың сөздігі шағын, тілі кедей. Бірталай ақындарымыздың көптен жазып
жүрген еңбектеріндегі сөздік қорға келсек, жиыны 5-6 мың сөзден аса қоймайтын мүлкі
ғана бар ма дейсің. Бұл кемшіліктен жас жазушылар ғана емес, егде жазушыларымыздың
да cay емесін айту керек. Тәжібаевтың өлеңінде үлкен сезімді сыршылдық бар. Сөз
қосарлары жалынды, жанды, шыншыл толқынмен келіп, өлең жолдарына ыстық әсерлілік
беріп отырады. Бірақ сөздік қоры осыншалық бай еместігі айқын байқалады. Ақындар
қолданатын әдебиет тілін алғанда, әрі жаңалық ізденуде, әрі қазақ тілінің сирек қазыналық
қасиеттерін талғай білуде, өзі шешен, өзі орамды шебер құрылыс Ормановтың тілінен
оқшау танылады.
Бұл айтылған қысқаша сын пікірлердің бәрі де, әр жазушының әдебиеттік тіл жасау
жолындағы еңбектеріне біздің әдебиетші оқымыстыларымыз бен сыншыларымыз және
әсіресе ғалымдарымыз нақтылап үңіле қарауды қажет етеді. Тегінде, жазушы өз халқының
тілін жақсы білсе де, жаңалықты өз шамасынша, әр алуан түрде кіргізуге еңбек етсе де, тіл
ғылымының жүйесін жасаушы ол емес. Біздің жазушылардың оңды-терісті тәжірибесін
қорытып, зерттеп, жақсы үлгілерінен жүйелі қорытынды, ғылымдық түйін түйіп отыру -
тіл ғалымдарының жұмысы. Бұған қарап, жазушы ана тілінің тарихын, грамматикасын,
ескілікті - жаңалықты байлығын зерттемесін, тереңдеп танып білмесін деген ой тумайды.
Қайта, әдебиетшілер мен сыншылар біздің жазушылардың тіл кедейлігін, олақтық
кемшіліктерін ашып және бұрынғы "Қобыланды" сияқты фольклор мұраларынан бастап,
берідегі Махамбет, Абайдың тіл байлықтарын түгел білмейтінін үнемі айтып отыру керек.
Оның үстіне, әсіресе қазіргі социалистік мәдениетіміздің әдебиет тілін жасауда,
жоғарыдағы саналған жолдармен көп ізденіп, ғылым-техника сөздіктерін және бүгінгі