Қазақстанның ашық кітапханасы
276
Бұл ретте, отырықшылық, егіншілік кәсібіне байланысты, өсімдік атаулары, көршілес
қазақ аудандарына, облыстарына сіңген өзбек сөздерінен, татар сөздерінен қашудың да
керегі жоқ. Мысалы, Жетісу облысының қазағы, туысқан қырғыз елімен ұзақ араласта
болғандықтан, сол қырғыздың көп сөзін қолданып, пайдаланады. Бұрынғы Жетісу
облысында қырғызбен, Сырдария облысында - өзбек, қарақалпақ, түрікменмен, Жайық,
Ертіс, Есіл өлкелерінде - татармен араласу арқылы көп сөздер алынған болса, сол
облыстардың қазақтары сол сөздерді өзіндік етіп баурап кеткен болса, біздің әдеби
тіліміздің одан қашуы жол емес. Мысалы, қырғыз тілі қазіргі Жамбыл, Алматы
облыстарының тіліне талай сөздер қосады екен. Сол өлкелердің қазағы "шоң", "тай еке",
"еже", "тайған", "шоғылу", "арбын" тәрізді сөздерді жиі қолданады. Қазақтың әдеби тілі өз
халқы қолданып жүрген бар сөзді мейлінше мол қолдану арқылы баю сатысында жаңағы
сөздерден безу де лайық емес.
Өзбек, татардан алғанда, олардың араб, иран тілінен алған, халыққа ұғымсыз жаргон
сөздерін алу керек емес. Бірақ, біздің тілімізбен тегі бір тілдер болғандықтан, кейде қазақ
қолданбай жүрген тың, көне сөздерді олар қолданып, сол сөздер қазақтың да көп
жерлеріне сіңген болса, бұдан қашудың орны жоқ.
Мысалы, қазақ "жамбыл" деген сөздің мәнісін білмейді. Ұлы ақынымыз Жамбылдың аты
неден болған деп сұраса, осы күнге шейін "Жамбыл" деген тау атымен аталған дейміз. Ал
өзбек тілінде жамбыл - гүлдің аты. Бұрынғы шақта, сол гүл көп шығатын тау
болғандықтан, таудың өзі де Жамбыл атанған. "Мартук" деген аттың - мартук шөбі көп
шыққандықтан бір өлкеге берілгені тәрізді.
Сталин жолдастың ұлы еңбегіне байланысты, орыстың бүгінгі әдеби тіл туралы орталық
баспа жүзінде пікірлескен орыс әдебиетшілері мен тілшілерінің мақалаларына қарасақ,
орыс халқының бұрынғы-соңғы әдебиетіне түскен сөздің барлығын толық пайдалану
керек дейді. "Слово о полку Игорове"-ден бастап, Маяковскийге шейін қолданған сөздік
қордың бәрі де орыстың советтік әдеби тілінің қазынасы деп танылып отыр. Пушкиннің
тіл қасиетін орыстың тілші ғалымдары мен әдебиетшілері құптап қостағанда, оның тілінде
орыстың бұрынғы әдеби тіліне көп әсер еткен церковно - славян сөздіктері, неше алуан
архаизмдер және өз тұсындағы Крестьян бұқарасының тілі молынан араласты деген
пікірді сүйсіне құптайды. Біздің бүгінгі әдеби тілімізді алсақ, әлі жазба, кітап
еңбектерімізге қазақ халқының барлық облыс, өлкелеріндегі тіл байлығы өте аз түсті деп
байлауымыз керек. Біз жазу - сызуға жаңадан ие болған елміз. Біздің жазба әдебиет
қорымыз өте аз ғана. Бұл жөнде зор табыс, мол байлықтар жазбаға түсе бастаған, даусыз
өскелең дәуір - қазақ совет әдебиетінің дәуірі.
Бірақ сол советтік жазба әдебиетіміздің өзіне де әлі халқымыздағы таза қазақ тілінің бар
байлығы, барлық ерекшеліктері, жергілікті өзгешеліктері мен сөздік байлығы түгел кіріп
болған жоқ. Бір өлкесінен бір өлкесі шалғай жатқан дала қазағының тілі тек социалистік
революция дәуірінде ғана советтік әдебиетіміздің тілі болып, түгел тоғысып отыр.
Тарихтық, мәдениеттік жағдай енді бізден қазақ халқының бар шет түкпірлеріндегі бұрын
оқшаулық, өзгешелік күйде жүрген сөздік қорлардың бәрін ортаға салып, түгел туыстыра,
араластыра қосып, пайдалануды тілейді.
Сыр бойының диқаншылық кәсібіне байланысты тіл өзгешеліктерін, сөздік байлықтарын
өздерінің шығармаларына молынан кіргізбей, өзге жер қазағына түсініксіз болады деп
тартынатын: Асқар, Әбділда, Қалмақан сияқты жазушылардың тәжірибесін кемшілік деп
бағалау керек.