Қазақстанның ашық кітапханасы
275
"жасанды әр алуандықты жою мақсатымен" деп дәлелдеп, орыс орфографиясы мен
туысқан елдер орфографиясы жөнінде заң ұсынды. "Орыс сөзі мен халықаралық атаулар
орыс тілі арқылы алғанда орыс орфографиясы бойынша жазылсын. Бұл атаулардың
жазылуына бұрмалау кірмесін" - деді.
"Осындай аса зиянды ұсыныс ұлт тілдерінің заңдарын күйретіп, орфографияда анархия
тудырады. Ана тілінде хат тануды нелер қиындыққа соқтырды. Жергілікті газеттер мен
журналдардың жұмыстарын да ауырлатты", - дейді Мординов.
Қазіргі кезде "Вопросы философии" бетінде бұл тыңнан көтеріліп отырған мәселе. Әрине,
Мординовтың ұсынысынан сингармонизмді түгел қостау туса, ол да дұрыс емес. Ендігі
алынатын, тыңнан кіретін атаулар мен орыс сөздерін бұрынғы ол тілдерден жырақ тұрған,
оқымаған кәрі әжелердің айтуына апарып, қайта салып отыру жол емес. Бірақ
"электричествоны" - "электр" деп алсақ, "электрификацияны" - "электрлеу" деп алсақ,
біздің қазіргі алып жүргеніміздей, "тік" жұрнағымен, немесе "изм"-мен алынып жүргені
сияқты мысалдарымыз бірталай атауларды тіліміздің заңына үйлестіре қолдануды
білдіреді. Осындай шаралар көп сөздің грамматикасы, орфографиясы жөнінде әлі де
сұрыптауды керек етеді.
Мысалы, орыс тілінде "род" бар, қазақ тілінде ол жоқ. Орыс тілінде жазылуы бір түрлі,
айтылуы екінші боп өзгеріп отыратын сөздер көп. Леп болмаған дауысты дыбыстың "о"
әрпі сияқтысы орысша айтуда "а"- ға ауысып отырады. Тіл мамандары бізден артық
табатын бұдан басқа мысалдар да көп.
Онан соң, қазақ тілінің агглютинатив бітіміне қарай, бізде сөз түбірі - есімдер мен етістікті
алсақ, көбінше бір буын, екі буыннан артық болмайды. Осыған жалғау, жұрнақтар, көптік
белгілер, жақ нышандары, тағы көп алуан үстеме буындар қосылу арқылы түбірдегі қысқа
сөз ұзақ боп кетеді. Орыс тілінен алынатын сөздер жөнінде тілдің осы ерекшеліктері де
ғылымдық түрде ұдайы ескерілуі қажет.
Біз жоғарыда қазақ жазушылары, ғылым, техника сияқты, қазақ тіліне молынан кірген сан
сала жаңалық атауларды қолданбайды дедік. Соларды тілдің грамматикалық көп
түрлеріне өзгертіп, өлең жолына қолданудың ақындарға қиын соғатыны да бар. Әсіресе
орыс сөзі мен шет сөздерді алу, жазудағы біздің бүгінгі орфографиямыз қиындық
туғызады. Өлең жолына дәл орысша орфографиясын аудармай кіргізсе, оған қазақтың
тіліндегі жаңағы аталған жалғау, жұрнақтар сияқты қосымша буындарды үстемелеп
жалғатса, өлең жолына сыймайтын шұбыртпа шығатыны даусыз. Кейде жазушы, ақындар
осындай атауларды грамматикалық өзгерістерімен пайдалануға баса қоймай, жалтарып
кетіп, сол мазмұнға төтеп бере алмаса да, маңайлас сөзді алады да, қиюлай салады. Әдеби
тілімізді өсіріп, байыту жөнінде, Сталин жолдастың еңбегіне байланысты, ойласу ретінде
сөз қозғағанда осы жайды да нық ескеруіміз керек.
Бұл жөнде орыс халқының тіліне өзіміздің туысқан елдер тілінен ауысып кірігіп отырған
сөздердің жазылуы мен айтылуын еске алуға да болады ғой. Революциядан бері орыс
тіліне қазақ сияқты барлық туысқан елдер тілінен кіріп жатқан сөздер көп. Сонда: жайлау,
ақын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық
жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па?
Советтік әдеби тіліміздің байып, өсуіне қосымша қорды біз қазір жалғыз ғана орыс тілінен
аламыз да қоямыз деп, кесіп байлау да дұрыс емес. Орыс халқының тілінен алудың үстіне,
қазақтың әдеби тіліне көршілес туысқан елдер тілінен келіп араласқан, біте қайнасып
кеткен көп сөздерден де жазба әдебиетіміз қашпау керек.