Қазақстанның ашық кітапханасы
273
Поэзияда Сәбиттің шабыттанып жазған көркем өлеңдері: "Сөз - советтік Армия", "Майға
сәлем", "Колхозды ауыл осындай" деген шығармаларын алсақ, бұнда орыс тілінен кірген,
қазақ оқушысына мейлінше түсінікті сөздерді Сәбит мағыналы, тың теңеулердің
қатарында, үлкен шеберлікпен қосады. Әдебиеттік жанрларды Совет Армиясының
аспандағы, жердегі айдынды күштерімен, құралдарымен салыстыра теңеу әрі соны, әрі
көңілге қонымды, құлаққа күйлі боп үйлеседі. Комбайннан аққан қызыл бидай тасқынын
домнадан аққан, еріткен асыл тасқынына балап сыпаттау да әрі тың, әрі әдемі, ойға толы
теңеу болып шығады. Халық даналығын жиған колхозшы қазақ қартының сөз, өнер
қазынасы және соның ойлы, саналы басын антологияға теңеу де әдебиеттік тілді жаңғырта
түскен жаңалық екенінде дау жоқ.
Осындай ізденушілік табыстар Тайырдың, Әбділданың және әсіресе, орамды, шебер,
қонымды боп оралатын Ғалидің, Қасымның тіл теңеулерінен де көп кездеседі. Жұмағали,
Әбу, Қалижан, Хамит, Сырбай шығармаларында осы түрдегі ізденулердің қызықты, нәрлі
үлгілерін оқушы сүйсіне танып отырады. Кейде орыс сөзін, қазақша толық төлеуі
болмағандықтан, жасанды, жеткіліксіз аудармаға салмай, әдейі арнап қолданатын ойлы
қолданыстар да болады.
Осы ретте, Әлжапардың соңғы пьесасына қойған "Бір семья" деген атының өзі де еске
алуға тұрарлық. Алғаш осы атты естігенде, "семья" деген сөз неге аударылмаған, "семья"
деген ұғымы болмаған елдің тілінде қаншалық тілдік береке бар" деп намыстанарлық сын
айтуға да болғандай еді. Бірақ ойлай келсек, "бір үйдің іші" деп аталса, жазушының
ойлаған мөлшерін қазақтың салттағы жаңағы сөзі қамтымайды. "Үй іші" - қазақ тілінің
әзіргі осы сөзді қолдану шамасында нақтылы бір ғана үйдің іші болады. Әке, шеше, бала-
шағадан құралған бір шөкім адам тобы ғана. Ал орыстың "семья" деген сөзі - сол
мағынаны берудің үстіне, "семья народов" деген, социалистік революция өсіріп, ұлғайта
түскен мағынаға мейлінше ие болған сөз. Сондықтан "бір семья" деген атаудың өзі ғана,
жаңа мағынасында орынды, заңды қолданған сөз боп кіріп отыр.
Совет жазушыларының ендігі бір қазақ әдебиет тілін жасаудағы іздену жаңалықтары -
сөйлем құрау, синтаксиспен байланысты. Ол - әсіресе проза, драматургия жағында
молырақ ұшырасатын өзгешеліктер. Біздің жазушылар орыс көркем әдебиетінен құрмалас
сөйлем құраудың үлгісін де алады және алуға тиіс те. Құрмалас сөйлемдер орынды,
көркем болып айтылатын, мөлдір мағыналы боп үйлескен шағында ойлы жазушының
талабын танытады.
Көркем әдебиетке құрмалас сөйлем мәдениетін орынды, келісті етіп кіргізу қазақтың
әдеби тілінің ендігі өсу сатысындағы өнімді ізденудің бір түрі болуында дау жоқ.
Ал бізде әдебиет шығармаларының тілін сөз ету ғылымдық дәрежеге жетпей келеді.
Әдебиет тарихшылары да бұл мәселелерге жете бойлап, нақтылы ғылымдық тексерулер
жасап жүрген жоқ. Тіл мамандарының көбі де қазақтың әдеби тілінің совет жазушылар
еңбегіндегі осы жаңа үлгіде сөйлем құрудағы ізденулерін, жаңалықтарын, табыстар мен
олқылықтарын зерттеу проблемасы етіп қамти алмай келеді. Бұл жолда алғашқы зерттеу,
талдау жұмысын бастап келе жатқан тек профессор Сауранбаев. Ол өзінің соңғы
зерттеуінде Сәбиттің, Ғабиттің, Мұхтардың синтаксистерін талдауды айрықша тақырып
етіп ала бастағанын аңғартты. Бұл - істің басы ғана. Бірақ, жалпы тілшілердің сөйлем
жайын зерттеген көп еңбектеріне қарасақ, совет әдебиетінде дамып, көркейіп келе жатқан
әдебиет тілінің сөйлемдік өзгешеліктерін аса саяз, үстірт, формалдық түрде ғана қамтиды.
Қай шығарманың қандайлық жаңалық өзгешеліктері, табыстық, сонылық белгісі бар? Қай
жазушының қандайлық шығармаларында жетіспеген олқылық, шалағайлықтар бар? Бұл
туралы тіл зерттеуші ғалымдарымыз ғылым тұрғысынан қарап, түйінді пікірлер айта