Page 272 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
272
Міне, осы аталып өткен ішкі-тысқы жай-жағдайдың барлығы да қазақ совет жазушылары
дамытып келе жатқан қазақтың әдеби тілінің біздің дәуіріміздегі орасан зор өзгешелігі.
Ескі қазақ әдебиетінде және Ыбырай, Абай еңбек еткен әдеби тілімізде бұндайлық тарихи
сапалы жағдай болмағандықтан, олар тудырған әдебиет тілі де советтік әдеби тілден
сонағұрлым кереғар, кейін жатқан кемтарлық, олқылықтар көп болған. Бізде XIX ғасыр
әдебиеті білмеген сан салалы әдебиеттік жанрлар туып, халықтағы тіл байлығын жазба
әдебиетке молынан түсірерлік жаңалықтар қосылды.
Октябрьдің жемісі болған қазақ совет әдебиетінің өсуінде, бұрынғы поэзия жанры ғана
емес, қалың романдары бар үлкен проза туды. Ұзынды-қысқалы әңгіме, очерк сияқты
жанрлар пайда болды. Сан алуан драматургия шығармалары жасалды. Журналистика
ұшан-теңіз өсті. Әдебиеттану ғылымы туды. Өзіне бөлек үздіксіз өсіп келе жатқан
ғылымдық сала болып тіл тану ғылымы өрістеп келеді.
Осындайлық ұлы өзгерістерге ілесе еңбек етіп отырған қазақ совет жазушысы баяғы,
байырғы, көне тілдің мүмкіншіліктерін пайдаланып қана отыра алмайды. Бүгінгі
жазушының ойлануы мен сезінуі және сол екеуін әдебиеттік сөздік арқылы, сөйлемдер
арқылы қалыптауы мүлдем жаңарып кетті. Шеберленген, мәдениеттенген қазақ тілімен
жазып отырған өлеңдерінде, қара сөздерінде, пьесаларында қазақ жазушысы барлық сезім
мен ойларын жаңаша, өзгеше сапада қалыптауға тырысады.
Міне, осы тұрғыдан қарасақ, қазақ совет жазушысы, қазақша жазып отырған күйінің
өзінде, бірталай ойын, сезімін, сөздік теңеулерін қазақ сөзінен құрғанмен, орыс
әдебиетінің тілі үлгісінде ойлап, қорытып құрайтыны болады. Аңдап байқаған оқушыға,
қазақтың бүгінгі көрнекті ақындары, прозаиктері, драматургтері жазып жүрген
еңбектерде, жаңағы айтылғандай, орысша ойлану, теңеулердің әдемі қорытылып алған
үлгілері үнемі ұшырап отырады. Бүгінгі қазақ совет жазушысының біреуінде осы
ерекшелік молырақ, біреуінде кемірек болса да, дәл осы алуандас жаңаша ізденуден,
жаңаша әдебиеттік тіл үлгісін көріктеуден сырт тұрған, құралақан жүрген бірде-бірі жоқ.
Рас, бұл қатарда айрықша баса айтатын бір ескерту және бар. Орыс тілінің мәдениетінен
қазақша әдебиет тіліне қонымды үлгі алғанда, оны қазақ сөзімен қалыптап, жаңғыртып,
өзгертіп бергенде, ең әуелі, сол көркем, шебер істелген қорытпа болсын. Бұл жөнде,
қылдай мін болса, одағай, өрескел боп тұрады. Жаңалық үлгіні алғанда, қазақ тілінің бар
заңына, күйлілік, көркемдік орамына, кестесіне қайнасып қосылғандай, жымы білінбестей
етіп араластыруы шарт. Болмаса, орысша ойлаған ой, табылған теңеу олақ аударма тәрізді
ойқы-шойқы келеді, таразы теріске ауады. Бұндай ізденуден жеміс тумай, сәтсіздік,
дәрменсіздік қана туады.
Біздің қазіргі әдеби тілімізді жазушылар шығармаларынан қадағалап қарағанда, өсу мен
дамудың жақсы үлгісі көп ұшырап отырумен бірге, жаңағы айтылғандай шикілік те
ұшырамайды емес. Бұл сияқты олқылық міндер жайын, кейінірек, молырақ түрде сөз
етеміз. Әзірше дұрыстық үлгілерден ой түйе келе айтатынымыз: бүгінгі әдебиет тіліміздің
өсуінде қазақ тілі қазақ совет жазушыларының орыс әдебиеті тәрбиесінен өткендік
нәтижесінде көп сапалы, қызықты жаңалыққа ие болып отыр дейміз.
Бұның мысалдарын біздің барлық ақындарымыздың шығармаларынан айқын көруге
болады. Тек ақындар ғана емес, көркем проза, драматургия жанрында еңбек ететін
жазушылардың тілінен де айқын аңдауға болады. Жазба поэзия осы үлгідегі
ізденудің(жалпы өлеңдік түр ізденушілігімен аралас) өнімді қызық үлгілерін Сәбиттің
ақындық еңбектерінен тану оңай. Тегінде, Сәбиттің поэзиядағы жаңалықтары көркем қара
сөз тілін жасаудағы ізденулерінен, табыстарынан әлдеқайда молырақ.